وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ دَاءٍ إِلَّا فِي الْحَبَّةِ السَّوْدَاءِ مِنْهُ شِفَاءٌ إِلَّا السَّامَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. قَالَ ابْنُ شِهَابٍ «وَالْحَبَّةُ السَّوْدَاءُ»: الشُّونِيزُ».وَالسَّامُ»: الْمَوْتُ
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қара зеренің өлімнен өзге әрбір дертке шипасы бар», – дегенін жеткізген.1
Түсіндірме
1. Бұл хадисте біз қара зире деп атайтын қара дәннің өлімнен басқа барлық ауруларға шипа екені айтылған. Хадис түрлі тәсілдермен жеткізілген. Ибн Хажар хадистің бір жолында айтылатын, көп түшкіру арқылы білінетін тұмауға қарсы қара зирені қалай пайдалану керектігі жайлы түсіндірмені бір мәрфуғ риуаяттан тапқанын айтады: «Қара зиренің тұқымын алып, ұнтақтап, зире мен зәйтүн майын бірдей мөлшерде араластырып, күніне үш рет мұрын тесігіне тамызады».
Басқа риуаяттың түсіндірмесінде қай ауруға қалай тағайындалатыны айтылмаған. Онда былай делінген: «қара зире деген не?» – деп сұралды. Ол: «Ол (парсы тілінде) шуниз», – деп жауап берді. Әлгі адам: «Мен оны қалай қолданамын?» – деп сұрады. Ол былай деп жауап берді: «Жиырма бір қара зире дәнін алып, оны матаға орайсың. Содан кейін оны суға салып, оны бір түн тұрғызасың. Ертесіне таңертең мұрынның оң жақ тесігіне бір тамшы, ал сол тесікке екі тамшы тамызасың. Келесі күні оң жақ мұрынға екі тамшы, сол жақ тесікке бір тамшы. Үшінші күні оң жақ тесікке бір тамшы, сол тесікке екі тамшы тамызасың».
Ибн Хажар сөзін былай жалғайды: «Қара зеренің әр дертке дауа болуы барлық ауруда оны жеке қолдану керек деген сөз емес. Кейде оны жеке, кейде басқа затпен қосып, кейде ұнтақтап, кейде бүтін күйінде пайдаланған. Жеу, ішу, тамызу және таңу тәрізді әртүрлі тәсілдер қолданылған».
2. Хадисте айтылған «Әрбір ауруға ем» деген сөзді кейбір ғалымдар (мутлақ) абсолютті санап «Онымен емделген» деп шартты түрде айтқысы келіп: «Өйткені ол ыстық ауруларға емес, суық ауруларға жақсы пайдасын тигізеді» деген.
Ғалымдар хадистегі жалпылама сөзді бірқатар ауруларға қатысты түсіндірген. Әбу Бәкір ибн әл-Араби де осы пікірді қолдап: «Дәрігерлер балдың шипалық ауқымы қара зеренікіне қарағанда кеңірек дейді. Сөйте тұра кейбір сырқаттарға бал зиян болуы мүмкін. “Нахл” сүресінің 69-аятындағы ﴿فِيهِ شِفَآءٌ لِّلنَّاسِ﴾ “адамдарға шипа болатын” тіркесі шипаны жалпы мағынада, ауруға дауа бола алатын жағдайларға қатысты білдірсе, қара зере туралы жалпылама сөзді де солай түсінген жөн», – дейді.
Ибн Әбу Жәмра хадистегі жалпы сөзді тар мағынаға жоруды құптамаған: «Кейбір ғалымдар оны жекелеген дерттермен шектеп, дәрігерлердің сөзіне жүгінген. Олар осылайша тәжірибе мен өз тұжырымына сүйенетін мамандарды алға шығарған. Ал Алла елшісі (с.а.с.) жеке пайымын айтқан жоқ. Сондықтан оның сөзін растау абзал», – дейді.
Ибн Хажар түрлі пікірді келтіріп, сөзін былай түйіндейді: «Хадистегі жалпы мағынаны сақтау керек. Қара зерені бір ғана түрде және бір ғана мөлшерде қолдану меңзелмейді. Қажетіне қарай мөлшері мен тәсілі өзгеріп отырады. Осылай түсіну хадистің аясынан шығармайды».
Автордың түсіндіруінше, шипа Алланың рұқсатымен келеді. Ибн Хажар айтқан мөлшер мен қолдану жолдары анықталса, қара зере жөніндегі жалпы сөзді де осы шарттармен бірге қарастыруға болады.
Автор хадистегі жалпы сөзді ғалымдар түсіндірген шарттармен ұштастырып қабылдаған жөн деп есептейді. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін әсірелеуден және өзге бір пікірді жақтау мақсатынан ада деп біледі.
- 1Бұхари, Тибб 7; Мүслим, Сәлам 89, (2215); Тирмизи, Тибб 5, (2042), 22, (2071).