Хадис

Ажырасуға негіз болатын жағдайлар

Кутуб ситтә, 9-том, 547-тарау · 13 хадис · № 4045–4057

Хадистер

Исламда ажырасу құпталмайды, дегенмен кей жағдайда ерге де, әйелге де ажырасуды талап ету құқығы берілген. Фиқһта мұны «ажырасуды талап ету» дейді. Бұл көбіне әйелге қатысты сөз болады. Талақ ету құқығы ерде болғандықтан, Имам Мұхаммед секілді фақиһтар ерге бөлек талап қоюдың қажеті жоқ деген.

Бұл мәселенің барлық тарауына бармай, негізгісін айтайық. Ерлі-зайыптының бірінде ауру, кемшілік не нашар мінез болғанда, екінші тарап некені бұзу туралы қазыға жүгіне алады. Мұндай жағдайлар бірнеше түрге бөлінеді.

1) Жыныстық қатынасқа кедергі болатын жағдайлар. Әйелде қарн, ратақ, фәтк деп аталатын жағдайлар, ер адамда аталық бездің кесілуі, туа біткен белсіздік сияқты себептер болуы мүмкін. Жыныстық қатынастағы қанағат некенің түпкі мақсаты саналмағанымен, одан күтілетін игіліктердің бірі болғандықтан, оған кедергі келтіретін жағдай екінші тарапқа ажырасуды талап ету құқығын береді.

2) Хунса – ерге де, әйелге де тән жыныс белгілері бар адам.

3) Ақыл-есінің бұзылуы.

4) Кейбір жұқпалы не емге көнбейді деп саналған аурулар. Бұған сол дәуірдің фиқһ әдебиетінде алапес, кейбір тері және жыныстық жолмен жұғатын аурулар жатқызылған. Аурудың некеден кейін басталуы не белгілі болуы, емделу мүмкіндігі және ақыл-ес бұзылысының дәрежесі жеке қаралады. Фиқһ кітаптарында бұлар кеңінен талданған, мұнда қысқаша атап өтумен шектелеміз.

5) Ерлі-зайыптының тіл табыса алмауы. Араздық көбіне бір тараптың екінші тараптың құқығын бұзатын мінезінен туады. Кейде кінә екі жақтан да табылады. Ислам құқығында мұндай араздық ажырасудың бір негізі деп танылған. Бұл, әсіресе, өз бетінше талақ ете алмайтын әйелге қазыға жүгінуге мүмкіндік береді. Қазы екі төреші тағайындап, істің мән-жайын анықтатады және жұбайларды жарастыруға тырысады. Төрешілердің қорытындысына, кей пікірде олардың шешіміне сүйеніп үкім шығарады. Ердің әйеліне нәпақа бермеуі, орынсыз ұрып-соғуы, қорлауы, жала жабуы немесе ерлі-зайыптылық қатынасты үзуі де осыған жатады. Автор келтірген үкім бойынша, ердің өзіне берілген құқықты пайдаланып, тағы үйленуінің өзі осындай шағымға негіз болмайды.

Жанан осы жағдайларда ажырасуды талап етуге құқық берілгенімен, оны орынсыз пайдаланбау керегін айтады. Аталған себептерді бағалау жағдайға қарай өзгеруі мүмкін. Автор некені сақтау мақсатына басымдық береді.

Жанан ерлі-зайыптылар бір-бірінің кемшілігіне төзім танытып, «Дін маған ажырасуға құқық берді» деп, ажырасуға не сотқа жүгінуге асықпауға үндейді. Оның баяндауынша, ғұламалар аталған кемшілік пен аурулардың өзі әрдайым некені бұзуға себеп бола бермейтінін айтып, сабыр сақтауды ұсынған.

Ғалымдар некенің негізгі мақсаты отбасын құрып, ерлі-зайыптыны бір-біріне жақындату, сүйеніш ету, арасына ынтымақ орнату деп түсіндірген. Жыныстық қанағат пен бала сүю – некенің жемістеріне жатады. Сол себепті жұбайының бір кемшілігінен осы игіліктің бірі не бірнешеуі бұйырмаса, адам бірден некені бұзуға ұмтылмағаны жөн деген. Жанан өзі өмір сүрген дәуірде емдеу, кей кемшіліктің орнын толтыру және жұқпалы аурудан сақтану мүмкіндіктері көбейгенін атап өтеді. Оның пікірінше, фақиһтар бұл мәселені жаңа медициналық мүмкіндіктер тұрғысынан қайта қараса, бұрын ажырасуға негіз болған бірнеше себепті тізімнен шығарар еді.

