وَفِي أُخْرَى لِلتِّرْمِذِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُمْ قَالُوا: «الْكَمْأَةُ جُدَرِيُّ الْأَرْضِ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْكَمْأَةُ مِنَ الْمَنِّ، وَمَاؤُهَا شِفَاءٌ لِلْعَيْنِ، وَالْعَجْوَةُ مِنَ الْجَنَّةِ، وَهِيَ شِفَاءٌ مِنَ السُّمِّ. قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: فَأَخَذْتُ ثَلَاثَ أَكْمُوءٍ، أَوْ خَمْسًا، أَوْ سَبْعًا فَعَصَرْتُهُنَّ فِي قَارُورَةٍ، وَكَحَلْتُ بِهِ جَارِيَةً لِي عَمْشَاءَ فَبَرَأَتْ».
Тирмизидің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген бір риуаятында жұрт: «Кәмә – жердің шешегі», – деген.
Алла елшісі (с.а.с.): «Кәмә – Алланың Исраил ұрпақтарына түсірген мәннасынан. Оның суы көзге шипа. Әжуа құрмасы жәннаттан және уға шипа», – деген. Әбу Һурайра (р.а.) оған: «Үш, бес не жеті кәмә алып, суын сығып, шыны құтыға құйдым. Көзі ауырған күңіме қолданған едім, ол жазылды», – деп қосқан.1
Түсіндірме
1. Осы хадиске Ибн Хажар жасаған талдауды кеңірек келтіреміз. Түйініне дейін оқып шықпай, асығыс үкім шығармаған жөн.
2. «Кәмә» сөзі арабша саңырауқұлақты білдіреді. Ибн Хажар: «Жапырағы мен сабағы жоқ, екпей-ақ жерден шығатын өсімдік», – деп сипаттаған. Осы сипаттамаға және «әл-Қамустағы» анықтамаға сүйеніп, автор оны жалпы «саңырауқұлақ» деп аударған. Риуаяттарда осы атаумен кәмә аталады.
Екінші хадисті нақты анық күйге келтіретін бір риуаят Табариде берілген. Онда әзірет Жәбирдің (р.а.) айтуынша, Расулалланың заманында саңырауқұлақтар көп шығып, адамдар: «Бұл жердің желшешек ауры», – деп оны жеуден бас тартқан. Бұл жағдай Расулаллаға (с.а.с.) жеткен кезде, Ол: «Саңырауқұлақ жердің желшешек ауруы емес. Біліп қойыңдар, саңырауқұлақ көктен түскен мәнна тәттісінің бірі» деген. Саңырауқұлақтар күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде қаптап шығады. Сол себепті, арабтар саңырауқұлақты «Бәнатур-Рағд», яғни көк күркіреуінің қыздары» деп атаған. Арабтар саңыраулақты «Жердің желшешек ауруы» деп, оның гүл сияқты жерден өсіп-шығатынына байланысты айтқан делінеді.
3. Кәмә мен мәннаның ұқсастығын олардың адамның еңбегінсіз пайда болуымен түсіндірген. Бір хадисте: الْكَمْأَةُ مِنَ الْمَنِّ الَّذِي أُنْزِلَ عَلَى بَنِي إِسْرَائِيلَ «Кәмә – Исраил ұрпақтарына түсірілген мәннадан»2,3, – делінген.
«Мәнн» сөзі мәнна тағамын да, тарту мен нығметті де білдіреді. Кейбір ғалымдар Алла Тағала кәмә саңырауқұлағын адам еңбегінсіз берілген нығмет еткендіктен, Алла елшісі (с.а.с.) оны мәннаға жатқызған деп түсіндіреді.
Үшінші түсіндірмеде Исраил ұрпақтарына берілген мәннаның бірнеше түрі болғаны айтылады. Бір түрі ағаш үстіне түссе, басқасы жерден шыққан. Осы жорамал бойынша, кәмә – жерден шығатын түрі.
