Хадис

Жеуге тыйым салынған тағамдар

Кутуб ситтә, 9-том, 534-тарау · 7 хадис · № 3934–3940

Хадистер

3934
Кутуб ситтә, № 3934 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағлаба әл-Хушәни (р.а.)

عَنْ أَبِي ثَعْلَبَةَ الْخُشَنِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَهَى عَنْ أَكْلِ كُلِّ ذِي نَابٍ مِنَ السِّبَاعِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. زَادَ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ فِي رِوَايَةٍ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ: «وَكُلِّ ذِي مِخْلَبٍ مِنَ الطَّيْرِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Сағлаба әл-Хушанидің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) азу тісті жыртқыш аңдардың етін жеуге тыйым салды.

Мүслим, Әбу Дәуіт және Нәсәи Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятта: «Сондай-ақ өткір тырнақты жыртқыш құстардың етін жеуге де тыйым салды», – делінген.1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) жабайы аңдар мен жыртқыш құстардың қайсысының еті желінбейтінін ажырататын өлшемді көрсетеді.

Аңның өткір азу тісі араб тілінде «наб» деп аталады. Арыстан, қасқыр, қабылан, піл, маймыл секілді жануарлар осы топқа жатқызылады. Жыртқыштар осы тісінің күшімен жемтігін аулап жейді.

«Михлаб» сөзі жыртқыш құстың өткір әрі қарымды тырнағын білдіреді. Ол жыртқыш аңның азу тісіне ұқсас қызмет атқарады. Бүркіт, күшіген, қаршыға, сұңқар секілді құстар осы топқа жатады. Тирмизиде Жәбирден (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) үй есегі мен қашырдың, өткір азу тісті жыртқыш аңдардың және өткір тырнақты жыртқыш құстардың етін жеуге тыйым салды», – делінген.

Фиқһ ғалымдары хадисті қалай қолдану керегіне қатысты түрлі пікір айтқан. Азу тісті жабайы аңдардың қайсысын жеуге болмайды?

Әбу Ханифаның пікірінше, етпен қоректенетін аңдар жыртқышқа жатады. Ол бұл қатарға пілді, келес кесірткесін, дала тышқанын және мысықты да қосады.

Шәфиғидің пікірінше, арыстан, қабылан, қасқыр сияқты адамға шабуылдайтын аңдар жыртқышқа жатады. Ол қорқау мен түлкіні адамға шабуылдамайды деп, етін адал санаған.

  1. 1Бұхари, Забаих, 29; Мүслим, Сайд 12.16 (1932, 1933); Тирмизи, Атғима 1, (1477, 1478, 1479); Әбу Дәуіт, Атғима 33, (3802, 3803, 3805); ибн Мәжа, Сайд 13, (3232, 3234); Нәсәи, Сайд 30, 31, (7, 202, 204).
3935
Кутуб ситтә, № 3935 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ أَهْلُ الْجَاهِلِيَّةِ يَأْكُلُونَ أَشْيَاءَ، وَيَتْرُكُونَ أَشْيَاءَ تَقَذُّرًا، فَبَعَثَ اللَّهُ تَعَالَى نَبِيَّهُ ﷺ، وَأَنْزَلَ كِتَابَهُ، وَأَحَلَّ حَلَالَهُ، وَحَرَّمَ حَرَامَهُ، فَمَا أَحَلَّ فَهُوَحَلَالٌ، وَمَا حَرَّمَ فَهُوَحَرَامٌ، وَمَا سَكَتَ عَنْهُ فَهُوَعَفْوٌ، وَتَلَا قَوْلَهُ تَعَالَى: ﴿قُل لَّآ أَجِدُ فِي مَآ أُوحِيَ إِلَىَّ مُحَرَّمًا عَلَىٰ طَاعِمٍ يَطْعَمُهُۥٓ إِلَّآ أَن يَكُونَ مَيْتَةً﴾ الْآيَةُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Жаһилия жұрты кей тағамды жеп, кейбірін лас санап жемейтін. Алла Тағала пайғамбарын жіберіп, Кітабын түсірді, адалды адал, харамды харам етті. Ол адал еткен нәрсе – адал, харам еткені – харам. Ал үкім айтпаған нәрсесі – кешірілген».