Екі төреші

Талаққа қатысты тағы бір мәселе – екі төреші тағайындау. Ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілікті ажырасуға жеткізбей шешкен жөн. Ол үшін ердің жұрты мен әйелдің төркінінен бір-бір төреші таңдалады. Олар арадағы алауыздықтың себебін анықтап, екі жаққа ақыл айтады және ерлі-зайыптыларды жарастырудың амалын қарастырады. Ханафи, Шәфиғи, Заһири имамдары және Ахмад ибн Ханбалдың бір пікірі бойынша, төрешілердің татуластыруға өкілеті бар, ажырасуға үкім бере алмайды. Мәликилер олардың ажырасуға да үкім бере алатынын айтады және «төреші» атауының өзін сол өкілетке дәлел етеді. Отбасындағы келіспеушілікті шешуде төрешілердің орны «Ниса» сүресінің 35-аятында да көрінеді. ﴿وَإِنْ خِفْتُمْ شِقَاقَ بَيْنِهِمَا فَٱبْعَثُوا۟ حَكَمًا مِّنْ أَهْلِهِۦ وَحَكَمًا مِّنْ أَهْلِهَآ إِن يُرِيدَآ إِصْلَٰحًا يُوَفِّقِ ٱللَّهُ بَيْنَهُمَآ﴾ «Ал егер ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуінен қорықсаңдар, ер адамның өз жұртынан бір әділ төреші, әрі әйелдің төркінінен де бір әділ төреші тағайындаңдар. Бұл екеуінің ниеті оларды жарастыру болса, сөзсіз, Алла Тағала оларды қайта табыстырады».

Төрешілер кәмелетке толған, әділ ер адамдар болуы, ерлі-зайыптылар арасындағы нүшузға қатысты үкімдерді және өздері шешетін мәселенің шариғи қырын жетік білуі шарт. Сондықтан әйелдің, баланың, ақыл-есі кем, пасық не істің байыбына бара алмайтын адамның, сондай-ақ нүшуз үкімдерін немесе қаралып отырған істің шариғи жағын білмейтін кісінің ажырасу не некені жалғастыру жөніндегі үкімі жарамсыз. Фақиһ дәрежесіне жетпеген төрешілер ғалымдармен кеңесіп барып үкім берсе, олардың шешімі жарамды саналады.

Талаққа қатысты қолданылатын атаулар

Жоғарыда айтқанымыздай, талақ мәселесінің егжей-тегжейі көп. Оның әр тармағына қатысты жеке атаулар бар. Олардың бәріне тоқталсақ, тақырыптың аясынан шығып кетеміз. Сондықтан алда келетін хадистерді түсіндіруге қажет кейбір терминдер мен тіркестерді ғана ашып алайық.1

Талақ түрлерінің атаулары

Ажырасу жайында жиі қолданылатын атаулардың бір бөлігі талақтың түрлеріне қатысты. Әуелі оларды қысқаша таныстырып, орайы келгенде әрқайсысын кеңірек түсіндіреміз. Талақтың негізгі түрлері мыналар.

1. Байын талақ.

2. Ражғи талақ.

3. Бәтта талақ.

4. Сәләсә талақ. Бұл тұста а) хул, ә) лиған және б) илә да қарастырылады.

5. Зиһар.

1. Байын талақ

Байын талақ – некені біржола үзуді білдіретін сөзбен не ишаратпен жасалатын ажырасу. Осылай ажырасқан ер бұрынғы әйелімен қайта қосылу үшін әйелдің келісімін алып, жаңадан мәһір төлеп, неке қиюға тиіс. Ажырасудың мына төрт түрі байын талаққа жатады.

1) Неке қиылғаннан кейін, ерлі-зайыптылар оңаша қалып үлгерместен әрі жақындаспастан ажырасуы.

2) Астарлы немесе ажырасудың кесімділігін күшейте білдіретін сөздер арқылы ажырасу.

3) Мұхалаға, яғни әйелдің қалауымен және ерлі-зайыптылардың өзара келісімімен ажырасу.

4) Үшінші талақ құқығын да пайдалану арқылы ажырасу.

2. Ражғи талақ

Ражғи талақ – ерлі-зайыпты болып, бірге тұрғаннан кейін ер адамның некені үзуін білдіретін ашық сөзбен не ишаратпен, үш талаққа жеткізбей ажырасуы. Мұндай ажырасудан кейін ер жаңа неке қимай, қайта мәһір төлемей-ақ әйелімен отбасылық өмірін жалғастыра алады. Бұл мүмкіндік алғашқы екі талақта бар. Үшінші рет талақ айтылса, әйел басқа ерге тұрмысқа шығып, онымен ажырасқаннан кейін ғана бұрынғы ерімен қайта қосыла алады.

3. Бәтта талақ

«Әл-бәтта» сөзі «біржола», «кесімді түрде» дегенді білдіреді. Бәтта талақ – «Сен біржола боссың» деген тәрізді сөзбен айтылатын талақ. Ол жеке бір талақ түріне жатпайды. Мұнда талақтың саны айтылмай, оның орнына кесімділікті білдіретін «әл-бәтта» сөзі қолданылғандықтан, ғалымдар оны байын талаққа не ражғи талаққа жатқызу жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Бұл мәселе №4049 хадисте кеңірек түсіндіріледі.

4. Сәләсә талақ

Неке байланысы үш талаққа негізделген. Сәләсә талақ үш талақты білдіретін сөзбен немесе ишаратпен жасалады. Мұндайда ерлі-зайыптылардың неке байланысы үзіліп, «байнунатул-кубра» деп аталатын кесімді ажырасу жүзеге асады.

а) Хул (халғ немесе мұхалаға деп те аталады)

Хул – ерлі-зайыптылардың тіл табыса алмауына байланысты өзара келісіп ажырасуы. Мұндайда әйел әдетте өзіне әлі төленбеген мәһірден бас тартады, алған мәһірін қайтарады немесе күйеуіне басқа бір өтем береді.

