Хадис

Кутуб ситтә, № 3983

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
541. Емдеу тәртібі
Нөмірі
№ 3983 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
3983
Кутуб ситтә, № 3983 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا أُبَالِي مَا أَتَيْتُ إِنْ أَنَا شَرِبْتُ تِرْيَاقًا، أَوْ تَعَلَّقْتُ تَمِيمَةً، أَوْ قُلْتُ الشَّعْرَ مِنْ قِبَلِ نَفْسِي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «التِّرْيَاقُ» هُوَ الدَّرْيَاقُ. وَهُوَ مَعْرُوفٌ وَ لَا بَأْسَ بِشُرْبِهِ مَا لَمْ يَكُنْ فِيهِ حَرَامٌ وَ نَجَسٌ.«والتَّمِيمَةُ» إِحْدَى التَّمَائِمِ: وَهِىَ خَرَزَاتٌ كَانَتْ الْعَرَبُ تَعْلِقُهَا عَلَى أَوْلَادِهِمْ يَتَّقُونَ بِهَا الْعَيْنَ فِي زَعْمِهِمْ، فَأَبْطَلَهَا النَّبِيُّﷺ

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Тирияқ ішсем, тұмар тақсам немесе ойыма келген өлеңді айтсам, не істегеніме мән бермегенім», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

1. Ғалымдар бұл хадисті екі түрлі түсіндірген. Бірі: «Тирияқ ішпеу, тұмар тақпау және ойыма келген өлеңді айтпау маған ауыр тимейді, осы үш істің өзінде тұрған ештеңе жоқ», – деп жорыған. Енді бірі: «Осының бірін істесем, ісімнің жақсы-жаманына, рұқсат не тыйым екеніне қарамайтындардың бірі боламын», – деп түсінген. Алғашқы жорамал үш іске рұқсат барын, екіншісі олардың құпталмағанын білдіреді.

2. Тириақ – уланудың зиянын жою үшін қабылданатын дәрі. Біз бұдан гөрі көбінесе антидот деген сөзді қолданамыз. (антидот – денедегі улы заттарды залалсыздандыру мақсатымен қолданылатын әртүрлі химиялық қосылыстар). Хадисті теріс мағынада түсінгендердің бірі – ибн әл-Әсир былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) тириақты мәкруһ деп санаған. Себебі ішінде жылан еті мен спирт бар. Бұлар харам әрі нәжіс саналады. Алайда тириақтың түрлері көп. Егер мұндай заттар қосылмаған түрі болса, оны қолдануда оқастық жоқ. Кейбір ғалымдар: «Хадис мутлақ, алайда бұлардың бәрінен сақтанған абзал» деген.

3. «Тәмима» – жаһилиятта тағылған тұмар мен көзмоншақтың атауы. Кейбір ғалымдар ішіне Алланың есімдері, сипаттары мен Құран аяттары жазылған тұмарды бөлек қарастырған. Ибн әл-Әсир: «Жаһилияттағы арабтар баланы көз тиюден қорғайды деп, осындай моншақ таққан. Ислам бұл сенімді жойды», – дейді.

Хадисте التَّمَائِمُ وَالرُّقَى مِنَ الشِّرْكِ «Тұмар тағу мен дем салу – ширк істерінен» делінген. Басқа хадисте: مَنْ عَلَّقَ تَمِيمَةً فَلَا أَتَمَّ اللَّهُ لَهُ «Кім тұмар тақса, Алла оның ісін оңғармасын»2 делінген. Ғалымдар бұл хадисті: «Олар тәмиманың ем болатынына және шипа беретініне сенетін. Расулалла мұны ширк деп жариялады. Өйткені олар тәмима арқылы маңдайларына жазылған тағдырды өзгертетініне сеніп, тағдырының жойылуын күтетін еді. Тағдырдың өзгеруін Алладан емес, тұмар мен көз моншақтардан талап ететін», – деп түсіндіреді.

Синди: «Мұнда жаһилият тұмары, кейбір моншақ, жабайы аңның тырнағы мен сүйегі секілді заттар айтылған. Құран аяттары және Алланың есім-сипаттары жазылған тұмар бұл тыйымға кірмейді, оны тағуға рұқсат», – дейді.

Синдидің пікірінен өзгеше тұжырымға келген ғалымдар да бар. Әбу Бәкір ибн әл-Араби Тирмизиге жазған түсіндірмесінде: «Құран аяттарын жазып тұмар тағу сүннетке жатпайды. Сүннет – сүрелерді жаттап, оқып жүру», – дейді.

Бұл мәселе турасында Хаттаби де осыған ұқсас пікір айтқан: «Емделу мақсатында тириақ ішу мәкруһ емес. Расулалла (с.а.с.) емделу мен дәрі қабылдауды көптеген хадисте мүбах деген. Бірақ ішіне жылан еті қосылатыны себепті тириақ харам болады. Тәмима – жаһилият дәуіріндегі арабтардың түрлі бәлекет-кесапаттарды өздерінен кетіру ойымен таққан моншақ. Бұған сену надандық, адасушылық. Өйткені бәлекетті Алладан басқа ешкім кетіріп, оған кедергі бола алмайды. Ал Құран аяттарын қорғану және шипа тілеу үшін тағу бұл тыйымға кірмейді. Өйткені ол Алланың сөзі (Кәламулла), онымен қорғануды тілеу, Алланың қорғауын тілеумен бірдей болады. Себебі Кәламулла – Алланың Зати сипаты.

Кейбір ғалымдар арабша жазылмағандықтан мағынасы беймәлім тұмарды немесе сиқыр секілді тыйым салынған сөздер жазылған тұмарды мәкруһ санаған.

Көріп отырғанымыздай, ғалымдар кесімді түрде «тұмар тағу харам» деп айтпайды, оның құрамына, ішіндегі жазылған заттың Құран сөзі болып-болмағанына қарайды. Мағынасы дұрыс көркем сөздер, дұға, Алланың көркем есім-сипаттары жазылған болса, бұған рұқсат берілгенін айтады.

Ислам ғалымдарының сүннетке сүйенген бұл көзқарастарын бағаламау мүмкін емес. Кейбір психикасы әлсіз, рухы нашар, осындай нәрселерге сенгіш адамдар емді тұмарлардан іздеп жатады. Өмірлерінің ғылым мен ақыл-парасат негізінде құрылғанын алға тартатын Батыс қоғамында, оларға еліктейтін біздің еліміздің бай-бағландарының ортасында да бұған тыйым салынса, мұндай мағынасыз, бос әурешілікпен айналысатындардың саны едәуір азаяр еді. Егер мәселе заң аясынан мүлде шет қалса, одан әрі кең таралып кетуі мүмкін. Сондықтан мұның ақылға қонымды шегін белгілеп, заңды түрде мойындау шынайы әрекет болады.

Мәкруһ ем

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 10, (3869).
  2. 2Алғашқы үзінді – Жанан басылымында берілген сөз нұсқасы. Әбу Дәуіттің №3883 риуаятында мағыналас мәтін кеңірек берілген. Екінші үзінді – Ахмадтың «Муснадындағы» Уқба ибн Амир риуаяты.