Исрайл ұрпақтарына түскен бұл мәннаның (нығметтің, кеңшіліктің) арасында саңырауқұлақ та болуы мүмкін. Олай болса, Алла Тағала Тиһ шөлінде оларға нанның орнына саңырауқұлақты да нығмет ретінде берген. Бұл жағдайда, аятта аты аталған бөдене құсы да олардың азығының қоспасын құрайды. Олардың мәнна тәттісі ағаштың үстіне қырау, сіркіреме жаңбыр арқылы түскен. Осылайша олардың ризығы саңырауқұлақ, бөдене және сіркіреме үштігімен қамтамасыз етілген. Ибн Хажардың айтуынша, бұл мәселеге бірінші болып Хаттаби назар аударған. Бірақ нақты тұжырымды кейіннен әл-Муаффақ Абдул Латиф әл-Бағдади мен оның ізбасарлары жасаған. Олардың пікірінше, «мәнн» сөздік мағынасы бойынша «нығмет», «кеңшілік» «өтем» деген мағынаны білдіреді және саңырауқұлақтардың адамның тер төгіп қиналмай-ақ өсіп-өнуін, ағаштың үстіне тәтті сіркіременің түсуін және бөдененің ауламай-ақ келу оқиғаларын білдіреді.
Хадисте кәмәнің «мәннаға жататыны» туралы сөз осы түсінікті қуаттайды. Исраил ұрпақтарының «Бақара» сүресінің 61-аятындағы ﴿يَٰمُوسَىٰ لَن نَّصْبِرَ عَلَىٰ طَعَامٍ وَٰحِدٍ﴾ «Әй, Мұса! Біз бұлай бір тамаққа қарап төзіп отыра алмаймыз» дегені мәннаның бір ғана тағам болғанын білдірмейді. Ғалымдардың айтуынша, «бір тамақ» тіркесі сол ас түрлерінің күн сайын өзгеріссіз берілуіне қатысты айтылған.
Аят осы жорамалды қуаттайды. Исраил ұрпақтарына мәнна мен бөдене сияқты екі түрлі тағам берілсе де, олар үнемі бір ас ішуден жалыққанын айтқан.
4. Саңырауқұлақтың суының көзге шипа болуына келетін болсақ, ол жайлы Хаттаби былай дейді: «Саңырауқұлақ осы қасиетімен ерекшеленеді. Өйткені ол мутлақ (абсолютті) халал өсімдік. Оны сатып алуда күмән жоқ. Бұдан мынадай үкім шығаруға болады: «Мутлақ (абсолютті) халал зат көзді жылтыратады, ал халал емес зат керісінше әсер етеді».
Ибн Жәузи айтады: «Саңырауқұлақтың көзге шипа болу мәселесінде екі көзқарас бар:
1) Хадисте меңзелген нәрсе расында да саңырауқұлақтың суы. Алайда осы көзқарастағылар көзге оның жеке өзін қолдануға болмайды дейді. Әйтсе де оны қолдану туралы екі көзқарасқа да келіспейді:
а) Көзге сүрме ретінде жағылатын дәрілерге қосылып қолданылады. Бұл көзқарасты әзірет Әбу Убәйд жеткізген бір топ дәрігерлердің «Саңырауқұлақ жеу көзді жарқыратады» деген сөзі растайды.
ә) Саңырауқұлақтар алынып, ортасынан бөлінеді, сосын оттың қызған шоғына қойылып, суы қайнағанға дейін ұсталады. Содан кейін бір шыбығы алынып, қайнаған бөлікке біраз уақыт қойылып алынады, ол шыбығы салқындағаннан кейін саңырауқұлақ суы көзге жағылады (Бұл пайдалы). Өйткені от оны жібітіп, артық пайдасыз заттарын жойып, артында тек пайдалы бөлігі ғана қалады. Шыбығы піскен саңырауқұлақ суы салқындап, кепкен күйінде қойылмауы керек, әсері болмайды.
