Хадис

Кутуб ситтә, № 3966

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
537. Той асы (уәлима)
Нөмірі
№ 3966 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
3966
Кутуб ситтә, № 3966 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: طَعَامُ الْوَلِيمَةِ أَوَّلَ يَوْمٍ حَقٌّ، وَالثَّانِي سُنَّةٌ، وَالثَّالِثُ سُمْعَةٌ، وَمَنْ سَمَّعَ سَمَّعَ اللَّهُ بِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғудтың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Алғашқы күнгі той асы – хақ, екінші күнгісі – сүннет, үшінші күнгісі – жұртқа естіртіп, атақ шығару. Кім ісін жұрт естісін деп жасаса, Алла оның ниетін әшкерелейді», – деді.1

Түсіндірме

Хадис той асын екі күн беруге рұқсат екенін, одан арғысы атақ шығару ниетіне (сумға) ұласатынын білдіреді.

Алғашқы күнгі астың «хақ» аталуы оның шариғатқа сай екенін, ас беріп, шақырылғанда барудың қажеттігін аңғартады. Жоғарыда айтылғандай, кейбір ғалымдар ас беруді уәжіп санаған. Ал шақыруды қабыл алуды ғалымдардың дені уәжіп дейді, уәжіп санамағандары бекітілген сүннетке жатқызған. Бұл хадис оны уәжіп санайтындардың дәлелдерінің бірі.

Екінші күннің «сүннет» аталуы қалыптасқан ғұрыпқа, жұрт орынды санайтын іске қатысты. Бір риуаятта «сүннет» орнына «мағруф» делінген, яғни бұл іс теріс саналмайды, оны жатсынудың қажеті жоқ.

Үшінші күнге қатысты «сумға» сөзін «жұрт естісін» деп аудардық. Бұл – істегенін елге естіртіп, рияға салыну. Әбу Дәуіттің бір риуаятында үшінші күнгі ас «сумға және рия» деп аталған.

Жұрт естісін деп іс қылған адамның Алла тарапынан сондай жауап алуы – Қиямет күні оның риясының махшар жұрты алдында әшкере болуы. Өзін жомарт етіп көрсеткісі келген адамның өтірігі мен екіжүзділігі сол күні Арасат жұртына мәлім болады. Тиби былай дейді: «Алла бір құлына нығмет берсе, оны шүкіршілікпен еске алу құлға уәжіп. Бірінші күнгі кемшіліктерді толықтыру үшін екінші күні де ас беру мұстахаб. Өйткені сүннет уәжіпті толықтырады. Үшінші күнгі ас рия мен мақтанға айналады. Қонаққа шақырылған кісінің бірінші күні баруы уәжіп, екінші күні мұстахаб, үшінші күні мәкрүһ, тіпті харам болуы мүмкін». Әли әл-Қари бұл хадисті той асын жеті күнге созуды мұстахаб санаған Имам Мәликтің шәкірттеріне берілген нақты жауап деп түсінген.

Шафиғи мен ханбали ғалымдары осы хадиске сүйеніп амал еткен.

  1. 1Тирмизи, Никах 10, (1097).