ә) Лиған (мұлағана деп те аталады)

Лиған – күйеуі әйелін зина жасады деп айыптап, оны төрт куәгермен дәлелдей алмаған, ал әйелі айыпты мойындамаған кезде қолданылатын ажырасу жолы. Екеуі де өз сөзінің растығын төрт рет антпен растап, жалған айтқан адамға Алланың лағынеті тиюін тілейді. Осы рәсімнен кейін қазы олардың некесін бұзады.

б) Илә

Илә сөздікте «ант ішу» дегенді білдіреді. Фиқыһта бұл – ер адамның әйеліне кемінде төрт ай жақындамауға ант ішуі. Ол төрт айдан кем болмайтын нақты мерзімге, мәңгілікке немесе мерзімін атамай ант ішуі мүмкін. Бұл мәселені орайы келгенде түсіндіреміз.

5. Зиһар (мұзаһара)

Зиһар сөзі екі нәрсені бір-біріне теңеу, ұқсату мағынасында қолданылады. Ол «арқа» мағынасындағы «заһр» сөзінен шыққан. Фиқыһта күйеудің әйелін туыстық, сүт туыстығы немесе некелік туыстық арқылы өзіне мәңгі махрам болған әйелдің қарауға рұқсат етілмейтін арқа, қарын, сан сияқты дене мүшесіне зиһар ниетімен теңеуін білдіреді. Мысалы, ер адам әйеліне «Сен маған анамның арқасындайсың» дейді. Бұл да ажырасудың бір түріне жатқызылады. Өйткені зиһардың кәффаратын өтегенге дейін ер адам әйелімен жақындаса алмайды, оны құмарлықпен ұстай, құшақтай не сүйе алмайды.

Рижғат (қайта оралу, ражғат деп те аталады)

Сөздікте «кері қайтару», «бас тарту» деген мағыналарға келеді. Фиқыһта бұл – ражғи талақтан кейін, иддат мерзімі ішінде әлі күшінде тұрған некені сөзбен не іспен жалғастыру. Осы арқылы ерлі-зайыптылық байланыс сақталады. Ерінің «Сен менің әйелімсің» немесе «Саған қайта оралдым» деуі рижғат болып саналады. Әйелімен жақындасуы, оны құмарлықпен құшақтауы не сүюі де іспен жасалған рижғатқа жатады.

Тәфуид талақ

Талақта қолданылатын жолдардың бірі – тәфуид. Өз ісіне жауап беруге қабілетті ер әйелін талақ ету құқығын өкілге немесе әйелінің қамқоршысына тапсыра алады. Талақ құқығын осылай тапсыруды тәфуид дейді. Тәфуидке қатысты үш атау қолданылады: тахйир, әмр бил-яд және мәшиәт.

Тахйир (таңдау еркіндігін беру)

Ерінің әйеліне «Өзіңді таңда» немесе «Саған таңдау еркі берілді» деуі арқылы жасалатын тәфуид. Әйел осы кезде «Таңдадым», «Өзімді таңдадым» немесе «Талақты таңдадым» деп, ажырасуды қалайтынын білдірсе, талақ жүзеге асады.

Таңдау құқығын қолдану арқылы жүзеге асқан талақтың байын не ражғи болуы, сондай-ақ оның саны жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі.

Әли (р.а.): «Әйел өзін таңдаса, бір байын талақ, ал күйеуін таңдаса, бір ражғи талақ болады», – деген.

Зәйд ибн Сәбит (р.а.): «Әйел өзін таңдаса, үш талақ, ал күйеуін таңдаса, бір байын талақ болады», – деген. Имам Мәлик осы пікірді ұстанған.

Омар (р.а.) мен Ибн Мәсғуд (р.а.): «Әйел өзін таңдаса, бір байын талақ болады, ал күйеуін таңдаса, талақ болмайды», – деген. Әбу Ханифа олардың пәтуасын негізге алған.

Имам Шәфиғи: «Тахйир – астарлы сөз. Егер күйеуі әйеліне таңдау еркіндігін беріп, осы арқылы оның ажырасу не бірге қалу жөнінде шешім қабылдауын көздесе, әйелі өзін таңдап, бөлек кетуге шешім қабылдаған кезде талақ жүзеге асады. Ал әйел “Өзімді таңдағанда ажырасуды көздеген жоқпын” десе, сөзі қабылданады», – деген. Бұл пікір бойынша әйел таңдауын айтқанда «өзімді» деген сөзді ашық қолдануы керек.

Әмр бил-яд (талақ ету құқығын әйелге беру)

Ерінің әйеліне «Ісің өз қолыңда» деп, талақ ету құқығын тапсыруы. Әйел осы құқығын пайдаланып, күйеуіне «Өзімді таңдадым», «Өзімді саған харам еттім», «Өзімді сенен байын еттім», «Сен маған харамсың» немесе «Сен менен боссың» деген сөздердің бірін айтса, талақ жүзеге асады.

