Хадис

Кутуб ситтә, № 453

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 453 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 13
453
Кутуб ситтә, № 453 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا وُجِّهَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِلَى الْكَعْبَةِ، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، كَيْفَ بِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ مَاتُوا وَهُمْ يُصَلُّونَ إِلَى بَيْتِ الْمَقْدِسِ؟ فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿وَمَا كَانَ اللَّهُ لِيُضِيعَ إِيمَانَكُمْ﴾». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға бет бұруға бұйырылғанда, мұсылмандар: “Уа, Алланың елшісі! Бәйтул-Мақдиске қарап намаз оқып жүргенде дүние салған бауырларымыздың жайы не болмақ?” – деп сұрады. Сонда Алла тағала: “Алла имандарыңды (яғни имандағы табандылықтарыңды һәм сол иманның бірден-бір дәлелі болған бұрынғы құбылаға қарап оқыған намаздарыңның ешбірін) зая етпейді”1, – деген аятты түсірді».2

Түсіндірме

Құбыланың ауысуына қатысты аят пен риуаяттардан ғұламалар мынадай тұжырымдар шығарған:

1. Үкімнің күшін жоюға, яғни насыхқа жол беріледі. Ғұламалардың басым көпшілігі осы пікірді ұстанған. Насыхты теріске шығарғандар аз болған. Құбыланың ауысуына байланысты аяттың түсуі – насыхтың айқын дәлелі.

2. Көпшілік ғұламалардың пікірінше, сүннет Құрандағы үкімдердің күшін жоя алады.

3. Хабарды естіген бойда өзгелерге жеткізіп, соған сай амал етуге болады. Құбыланың ауысқаны туралы хабарды жеткізгенде, бір топ жамағат намаз үстінде жүздерін Қағбаға бұрған. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.) оларға: «Неге хабардың анық-қанығына көз жеткізбедіңдер?» – деп ескерту жасамаған.

4. Үкім өзгергенге дейін бұрынғы үкімге сай жасалған амалдар жарамды болып қала береді.

5. Алла елшісінің (с.а.с.) істері мән-жайына қарай уәжіп, сүннет немесе мұстахаб саналады.

6. Намаз оқып тұрмаған кісі намаз үстіндегі адамға қажет нәрсені ескерте алады.

7. Намаз үстінде сырттан естілген дыбысқа құлақ түру намазды бұзбайды.

  1. 1«Бақара» сүресі, 143-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, Сүннет, 16 (4680); Тирмизи, Тәпсір, «Бақара» (2964; басқа басылымда 2968).