Ибраһим әл-Харби Ахмад ибн Ханбалдың ұлдары Салих пен Абдулладан былай риуаят етеді: «Олардың көздері ауырып еді, саңырауқұлақты алып, суын сығып, көздеріне жақты. Алайда олардың аурулары күшейе түсті».
Ибн әл Жәузи айтады: «Біздің шейх Әбу Бәкір ибн Абдул әл-Бақи: “Кейбіреулер саңырауқұлақтың суын сығып, оны көздеріне жағып еді, көр соқыр болды”, – деді».
2) Екінші көзқарас бойынша, саңырауқұлақ суынан мақсат –бұл саңырауқұлақты өсіретін су. Өйткені (көктемде) жерге жауған алғашқы жаңбыр арқылы саңыруқұлақтың көзге жағатын заттары өсіп шығады. Алайда бұл көзқарас әлсіз деп айтылған.
Ибн Хажар ибн әл-Жәузидің көзді емдеуде саңырауқұлақтың жеке өзін (яғни басқа затпен араластырмай) қолдануға болмайды деген тұжырымын медициналық тәжірибеге сәйкес келмейді деген. Бұған дәлел ретінде Қади Иядтың кейбір дәрігерлерден жеткізгендерін көрсеткен: «Егер көздің ыстығын (температура) түсіру үшін қолданылатын болса, саңырауқұлақ суы жеке өзіне қолданылады. Егер емдеудің басқа түріне қолданылатын болса, басқа затпен араластырылып қолданылады».
Ибн әл-Араби де көзқарасты жәзм етіп, былай дейді: «Ең дұрысы, саңырауқұлақ суы бір халде жеке өзі пайдалы болады және басқа бір халде басқа затпен араласқан қоспа күйінде пайдалы болады. Бұл тәжірибе ретінде сыналып, дұрыс деп табылды».
Ибн Хажар сөзін жалғастырып былай дейді: «Иә, Хаттаби, әл-Жәузи айтқан мәселеде жәзм жасап: “Онымен (көктемгі жаңбырмен) сүрме заттарының бірі болып табылатын цинк тастары өсіп шығады”, – деді. Саңырауқұлақ суын жеке қолдануға болмайды, өйткені ол көзге зиян тигізеді».
Әл-Ғафиқи әл-Муфрадатта былай дейді: «Саңырауқұлақ суы – исмид сүрмесімен мажун (паста) жасалып көзге жағылса, көзге арналған ең жақсы дәрі болады. Өйткені көздің қабақтарын нығайтады және көздің көру күшіне өткірлік беріп, көру қабілетін жақсартады және келешекте пайда болатын ауруларды жояды».
Нәуәуи: «Бұл мәселеде дұрысы мынау: Саңырауқұлақтың суы көз үшін “абсолютті” шипа. Саңырауқұлақтың суын сығып алып, көзге жағады. Кезінде біз бір кісінің көзі су қараңғы болып, көрмей қалғанын көрдік. Ол көзіне тек қана саңырауқұлақ суын жағу арқылы шипа тауып, сауықты және оның көзі қайтадан көретін болды. Бұл – шейх әл-адл-Әмин әл-Кәмал ибн Абдид-Димашқи еді. Ол хадис риуаят етуші және салиқалы адам болған4. Ол хадиске сеніп, саңырауқұлақ суын тәбәрік үшін қолданған еді. Алла Тағала да сол арқылы оған саңырауқұлақтың пайдасын тигізді» дейді.
Ибн Хажар Нәуәуидің бұл тұжырымына ескерту жасаған. Оның пікірінше, келтірілген мысал кәмә суын пайдаланған кісінің осы хадиске сенімі және соған амал етуі күшейгенін ғана білдіреді. Бұл мысалдан дәрінің әсері барлық жағдайға бірдей деген қорытынды шықпайды.
Тирмизидің «Жамиғ» еңбегінде өзіне дейін сахих тізбекпен жеткен оқиғаны Әбу Қатада былай жеткізеді: «Маған жеткізілуі бойынша, Әбу Һурайра (р.а.) былай деген: «Мен үш-бес немесе жеті саңырауқұлақ сатып алдым. Оларды сығып, суын ыдысқа құйып қойдым. Содан кейін оны (көзі ауыратын) күңнің көзіне жағып едім, ол сауығып кетті».