Тахйир мен әмр бил-ядта қолданылатын сөздер астарлы келеді. Сондықтан бұл сөздермен талақ құқығы берілді деу үшін ниетке немесе жағдайдың мән-жайына қарайды. Мәшиәтке тән сөздер ашық айтылатындықтан, олардың ниеті арнайы сұралмайды.

Мәшиәт (қалау еркіндігін беру)

Ерінің әйеліне «Қаласаң, өзіңді талақ ет» деп, шешімді әйелдің қалауына қалдыруы. Мұның екі жолы бар. Бірі – қалау еркіндігін әлгі мысалдағыдай ашық айту. Екіншісі – «Өзіңді талақ ет» деп, қалау еркіндігін сөздің астарымен білдіру. Мұндай өкілеттік берілгенде әйел «Өзімді талақ еттім», «Өзімді байын еттім» немесе «Өзімді саған харам еттім» деп ажырасу ниетін білдірсе, талақ жүзеге асады. Ал мәшиәт арқылы құқық берілген әйелдің «Өзімді таңдадым» деуі талақ болып есептелмейді.

Тәфуид белгілі бір мерзіммен шектелуі немесе мерзімі көрсетілмей берілуі мүмкін. «Өзіңді талақ ет» деген сөз – мерзімі көрсетілмеген тәфуид. «Өзіңді бүгін талақ ет» десе, құқығын белгілі бір уақытпен шектегені. «Қай кезде қаласаң, өзіңді талақ ет» деуі – жалпы, мерзімсіз өкілеттік. Мерзімі көрсетілмеген тәфуид сол мәжіліспен шектеледі. Әйел өкілеттікті білген жерде оны пайдаланбаса, сол мәжіліс аяқталған соң таңдау құқығы тоқтайды. Мерзімі көрсетілмей берілген өкілеттік күйеу үшін міндетті, әйел үшін ерікті. Күйеуі өз сөзінен қайта алмайды, өйткені тәфуидте әйелді жай өкіл етіп қоюдан гөрі, оған құқық беріледі. Әйел сол құқықты қабылдауға міндетті емес, қаласа одан бас тарта алады. Бұл мәселенің егжей-тегжейі фиқыһ еңбектерінде баяндалған.

Иддат

Иддат сөздікте «сан», «санау» және «мерзім» деген мағыналарда қолданылады. Фиқыһта бұл – ажырасқаннан кейін жаңадан неке қию үшін күтілетін мерзім. Ажырасқан әйел үшін бұл мерзім үш етеккір кезеңіне, ал күйеуі қайтыс болған әйел үшін төрт ай он күнге тең. Иддат ер адамға да қатысты қолданылғанымен, сөз жеке айтылса, әдетте әйелдің иддаты меңзеледі.

Осы жалпы түсіндірменің соңында айтарымыз, ажырасу – дініміз ерекше мән берген мәселе. Мүмін адам мұнда аса сақ болуға тиіс. Алла елшісі (с.а.с.) талақтың әзілді көтермейтінін, оның шыны да, әзілі де бірдей күшіне енетінін айтқан. Әсіресе ханафи ғалымдары абайсызда не ғапылдықпен айтылған ашық сөздің, тіпті ажырасуды білдіретін әрекеттің де талаққа себеп болатынын айтқан. Күмәнді жағдай туса, осы кітаптағы қысқа түсіндірмелерге сүйеніп пәтуа шығармай, талақ үкімдерін жетік білетін, діндарлығына сенім артуға болатын кісімен кеңесу керек. Әйтпесе некесіз бірге тұрып қалу қаупі бар. Алла сақтасын.

Талақ айтқанда қолданылатын сөздер

4045
Кутуб ситтә, № 4045 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِذَا قَالَ: أَنْتِ طَالِقٌ ثَلَاثًا بِفَمٍ وَاحِدٍ فَهِيَ وَاحِدَةٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Ері әйеліне бір деммен “Сені үш талақ еттім” десе, ол бір талақ болып саналады».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Талақ 10, (2197).
4046
Кутуб ситтә, № 4046 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ ذَكَرَهَا رَزِينُ: «إِذَا قَالَ: أَنْتِ طَالِقٌ. أَنْتِ طَالِقٌ. أَنْتِ طَالِقٌ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، فَهِيَ وَاحِدَةٌ، إِنْ أَرَادَ التَّوْكِيدَ لِلأُوْلَى، أَوْ كَانَتْ غَيْرَ مَدْخُولٍ بِهَا».

Қазақша аудармасы

Рәзин келтірген бір риуаятта Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Ер адам әйеліне: “Сен талақсың, сен талақсың, сен талақсың”, – деп бір мезетте үш рет айтса, алғашқы сөзін нығайтуды көздеген немесе әйелімен әлі жақындаспаған болса, бұл бір талақ болып саналады».

