Хадис

Кутуб ситтә, № 3975

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
539. Фәрәғ пен атира
Нөмірі
№ 3975 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3975
Кутуб ситтә, № 3975 · тараудағы реті: 1

عَنْ نُبَيْسَةَ الْهُذَلِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَادَى رَجُلٌ يَا رَسُولَ اللَّهِ كُنَّا نَعْتِرُ عَتِيرَةً فِي الْجَاهِلِيَّةِ فِي رَجَبٍ، فَمَا تَأْمُرُنَا؟ فَقَالَ: اذْبَحُوا لِلَّهِ فِي أَىِّ شَهْرٍ كَانَ، وَبِرُّوا لِلَّهِ وَأَطْعِمُوا لِلَّهِ. قَالُوا: إِنَّا كُنَّا نَفْرَعُ فَرَعًا فِي الْجَاهِلِيَّةِ، فَمَا تَأْمُرُنَا؟ قَالَ: فِي كُلِّ سَائِمَةٍ فَرَعٌ تَغْذُوهُ مَاشِيَتُكَ حَتَّى إِذَا اسْتَحْمَلَ لِلْحَجِيجِ ذَبَحْتَهُ فَتَصَدَّقْتَ بِلَحْمِهِ عَلَى ابْنِ السَّبِيلِ. قِيلَ لِأَبِي قِلَابَةَ: كَمِ السَّائِمَةُ؟ قَالَ: مِائِةٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Нубәйша әл-Һузәли (р.а.) былай деген: «Бір кісі: “Уа, Алла елшісі! Біз жаһилиятта ережеп айында атира шалатынбыз. Енді бізге не бұйырасыз?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Қай айда болса да, Алла үшін сойыңдар. Алла разылығы үшін игілік жасап, адамдарға ас беріңдер”, – деді. Олар: “Жаһилиятта фәрәғ шалатынбыз. Енді бізге не бұйырасыз?” – деді. Алла елшісі: “Жайылымдағы әр отардан бір фәрәғ шалынады. Малыңның төлі қажылардың жүгін көтере алатындай болғанша, оны малмен бірге өсіресің. Содан соң сойып, етін жолаушыға садақа етесің”, – деді».

Әбу Қилабадан: «Фәрәғ шалынатын отарда қанша мал болуы керек?» – деп сұрағанда, ол: «Жүз бас», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

1. Фәрәғ пен атира – жаһилияттағы арабтардың пұттарына арнап шалған екі түрлі құрбаны. Фәрәғ – отардың алғашқы төлі. Малы өсіп-өнсін деп, оны пұтқа арнап сойған. Етін өздері де, үй іші де жемеген. Кейбір түсіндірмеде: «Жаһилиятта кісінің түйесі жүзге жетсе, әлі боталамаған бір түйесін пұтына арнап сойған. Соны фәрәғ деп атаған», – делінеді.

Атира – ережеп айының алғашқы он күнінде пұтқа арнап шалынған нәзір құрбаны. Кісі: «Малым мына санға жетсе, әр он бестен бір басын ережепте соямын», – деп нәзір айтқан. Мұны «ражабия» деп те атаған. Исламның алғашқы жылдарында мұсылмандар да осы екі құрбанды шалған, кейін бұл үкім жойылған деген пікір бар. Кейбір ғалымдар фәрәғ пен атира шалуға рұқсат деп, «Фәрәғ та, атира да жоқ» деген хадисті «уәжіп емес» деп немесе «уәжіп құрбан секілді Аллаға жақындататын дербес рәсім емес» деп түсіндірген. Олардың айтуынша, етін мұқтаждарға тарату – садақа әрі ізгі амал.

2. Алла елшісі (с.а.с.) Алла үшін сойылып, еті Алланың разылығы үшін қайырымдылыққа жұмсалатын болса, жылдың кез келген айында мал шалуға рұқсат берген. Фәрәғ пен атира туралы өзге түсіндірмелер де бар.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Адахи», 20 (№2830). Нәсәи, «Фәрәғ», 7–8 (7/169, 171).