وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ أَهْلُ الْجَاهِلِيَّةِ يَأْكُلُونَ أَشْيَاءَ، وَيَتْرُكُونَ أَشْيَاءَ تَقَذُّرًا، فَبَعَثَ اللَّهُ تَعَالَى نَبِيَّهُ ﷺ، وَأَنْزَلَ كِتَابَهُ، وَأَحَلَّ حَلَالَهُ، وَحَرَّمَ حَرَامَهُ، فَمَا أَحَلَّ فَهُوَحَلَالٌ، وَمَا حَرَّمَ فَهُوَحَرَامٌ، وَمَا سَكَتَ عَنْهُ فَهُوَعَفْوٌ، وَتَلَا قَوْلَهُ تَعَالَى: ﴿قُل لَّآ أَجِدُ فِي مَآ أُوحِيَ إِلَىَّ مُحَرَّمًا عَلَىٰ طَاعِمٍ يَطْعَمُهُۥٓ إِلَّآ أَن يَكُونَ مَيْتَةً﴾ الْآيَةُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Жаһилия жұрты кей тағамды жеп, кейбірін лас санап жемейтін. Алла Тағала пайғамбарын жіберіп, Кітабын түсірді, адалды адал, харамды харам етті. Ол адал еткен нәрсе – адал, харам еткені – харам. Ал үкім айтпаған нәрсесі – кешірілген».
Содан соң Ибн Аббас «Әнғам» сүресінің 145-аятын оқыды. ﴿قُل لَّآ أَجِدُ فِى مَآ أُوحِىَ إِلَىَّ مُحَرَّمًا عَلَىٰ طَاعِمٍ يَطْعَمُهُۥٓ إِلَّآ أَن يَكُونَ مَيْتَةً أَوْ دَمًا مَّسْفُوحًا أَوْ لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنَّهُۥ رِجْسٌ أَوْ فِسْقًا أُهِلَّ لِغَيْرِ ٱللَّهِ بِهِۦ فَمَنِ ٱضْطُرَّ غَيْرَ بَاغٍ وَلَا عَادٍ فَإِنَّ رَبَّكَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Ендеше, оларға: “Маған келген уахидан осы айтқандарыңның ешбірінің жегісі келген жанға харам етілгенін көрген жоқпын. Тек өлексе, ағызылған қан, доңыз еті, өйткені ол нас, арам жануар немесе Алладан өзгенің атымен шалынған мал болса, оның жөні басқа. Алайда бұлардан жеуге мәжбүр болған жағдайда, мұқтаждық шегінен асырмау һәм біреудің ақысына қол сұқпау шартымен жесе болады. Шүбәсіз, Раббың өте кешірімді, ерекше мейірімді!” – деп айт».1»
Түсіндірме
Бұл риуаят жаһилия дәуіріндегі арабтардың иләһи үкімге сүйенбей, көңіліне жаққан асты жегенін, лас көргенін жемегенін көрсетеді. Исламда қандай тағам адал, қайсысы харам екені Алланың нұсқауымен белгіленді. Ал үкім айтылмаған тағамдар бұл шектеуден тыс қалды.
Ибн Аббас (р.а.) осыны айтқаннан кейін Құранның харам тағамдар туралы аятын оқыды. Түсіндірмешілер мұны жаһилия әдетіне білдірілген қарсылық деп түсінеді. Ибн Аббас тағамды әуеске қарап таңдау мен одан бас тартудың қате екенін көрсетіп, Ислам белгілеген адал мен харам өлшеміне сүйену керегін білдірген. Мәселен, арабтар бахира, саиба, уасила, хам деп атаған түрлі түйелерді харам санап, жемейтін. Алла елшісіне (с.а.с.) мұндай нанымның Құранда негізі жоқ екенін хабарлау бұйырылды. Аят харам тағамдарды жеке-жеке атап, бұлардан өзге тағамдардың харам етілмегенін білдіреді. Сонымен бірге «Алла харам етпегенді қандай негізге сүйеніп харам дейсіңдер?» деген мағынада олардың ұстанымын теріске шығарады.
Ғалымдар осы аяттың үкімі жөнінде үш түрлі пікір айтқан.
1) Аяттың үкімі сүннетпен өзгертілген. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) үй есегінің, өткір тырнақты жыртқыш құстардың және азу тісті жыртқыш аңдардың етін жеуге тыйым салған.
2) Аяттың үкімі өзгермеген (мұхкам). Онда аталғандардан өзге харам тағам жоқ. Айша анамыз (р.а.) осы пікірде болған.
3) Зуһри және Мәлик бір пікірінде: «Аяттың үкімі өзгермеген, оған сүннетте харам делінгендер де қосылады», – деген. Мұның кейбір қыры жоғарыда түсіндірілді.
- 1Әбу Дәуіт, «Атғима», 31 (№3800). «Әнғам» сүресі, 145-аят.