Түсіндірме

1. Бұл риуаятты ұғу үшін мына жайтты ескеру керек. Шариғат бойынша неке шарты ерлі-зайыптының арасында үш байланыс орнатады. Бұл байланыстар сақталғанша неке жалғасады. Талақ – олардың шариғат белгілеген тәртіппен үзілуі. Бір немесе екі байланыс үзілсе де, некені жаңартып, жалғастыруға болады. Бір байланыс қалса да, неке сақталып, одан туындайтын құқықтар мен міндеттер күшінде қалады. Ер адам әйеліне «Сені талақ еттім» тәрізді ажырасуды білдіретін сөз айтқанда, осы байланыстың біреуі үзіледі. Риуаяттағы талас мына жайтқа қатысты. Кісі «Сені үш талақпен талақ еттім» десе, үш байланыс та үзіліп, әйелінен біржола ажыраса ма? Келесі риуаяттарда көрінетіндей, Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде, әдетте, үш тазалық мерзімінің әрқайсысында бір талақтан айтылатын. Кей риуаяттарға қарағанда, екі не үш талақты бір мезетте айту ол кезде көп кездеспеген.

Бірінші риуаяттан Ибн Аббастың (р.а.) «Сені үш талақпен талақ еттім» деген сөзді ешбір шарт қоймай бір талаққа санағаны көрінеді. Рәзин келтірген екінші риуаятта бір мезетте айтылған үш талақты біреу деп есептеудің шарттары көрсетілген. Ер адам екінші және үшінші сөзін алғашқы талағын нығайту үшін ғана айтса, бір талақ түсіп, екі байланыс сақталады. Ал әр жолы жаңа талақты көздесе, үшеуі де есепке алынады.

Екінші шарт бойынша, ері әйелімен әлі жақындаспай тұрып осылай айтса, оның ниеті сұралмайды, үш сөз бір талаққа саналады. Әйелімен жақындасып қойған ер адам біржола ажырасу ниетімен үш мәрте қатарынан «Сені талақ еттім» десе, үш талақ түсіп, екеуі ажырасады.

2. Келтірілген риуаяттардың мағынасы осы. Әбу Дәуіт Ибн Аббастың (р.а.) кейін пікірін өзгертіп, кейбір сахабалар секілді мына ұстанымға тоқтағанын айтады. Үш талақ айтылған әйел, ерімен жақындасқан-жақындаспағанына қарамастан, ажырасқан болып есептеледі. Ол басқа ерге тұрмысқа шықпайынша бұрынғы күйеуіне адал болмайды.

Әбу Дәуіт келтірген бір риуаятта Мұхаммед ибн Ияс былай деген: «Әйелімен жақындаспай тұрып үш талақ айтқан ер адам туралы Ибн Аббас, Әбу Һурайра және Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) сұралды. Үшеуі де: “Ол әйел басқа ерге тұрмысқа шығып, одан ажыраспайынша, бұрынғы күйеуіне адал болмайды”, – деп жауап берді».

Азимабади Ибн Аббастан осы мәселе жайында жеткен әртүрлі риуаяттарды былай түйіндеген: «Әбу Дәуіт бұларды Ибн Аббастың бұрынғы пәтуасынан бас тартқанын көрсету үшін келтірген. Ол кейін “Үш талақтан соң әйел басқа ерге тұрмысқа шықпайынша бұрынғы күйеуіне қайта қосыла алмайды” деген пікірге тоқтаған».

Абдурраззақ Ибн Аббастың бұрынғы пікірін көрсететін риуаятты Мағмар арқылы Әйюбтан жеткізген. Әйюб былай дейді: «Хәкәм ибн әл-Утайба Зуһриге кіргенде мен де сол жерде едім. Олар ері жақындаспай тұрып үш талақ айтқан әйелдің жағдайын сұрады. Зуһри: “Бұл жайында Ибн Аббас, Әбу Һурайра және Абдулла ибн Омардан сұралған. Бәрі: ‘Әйел басқа ерге тұрмысқа шығып, онымен жақындасып, кейін одан ажырасып, иддат мерзімі біткенде ғана бұрынғы еріне қайта қосыла алады’, – деп жауап берген”, – деді. Хәкәм ол жерден шығып, мешітте отырған Тауусқа барды. Иіліп отырып, одан Ибн Аббастың пікірін сұрады да, Зуһридің сөзін жеткізді. Тауус таңданып, қолын көтерді. “Алланың атымен ант етемін, Ибн Аббас үш талақты біреу деп есептейтін”, – деді».

Екіншіден, «Муаттадағы» риуаят бойынша, әйелімен жақындаспай тұрып үш талақ айтқан бәдәуи Ибн Аббастан үкім сұрайды. Ибн Аббас пәтуа беруді жанында отырған Әбу Һурайраға тапсырады. Ол: «Бір талақпен ажырасады. Үш талақ айтылса, әйел басқа ерге тұрмысқа шығып, одан ажыраспайынша, бұрынғы еріне адал болмайды», – дейді. Ибн Аббастың да осы пікірде болғаны айтылады. Риуаяттың соңында Имам Мәлик (рахимаһуллаһ) былай деген: «Біздің пікірімізше, бұрын некеде болған әйел жаңа ерімен жақындаспаса, оның үкімі бұрын тұрмысқа шықпаған әйелдің үкімімен бірдей. Бір талақпен ажырасады. Үш талақ айтылса, басқа ерге тұрмысқа шығып, одан ажыраспайынша, бұрынғы күйеуіне адал болмайды».

Ғалымдардың көпшілігі бір мезетте айтылған үш талақтың үшеуі де есептеледі деген. Ибн Абдулбәрр бұл мәселеде ижмағ барын айтып, оған қайшы пікірді ескерусіз қалатын шәзз пікірге жатқызған. Мәселе №4058 хадистің түсіндірмесінде толығырақ қарастырылады.