Ибн әл-Қайюм айтады: «Ұлық дәрігерлер саңырауқұлақ суының көзді жылтыратып, жарқырататынын мойындаған. Олардың арасында әл-Мәсихи, Ибн Сина және тағы басқалар бар. Бұл даулы мәселедегі талас-тартысты жоятын нәрсе саңырауқұлақ және өзге тіршілік иелері бастапқыда зиянды нәрселерден таза, ада күйінде жаратылған. Кейіннен Алла Тағаланың қалаумен басқа нәрселермен көрші, жақын орналасқан және аралас-құралас болуы т.б. себептермен зияндылықтары пайда болған. Саңырауқұлақ – Алладан тікелей таза сипатпен келгендіктен негізі бойынша пайдалы. Онда зиянды заттар басқа заттармен көрші, жақын болуы себепті пайда болған. Сүннетте айтылған барлық заттарды адал түрде қолдану, оны қолданғанға пайдасын тигізеді. Алла одан ниеті себепті зияндылықтың бетін қайтарады. Әйтпесе, керісінше, болады. Ең дұрысын Алла біледі!»
Қорытынды: Осы себепті, тағы бір рет еске салған пайдалы. Хадистерде кездестірген мейлі ахкам фәрғия (екінші дәрежелі үкімдер) және итиқадтық болсын, мейлі сөз еткен риуаяттарда айтылған емдеу немесе егіншілік, сауда секілді басқа нәрселерге қатысты мәселеде болсын, хадиспен амал етуде жеке өзіндік пікірмен әрекет етпеген дұрыс. Ол хадистің өзге аят-хадистер мен алғашқы ізгілердің түсінігі мен амалдарының арасында қандай орын алатынын зерттеу керек.
Тыңдаушылардың бітімі, тұратын жері мен қолда бар мүмкіндіктері әртүрлі. Сондықтан бір тақырыптағы аяттар мен хадистерді бір-бірін толықтыратын деректер ретінде бірге қарастырған жөн. Автор жеке бір риуаяттың немесе аяттың сыртқы мағынасын ғана негізге алып әрекет етпеуді, мәтінді тәжірибемен бірге зерделеуді ұсынады. Көз дерттері мен адамдардың жағдайы алуан болғандықтан, кәмә суы туралы ғалымдар да әртүрлі пікір айтқан. Автор оларды жаңылды деп кінәламайды. Әрқайсысы мәселенің бір қырына, белгілі бір жағдайда қолданылған тәсілге назар аударған. Алла барлығынан разы болсын!
Ендеше, біз басқа да медицинаға қатысты хадистерге дәл осындай сақтықпен қарап, дәрігер немесе ең болмаса сау ақылды тәжірибелі маман кеңесінсіз, оларды өз бетімізше қолданудан аулақ болуымыз керек.
Бұл мысал тибб нәбәуиді (Пайғамбар медицинасын) қазіргі адамдар түсінетіндей етіп қайта жинақтау қажет екенін көрсетеді.
- 1Тирмизи, Тибб 22, (2068, 2069, 2070).
- 2Исраил ұрпақтарына берілген мәнна жайында «Бақара» сүресінің 57-аятын және «Ағраф» сүресінің 160-аятын қараңыз.
- 3Жанан басылымы, 11-том, кәмә тарауы. Бұхариде осы мағынадағы толық риуаят №4478-де берілген.
- 4Бұл кісі Ибн Хажардың берген мәліметі бойынша, Ибн Абд деген атпен танымал болған Кәмаладдин ибн Абдул-Мүмин Ибн әл-Хыдыр әл-Хариси әд-Думашқи. Ол 83 жыл өмір сүрген. Нәуәуиден төрт жыл бұрын, 672 жылы қайтыс болған.