Содан соң Ибн Аббас «Әнғам» сүресінің 145-аятын оқыды. ﴿قُل لَّآ أَجِدُ فِى مَآ أُوحِىَ إِلَىَّ مُحَرَّمًا عَلَىٰ طَاعِمٍ يَطْعَمُهُۥٓ إِلَّآ أَن يَكُونَ مَيْتَةً أَوْ دَمًا مَّسْفُوحًا أَوْ لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنَّهُۥ رِجْسٌ أَوْ فِسْقًا أُهِلَّ لِغَيْرِ ٱللَّهِ بِهِۦ فَمَنِ ٱضْطُرَّ غَيْرَ بَاغٍ وَلَا عَادٍ فَإِنَّ رَبَّكَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Ендеше, оларға: “Маған келген уахидан осы айтқандарыңның ешбірінің жегісі келген жанға харам етілгенін көрген жоқпын. Тек өлексе, ағызылған қан, доңыз еті, өйткені ол нас, арам жануар немесе Алладан өзгенің атымен шалынған мал болса, оның жөні басқа. Алайда бұлардан жеуге мәжбүр болған жағдайда, мұқтаждық шегінен асырмау һәм біреудің ақысына қол сұқпау шартымен жесе болады. Шүбәсіз, Раббың өте кешірімді, ерекше мейірімді!” – деп айт».1»

Түсіндірме

Бұл риуаят жаһилия дәуіріндегі арабтардың иләһи үкімге сүйенбей, көңіліне жаққан асты жегенін, лас көргенін жемегенін көрсетеді. Исламда қандай тағам адал, қайсысы харам екені Алланың нұсқауымен белгіленді. Ал үкім айтылмаған тағамдар бұл шектеуден тыс қалды.

Ибн Аббас (р.а.) осыны айтқаннан кейін Құранның харам тағамдар туралы аятын оқыды. Түсіндірмешілер мұны жаһилия әдетіне білдірілген қарсылық деп түсінеді. Ибн Аббас тағамды әуеске қарап таңдау мен одан бас тартудың қате екенін көрсетіп, Ислам белгілеген адал мен харам өлшеміне сүйену керегін білдірген. Мәселен, арабтар бахира, саиба, уасила, хам деп атаған түрлі түйелерді харам санап, жемейтін. Алла елшісіне (с.а.с.) мұндай нанымның Құранда негізі жоқ екенін хабарлау бұйырылды. Аят харам тағамдарды жеке-жеке атап, бұлардан өзге тағамдардың харам етілмегенін білдіреді. Сонымен бірге «Алла харам етпегенді қандай негізге сүйеніп харам дейсіңдер?» деген мағынада олардың ұстанымын теріске шығарады.

Ғалымдар осы аяттың үкімі жөнінде үш түрлі пікір айтқан.

1) Аяттың үкімі сүннетпен өзгертілген. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) үй есегінің, өткір тырнақты жыртқыш құстардың және азу тісті жыртқыш аңдардың етін жеуге тыйым салған.

2) Аяттың үкімі өзгермеген (мұхкам). Онда аталғандардан өзге харам тағам жоқ. Айша анамыз (р.а.) осы пікірде болған.

3) Зуһри және Мәлик бір пікірінде: «Аяттың үкімі өзгермеген, оған сүннетте харам делінгендер де қосылады», – деген. Мұның кейбір қыры жоғарыда түсіндірілді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Атғима», 31 (№3800). «Әнғам» сүресі, 145-аят.
3936
Кутуб ситтә, № 3936 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ قَبِيصَةَ بْنِ هُلْبٍ الطَّائِيِّ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَسَأَلَهُ رَجُلٌ، فَقَالَ: إِنَّ مِنَ الطَّعَامِ طَعَامًا أَتَحَرَّجُ مِنْهُ، فَقَالَ: لَا يَتَخَلَّجَنَّ فِي صَدْرِكَ شَيْءٌ ضَارَعْتَ فِيهِ النَّصْرَانِيَّةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «التَّحَرُّجُ»: التَّأَثُّمُ. وَقَوْلُهُ «لَا يَتَخَلَّجَنَّ»: يُرْوَى بِالْمُعْجَمَةِ وَغَيْرِ الْمُعْجَمَةِ، وَمَعْنَاهُمَا مُتَقَارِبٌ، وَمَعْنَاهُ: يَدْخُلُ فِي قَلْبِكَ مِنْهُ رَيْبَةُ، أَوْ يَتَحَرَّكُ فِيهِ شَئٌّ مِنَ الشَّكِ، وَالِاخْتِلَاجُ: الْحَرَكَةُ. وَقَوْلُهُ: «ضَارَعْتَ»: أَىْ شَابَهْتَ وَمَاثَلْتَ.