4047
Кутуб ситтә, № 4047 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَجُلًا قَالَ لَهُ: إِنَّي طَلَّقْتُ امْرَأَتِي مِائَةَ تَطْلِيقَةٍ، فَمَاذَا تَرَى عَلَيَّ؟ فَقَالَ: طُلِّقَتْ مِنْكَ بِثَلَاثٍ، وَسَبْعٌ وَتِسْعُونَ اتَّخَذْتَ بِهَا آيَاتِ اللَّهِ هُزُوًا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ بَلَاغًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббасқа (р.а.) бір кісі келіп: «Әйеліме жүз талақ айттым. Мұның үкімі қандай?» – деп сұрады. Ибн Аббас: «Әйелің сенен үш талақпен ажырасты. Қалған тоқсан жетісімен Алланың аяттарын келеке еткен болдың», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

1. Ер адам әйеліне үш талақты бірден айтса, үшеуі де іске асатыны жөнінде ғалымдардың көпшілігі келіскені алдыңғы риуаяттың түсіндірмесінде айтылды.

2. Ибн Аббас үштен артық талақ айтуды жеңілтектік әрі діннің үкімін келеке ету деп сипаттаған. Алла Тағала талақты үшпен шектеген. Аузынан шыққан әр сөзіне жауапты адам ажырасуға бел буса, үш талақтан кейін одан артық сөз айтудың не қажеті бар?

  1. 1Муатта, Талақ 2, (2, 552).
4048
Кутуб ситтә, № 4048 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مَحْمُودِ بْنِ لَبِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُخْبِرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ رَجُلٍ طَلَّقَ امْرَأَتَهُ ثَلَاثَ تَطْلِيقَاتٍ جَمِيعًا، فَقَامَ غَضْبَانَ، ثُمَّ قَالَ: أَيُلْعَبُ بِكِتَابِ اللَّهِ وَأَنَا بَيْنَ أَظْهُرِكُمْ؟ حَتَّى قَامَ رَجُلٌ، فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَلَا أَقْتُلُهُ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Махмұд ибн Ләбид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір кісінің әйеліне үш талақты бірден айтқаны хабарланды. Ол ашуланып, орнынан тұрды да: “Мен араларыңда жүріп-ақ, Алланың кітабы ойыншыққа айналғаны ма?” – деді. Сонда бір кісі орнынан тұрып: “Уа, Алла елшісі, оны өлтірейін бе?” – деп сұрады».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаятта үш талақты бірден айтуға қатысты ұстаным көрінеді. Алла елшісінің (с.а.с.) «Алланың кітабымен ойнағаны ма?» деген сөзі мұндай істің қатаң айыпталғанын білдіреді. Ол мына аяттарға ишарат еткен: ﴿ٱلطَّلَٰقُ مَرَّتَانِ فَإِمْسَاكٌۢ بِمَعْرُوفٍ أَوْ تَسْرِيحٌۢ بِإِحْسَٰنٍ﴾ «Талақ кезегі екіге дейін. Сосын оны не жақсылықпен өзіне жар етіп алып қалады, не болмаса көңілін тауып, жақсылықпен қоя береді» («Бақара» сүресі, 229-аяттан) және ﴿وَلَا تَتَّخِذُوٓا۟ ءَايَٰتِ ٱللَّهِ هُزُوًا﴾ «Алланың аяттарын ойын-күлкіге айналдырмаңдар» («Бақара» сүресі, 231-аяттан). Осы аяттарға қарағанда, шариғаттағы талақ кезең-кезеңімен айтылады. Алғашқы екі талақ – қайтарымды талақ. Ерлі-зайыпты некені жалғастыру туралы шешім қабылдай алады. Ер адам ажырасуға бел буса, әйелін жақсылықпен жөніне қоя береді.

2. Сахаба «Алланың кітабымен ойнау» деген сөзден күпірліктің нышанын аңғарып, әлгі адамды өлтіруге рұқсат сұраған. Алла елшісі (с.а.с.) оған мұндай бұйрық берген жоқ. Бұл сөзбен ол істің ауырлығын аңғартып, оны айыптаған. Үш талақты бірден айту жөнінде имамдардың пікірі әртүрлі. Әбу Ханифа, Мәлик, Әузағи және Ләйс оны бидғатқа жатқызған. Шәфиғи, Ахмад және Әбу Сәур мұны харам санамаған, алайда талақты жеке-жеке айту керек деген. Хадистің сыртқы мағынасы тыйымға меңзейді. Ғалымдардың көпшілігі үш талақ бірден айтылса, үшеуі де есептеледі деп тұжырымдаған. Олар осыған қайшы пікірді негізге алмаған.

