Хадис

Кутуб ситтә, № 492

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 492 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 52
492
Кутуб ситтә, № 492 · тараудағы реті: 52

وَعَنْ أَبِي يُونُسَ مَوْلَى عَائِشَةَ قَالَ: «أَمَرَتْنِي عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنْ أَكْتُبَ لَهَا مُصْحَفًا، وَقَالَتْ: إِذَا بَلَغْتَ هَذِهِ الْآيَةَ فَآذِنِّي: ﴿حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى﴾. فَلَمَّا بَلَغْتُهَا آذَنْتُهَا، فَأَمْلَتْ عَلَيَّ: حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى وَصَلَاةِ الْعَصْرِ، وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ. قَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: سَمِعْتُهَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айшаның (р.а.) азат еткен құлы Әбу Юнус былай дейді: «Әзірет Айша (р.а.) маған өзіне мұсхаф жазуды тапсырып: “‘Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте берік болыңдар’1 деген аятқа жеткенде, маған хабар бер”, – деді. Сол аятқа жетіп, оған хабар бердім. Ол маған: “Намаздарға, ортаңғы намазға және екінті намазына берік болыңдар. Алла алдында барынша кішірейіп, құлдық ұрып тұрыңдар”, – деп жаздырды. Содан соң: “Мұны Расулалладан (с.а.с.) естідім”, – деді».2

Түсіндірме

Әзірет Айшадан (р.а.) жеткен бұл риуаяттағы «және екінті намазына» деген тіркес Құран сөзі ретінде берілген. Оны тәпсірлік түсіндірме деп жорымасақ, шәзз қирағат деп қабылдаймыз.

Нәуәуи былай дейді: «Шәзз қирағат дәлел ретінде алынбайды әрі оған Алла елшісінің (с.а.с.) хадисі деп қарауға болмайды. Өйткені оны жеткізуші Құран ретінде жеткізген. Ал Құран ижмағ пен тәуәтур арқылы бекітіледі. Бұл риуаяттың Құранға жатпайтыны анықталған соң, оның хадис саналмайтыны да айқын болады». Нәуәуи мұны «Екінті намазы ортаңғы намазға “және” жалғаулығы арқылы тіркесіп тұр, демек, екеуі екі бөлек намаз» деген уәжге жауап ретінде айтқан.

  1. 1«Бақара» сүресі, 238-аят.
  2. 2Мүслим, Мәсәжид: 207 (№629); Әбу Дәуіт, Салат: 5 (№410); Тирмизи, Тәпсір, «Бақара»: 2 (№2986); Нәсәи, Салат (№472); Мәлик, «Муатта», Жамағат (8-кітап, 26-хадис).