وَفِي أُخْرَى لِلْخَمْسَةِ قَالَ: «أَخَذَ عَدِيُّ بْنُ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عِقَالًا أَبْيَضَ وَعِقَالًا أَسْوَدَ. حَتَّى كَانَ بَعْضُ اللَّيْلِ نَظَرَ فَلَمْ يَتَبَيَّنَا لَهُ، فَلَمَّا أَصْبَحَ قَالَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ: جَعَلْتُ تَحْتَ وِسَادَتِي خَيْطًا أَبْيَضَ وَخَيْطًا أَسْوَدَ. قَالَ: “إِنَّ وِسَادَتَكَ لَعَرِيضَةٌ إِنْ كَانَ الْخَيْطُ الْأَبْيَضُ وَالْخَيْطُ الْأَسْوَدُ تَحْتَ وِسَادَتِكَ”».
Бес жинақта келтірілген өзге бір риуаятта былай делінеді: «Ади ибн Хатим (р.а.) бірі ақ, бірі қара екі тұсау алды. Түн ішінде екеуіне қарап, бірін екіншісінен ажырата алмады. Таң атқанда Алла елшісіне (с.а.с.) “Жастығымның астына бір ақ, бір қара жіп қойдым”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) “Ақ жіп пен қара жіп жастығыңның астында болса, жастығың тым кең екен ғой” деп қалжыңдады».1
Түсіндірме
Ади таңның атқанын білу үшін жастығының астына қойған жіптер риуаяттарда әртүрлі сипатталады. Жоғарыдағы риуаятта олар түйенің аяғына салынатын тұсау деп көрсетілген.
Ақ пен қара жіп көкжиектен көрінетін күндізгі жарық пен түн қараңғылығын меңзейтінін ұққанда, Алла елшісінің (с.а.с.) «Жастығың тым кең екен ғой» деген қалжыңының астары ашылады.
- 1Бұхари, Тәпсір, «Бақара», 28-бап (4511), Ораза, 16-бап (1916). Мүслим, Ораза, 1090. Әбу Дәуіт, Ораза, 2349. Тирмизи, Тәпсір, 2974–2975 (өзге басылымда 2970–2971). Нәсәи, Ораза, 29-бап (4/148).