  1. 1Нәсәи, «Талақ», 6 (6/142, №3401).
4049
Кутуб ситтә, № 4049 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ يَزِيدَ بْنِ رُكَانَةَ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّى طَلَّقْتُ امْرَأَتِي أَلْبَتَّةَ، فَقَالَ: مَا أَرَدْتَ بِهَا، قُلْتُ: وَاحِدَةً، فَقَالَ: وَاللَّهُ مَا أَرَدْتَ بِهَا إِلَّا وَاحِدَةً؟ قُلْتُ: وَاللَّهُ مَا أَرَدْتُ بِهَا إِلَّا وَاحِدَةً، فَقَالَ: هُوَ مَا أَرَدْتَ، فَرَدَّهَا إِلَيْهِ، فَطَلَّقَهَا الثَّانِيَةَ فِي زَمَنِ عُمَرَ، وَالثَّالِثَةَ فِي زَمَنِ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Язид ибн Руқанә әкесінен, ол атасынан жеткізген: «Алла елшісіне (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі, (Алланың атымен ант етемін) әйеліме кесімді талақ айттым”, – дедім. Ол: “Онымен нені көздедің?” – деп сұрады. “Бір талақты”, – дедім. “Алланың атымен ант етесің бе?” – деді. Мен: “Алланың атымен ант етемін, бір талақты ғана көздедім”, – дедім. Сонда ол: “Бұл – бір талақ. Қаласаң, әйеліңе қайта қосыл”, – деді. Мен әйеліме қайта қосылдым. Кейін Омардың кезінде оған екінші рет, Османның кезінде үшінші рет талақ айттым».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «атасы» деген сөз Руқанәны білдіреді. «Әкесі» дегені – Әли ибн Язид ибн Руқанә. Руқанә – Язид ибн Һашим ибн әл-Мутталибтің ұлы.

2. Хадистегі «кесімді түрде» деген сөз ер адамның «Сені біржола талақ еттім» дегеніне қатысты. Мұны «бәтта талақ» деп атайды. Бұл сөзде талақтың саны көрсетілмегендіктен, үкім ниетке қарай беріледі. Әбу Дәуіттің риуаятында әйелдің есімі Сухәйма екені айтылады.

Хаттаби былай деген: «Бірден артық талақ ниет етілмесе, хадис бойынша бәтта талақ – бір талақ. Ол – қайтарымды талақ. Ер адам екі не үш талақты көздесе, үкім ниетіне қарай беріледі».

Әли әл-Қаридің жазуынша, Шәфиғи мәзһабында бәтта талақ – бір қайтарымды талақ. Екі не үш талақ ниет етілсе, сол ниет есепке алынады. Әбу Ханифа мұны бір байн, яғни қайтарымсыз талаққа жатқызған, үш талақты көздесе, үшеуі де іске асады деген. Мәлики мәзһабында ол үш талаққа саналады. Айни «Умдат әл-қари» еңбегінде Әли, Ибн Омар, Ибн әл-Мусайяб, Уруа, Зуһри, Әбу Ләйла, Әузағи және Әбу Убайд секілді бірқатар алғашқы ғалымдардың да оны үш талақ деп санағанын жазған.

Қадидің түсіндіруінше, хадистен мынадай тұжырым шығады. Ер адамның уәжі айтқан сөзінің сыртқы мағынасына қайшы келмесе, ол антпен расталады.

«Кесімді» деген сөз талақтың санына әсер етуі, бірнеше талақты да білдіруі мүмкін. Әйтпесе Алла елшісі (с.а.с.) Руқанәдан бір талақты көздегені жөнінде ант сұрамас еді. Тирмизидің түсіндірмесінде Омардың (р.а.) мұны бір талақ, ал Әлидің (р.а.) үш талақ деп санағаны айтылады.

Ант етуі қажет кісі қазы сұрамай тұрып ант етсе, оның анты есепке алынбайды. Есепке алынғанда, Алла елшісі (с.а.с.) алдыңғы антын жеткілікті көріп, одан тағы ант сұрамас еді.

Хаттаби бұл үкімді Әбу Дәуіт келтірген нұсқаға сүйеніп шығарған. Онда Руқанә (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) жайын баяндағанда сөзін «Алланың атымен ант етемін» деп бастаған. Аудармада бұл сөз жақша ішінде берілген.

Қазы өзіне мәлім болған теріс іс үшін біреу шағым түсірмесе де, кінәліден жауап сұрай алады.

3. Кейбір ғалымдар бұл риуаятта мәтіндік алшақтық барын және оның Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде үш талақ біреу деп есептелгені жөніндегі Ибн Аббас риуаятымен үйлеспейтінін айтқан. Осы себептен оны әлсіз санап, амал етуге және дәлелге алуға жарамсыз деп білген.

  1. 1Тирмизи, Талақ 2, (1177); Әбу Дәуіт, Талақ 10, (2196), 14, (2206, 2207, 2208).
4050
Кутуб ситтә, № 4050 · тараудағы реті: 6

