Хадис

Кутуб ситтә, № 458

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 458 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 18
458
Кутуб ситтә, № 458 · тараудағы реті: 18

وَعَنْ مُجَاهِدٍ قَالَ: سَمِعْتُ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ: «كَانَ فِي بَنِي إِسْرَائِيلَ الْقِصَاصُ، وَلَمْ تَكُنْ فِيهِمُ الدِّيَةُ، فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى لِهَٰذِهِ الْأُمَّةِ: ﴿كُتِبَ عَلَيْكُمُ الْقِصَاصُ فِي الْقَتْلَى الْحُرُّ بِالْحُرِّ وَالْعَبْدُ بِالْعَبْدِ وَالْأُنْثَى بِالْأُنْثَى فَمَنْ عُفِيَ لَهُ مِنْ أَخِيهِ شَيْءٌ فَاتِّبَاعٌ بِالْمَعْرُوفِ وَأَدَاءٌ إِلَيْهِ بِإِحْسَانٍ﴾. فَالْعَفْوُ: أَنْ يَقْبَلَ الرَّجُلُ الدِّيَةَ فِي الْعَمْدِ. ﴿فَاتِّبَاعٌ بِالْمَعْرُوفِ وَأَدَاءٌ إِلَيْهِ بِإِحْسَانٍ﴾: أَنْ يَطْلُبَ هَٰذَا بِالْمَعْرُوفِ وَيُؤَدِّيَ هَٰذَا بِإِحْسَانٍ. ﴿ذَٰلِكَ تَخْفِيفٌ مِنْ رَبِّكُمْ وَرَحْمَةٌ﴾ مِمَّا كُتِبَ عَلَى مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ. ﴿فَمَنِ اعْتَدَىٰ بَعْدَ ذَٰلِكَ فَلَهُ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾: قَتَلَ بَعْدَ قَبُولِ الدِّيَةِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мужаһид Ибн Аббастың (р.а.) былай дегенін естіген: «Исраил ұрпақтарында қысас бар еді, ал құн төлеу үкімі болмаған. Алла тағала осы үмбетке былай деді: “Кісі өлтіру мәселесінде сендерге қысас (яғни қанға қан ұстанымы) парыз етілді. Азат адамға азат адам, құлға құл және әйелге әйел. Ал кімде-кімге бауыры (яғни өлгеннің мұрагерлері) кешірім берсе, кінәлі жақ (өлген адамның) құнын жақындарының көңілінен шығатындай етіп (кешіктірмей әрі толық) төлесін”1. Мұндағы “кешірім” – қасақана кісі өлтірілгенде жәбір көрген жақтың қысастың орнына құн алуға келісуі. “Әдет-ғұрыпқа сай әрекет ету және кешірген жаққа құнын тиісті түрде төлеу” дегені – жәбір көрген жақтың құнды жөн-жосығымен сұрауы, кінәлі жақтың оны лайықты түрде өтеуі. “Міне, бұл – Раббыларың тарапынан жасалған жеңілдік һәм мейірім” деген сөз – сендерден бұрынғыларға жүктелген міндеттің сендер үшін жеңілдетілгенін білдіреді. “Ал енді кімде-кім осыдан кейін шектен шықса, ол үшін жан төзгісіз азап бар” деген сөз құн алуға келіскеннен кейін кісі өлтірген адамға қатысты».2

Түсіндірме

Исламда кісі өлтіру, жарақат салу, дене мүшесін зақымдау сияқты адамға қарсы қылмыстарға қысас негізгі жаза ретінде қарастырылған. Бұл үкім Исраил ұрпақтарында да болған. Аят осы үмбетке жеңілдік ретінде құн төлеуге жол берілгенін баяндайды.

1. Қысас. Сөздің түпкі мағынасы – теңдік, бір нәрсенің ізімен жүру, оған тең өтем беру. Фиқһта қысас деп қылмысқа соған сай жаза белгілеуді айтады. Шариғатта бұл кісі өлтірген адамға өлім жазасын қолдануды немесе жарақат салған адамның тиісті мүшесіне келтірілген залалға тең жаза қолдануды білдіреді.

2. Құн. Қылмыс салдарынан зардап шеккен адамға немесе оның мұрагерлеріне өтем ретінде төленетін мал-мүлік.

3. Ғұламалар бұл аятты әртүрлі түсіндірген. Көпшілігі қысасты толық қолдану үшін екі тараптың тең болуын шарт деп санаған. Аятта «азат адамға азат адам, құлға құл, әйелге әйел» делінеді. Осыдан «Азат адам құлды, әйел еркекті немесе азат адамды, еркек әйелді өлтірсе, қысас толық қолданыла ма?» деген сұрақ туады. Көпшілік ғалымның пікірінше, қысас толық қолданылуы үшін екі тарап аятта көрсетілгендей тең болуы керек.

Куфалық ғұламалар, яғни ханафилер, азат адамға құл үшін де, мұсылманға зымми үшін де қысас қолданылады деп есептеген. Олар бұған «Тәуратта оларға мына үкімді жаздық: жанға жан»3 деген аятты дәлел еткен.

Шафиғилер: «Бұл аят бұрынғы қауымның шариғаты туралы хабар береді. Ол шариғат бізге міндетті үкім бола алмайды», – деген.

4. Фиқһ кітаптарында жан-жақты түсіндірілген осы аяттан шығатын тұжырымның бірі – жеке адамға қарсы қылмыстарда тең жаза қолдану мүмкін болса, қысас негізгі үкім саналады. Бұған қол, саусақ не құлақтың кесілуі, көзден айырылу сияқты жағдайлар жатады. Ал терең жарақат салу, сүйек сындыру секілді жағдайларда жаза мен залалды теңестіру қиын болғандықтан, қысас қолданылмайды.

5. Қысастың мақсаты. Бүгінгі таңда Исламның қысас үкімін сынайтындар кездеседі. Исламда қысас әділдікті орнату, жәбір көрген адамның ақысын өтеу және адамның өмір сүру құқығын қорғау үшін бекітілген. Аятта: «Уа, ақыл иелері! Қысаста сендер үшін өмір бар!» – делінеді. Дүниежүзінде зорлық-зомбылық өршіп отырған шақта, адамзат қысастың мәніне қайта үңілуі керек. Себебі қылмысқа сай жаза тағайындалмай, жаза жеңілдей берген сайын, оның қылмыстан тежеу күші азаяды.

Осы жағдай Исламдағы қатаң жазалардың мәніне, әсіресе қысас үкіміне назар аударуды қажет етеді. Адамның жаратылысын ең жақсы білетін – оның Жаратушысы. Сондықтан адам табиғатына ең үйлесімді заң – Алланың заңы. Адамдар өз қалауына сүйеніп шығарған заңдары адам табиғатына үйлеспесе, күткен нәтиже бермейді.

  1. 1«Бақара» сүресі, 178-аят.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, «Бақара», 23 (4498), Дият, 8; Нәсәи, Қасама, 27 (4781).
  3. 3«Мәида» сүресі, 45-аят.