Қазақша аудармасы

Қабиса ибн Һулб әкесінің (р.а.) былай дегенін жеткізеді: «Бір кісінің Алла елшісінен (с.а.с.): “Кейбір асты жеуге жүрексінемін. Күнә болып қала ма деп қорқамын”, – дегенін естідім. Алла елшісі (с.а.с.): “Көңіліңе күмән ұялатпа. Әйтпесе христиандарға ұқсап қаласың”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте бір сахабаның дінде адал саналған кей асты «жесем, күнәға қалмаймын ба?» деп күмәнданғаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) оның күмәнінің орынсыз екенін білдірген. Хаттаби бұл сөзді былай түсіндіреді: «Көңіліңе күмән ұялатпа. Бұлай күмәндансаң, христиан дінбасыларына ұқсап қаласың. Күмәнға негіз жоқ. Сен кеңшілік пен жеңілдікке құрылған ханиф дінін ұстанасың. Орынсыз күмәнға беріліп, өзіңе қиындық тудырсаң, христиан дінбасыларының жолына ұқсап кетесің».

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 24, (3784); Тирмизи, Сияр 16, (1565).
3937
Кутуб ситтә, № 3937 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كُلُّ ذِي نَابٍ مِنَ السِّبَاعِ فَأَكْلُهُ حَرَامٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Азу тісті жыртқыш аңның етін жеу – харам», – деді.1

  1. 1Мүслим, Сайд 15, (1933); Муатта, Сайд 14, (2, 496); Тирмизи, Сайд 3, (1479); Нәсәи, Сайд 28, (7, 200).
3938
Кутуб ситтә, № 3938 · тараудағы реті: 5

وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَى: «نَهَى عَنْ أَكْلِ كُلِّ ذِي نَابٍ مِنَ السِّبَاعِ، وَكُلِّ ذِي مِخْلَبٍ مِنَ الطَّيْرِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің басқа риуаятында: «Азу тісті жыртқыш аңның және өткір тырнақты жыртқыш құстың етін жеуге тыйым салды», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл мәселе №3934 хадистің түсіндірмесінде қарастырылды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 33, (3802); Бұхари, Сайд 29, Тибб 57; Мүслим, Сайд 12, (1932); Муатта, Сайд 13, (2, 496); Нәсәи, Сайд 28, (7, 201).
3939
Кутуб ситтә, № 3939 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ خَالِدِ بْنِ الْوَلِيدِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ أَكْلِ لُحُومِ الْخَيْلِ وَالْبِغَالِ وَالْحَمِيرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Халид ибн әл-Уәлидтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) жылқының, қашырдың және есектің етін жеуге тыйым салды.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Атғима», 26 (№3790). Нәсәи, «Сайд», 30 (7/202, №4332).
3940
Кутуб ситтә, № 3940 · тараудағы реті: 7

وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَى: «غَزَوْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَوْمَ خَيْبَرَ، فَأَتَتِ الْيَهُودُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَشَكَوْا أَنَّ النَّاسَ قَدْ أَسْرَعُوا إِلَى حَظَائِرِهِمْ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَلَا لَا تَحِلُّ أَمْوَالُ الْمُعَاهِدِينَ إِلَّا بِحَقِّهَا، وَحَرَامٌ عَلَيْكُمْ حُمُرُ الْأَهْلِيَّةِ وَخَيْلُهَا وَبِغَالُهَا، وَكُلُّ ذِي نَابٍ مِنَ السِّبَاعِ، وَكُلُّ ذِي مِخْلَبٍ مِنَ الطَّيْرِ». الْمُرَادُ بِالْمُعَاهَدِيْنَ هُنَا: أَهْلُ الذِّمَّةِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің басқа риуаятында Халид ибн әл-Уәлид (р.а.) былай дейді: «Хайбар шайқасына Алла елшісімен (с.а.с.) бірге қатыстым. Бір топ яһуди Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, адамдардың мал қораларына баса-көктеп кіргеніне шағымданды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Келісім жасасқан жұрттың1 мал-мүлкін хақсыз алуға болмайды. Сендерге үй есегінің, жылқы мен қашырдың, азу тісті жыртқыш аңдар мен өткір тырнақты жыртқыш құстардың етін жеу харам”, – деді».2

Түсіндірме

Бұл риуаятта жылқы еті харам саналғандықтан, ол жоғарыда келтірілген сахих хадистерге қайшы келеді. Жылқы етіне қатысты мәселе №3915 және №3916 хадистерде кеңірек түсіндірілді.

  1. 1Әһлі зимма – мұсылман мемлекетінің қорғауында, келісіммен өмір сүрген өзге дін өкілдері.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Атғима», 33 (№3806). Халид ибн әл-Уәлидтен жеткен осыған ұқсас нұсқа: Нәсәи, «Сайд», 30 (7/202, №4332).