وَعَن مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّهُ كُتِبَ إِلَى عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مِنَ الْعِرَاقِ: أَنَّ رَجُلًا قَالَ لِإِمْرَأَتِهِ: حَبْلُكِ عَلَى غَارِبِكِ، فَكَتَبَ إِلَى عَامِلِهِ: أَنْ مُرْهُ أَنْ يُواَفِيَنِي بِمَكَّةَ فِي الْمَوْسِمِ، فَبَيْنَمَا عُمَرُ يَطُوفُ إِذْ لَقِيَهُ الرَّجُلُ فَسَلَّمَ عَلَيْهِ، فَقَالَ لَهُ عُمَرُ: مَنْ أَنْتَ؟ فَقَالَ: أَنَا الَّذِي أَمَرْتَ أَنْ أُجْلَبَ إِلَيْكَ، فَقَالَ لَهُ عُمَرُ: أَسْأَلُكَ بِرَبِّ هَذِهِ الْبَنِيَّةِ، مَاذَا أَرَدْتَ بِقَوْلِكَ: حَبْلُكِ عَلَى غَارِبِكِ؟ فَقَالَ الرَّجُلُ: لَوِ اسْتَحْلَفْتَنِي فِي غَيْرِ هَذَا الْمَكَانَ مَا صَدَقْتُكَ: أَرَدْتُ بِذَلِكَ الْفِرَاقَ فَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: هُوَ مَا أَرَدْتَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен хабарда Иракта бір ер адам әйеліне: «Тізгінің өз қолыңда», – деп айтқан. Бұл жайында Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) хат жазылды. Омар сол жердің әкіміне: «Ол кісіге қажылық маусымында Меккеде маған жолықсын деп бұйыр», – деп жазды. Омар Қағбаны тауап етіп жүргенде, әлгі кісі келіп, сәлем берді. «Сен кімсің?» – деген сұраққа: «Сізге жолығуға бұйырылған адаммын», – деді. Омар: «Мына Үйдің Раббысымен ант еткізіп сұраймын. “Тізгінің өз қолыңда” дегенде нені көздедің?» – деді. Әлгі кісі: «Мені мына қасиетті жерден басқа жерде антқа шақырсаңыз, шындықты айтпас едім. Ол сөзбен ажырасуды көздедім», – деп жауап берді. Омар: «Үкімі өзің көздегендей болады», – деді.1

Түсіндірме

«Жүгенің өз мойныңда» – талақты тұспалдап білдіретін сөздердің бірі. Онымен әртүрлі нәрсені көздеуге болатындықтан, үкім де ниетке қарай өзгереді. Омар (р.а.) әуелі әлгі кісіден не айтқысы келгенін сұрап, содан кейін үкім берген. Имам Мәлик «Муаттада» ерлі-зайыптының жақындасқан-жақындаспағанына қарамастан, бұл сөз үш талаққа саналатынын айтқан.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Талақ», 5 (1/551).
4051
Кутуб ситтә, № 4051 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ يَقُولُ: فِي الْخَلِيَّةِ وَالْبَرِيَّةِ، كُلُّ وَاحِدَةٍ مِنْهُمَا ثَلَاثُ تَطْلِيقَاتٍ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ жеткізгендей, Ибн Омар (р.а.) «халия» мен «бәрия» сөздерінің әрқайсысын үш талаққа жатқызған.1

Түсіндірме

«Халия» мен «бәрия» – ажырасуды тұспалдап білдіретін сөздер. Сөзбе-сөз «халия» – «жүгенінен бос түйе», «бәрия» – «күйеуінен босаған әйел» деген ұғымды береді. Ибн Омардың пікірінше, ер адам әйеліне «Сен жүгенінен бос түйедейсің» не «Күйеуінен босаған әйелдейсің» деген секілді сөз айтса, бұл үш талаққа саналады.

Имам Мәлик осы және соған ұқсас тұспал сөздерді ері жақындасқан әйелге қатысты үш талақ деп санаған. Ерлі-зайыпты әлі жақындаспаса, ерінен бір не үш талақты көздегені сұралады. Бір талақты көздегенін айтса, оған ант еткізіледі.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Талақ», 7 (1/552).
4052
Кутуб ситтә, № 4052 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ يَقُولُ فِي الرَّجُلِ يَقُولُ لِامْرَأَتِهِ أَنْتِ عَليَّ حَرَامٌ: أَنَّهَا ثَلَاثُ تَطْلِيقَاتٍ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен хабарда Әли (р.а.): «Ер адам әйеліне “Сен маған харамсың” десе, бұл – үш талақ», – дейтін.1

Түсіндірме

Ерінің әйеліне «Сен маған харамсың», «Маған харам боласың» деген тәрізді сөздері қанша талақты білдіретіні даулы. Ибн Абдулбәрр сегіз пікір келтірген. Солардың ішінде Имам Мәликтің ұстанымына тоқталайық. Ол өз жинағында ері жақындасқан әйелге бұл сөз айтылса, ерінің ниетін сұрамай-ақ үш талаққа есептелетінін жазған. Риуаятқа қарағанда, Әли (р.а.) де осы пікірде болған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Талақ», 6 (1/552).
4053
Кутуб ситтә, № 4053 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهُ قَالَ: مَنْ حَرَّمَ امْرَأَتَهُ فَلَيْسَ بِشَىْءٍ هِيَ يَمِينٌ يُكَفِّرُهَا، وَيَقُولُ: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، اللَّفْظُ لَهُمَا وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Кім әйелін өзіне харам етсе, онымен талақ түспейді. Бұл – ант. Ол антының кәффаратын өтейді», – деп, мына аятты келтірген: ﴿لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِى رَسُولِ ٱللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُوا۟ ٱللَّهَ وَٱلْيَوْمَ ٱلْـَٔاخِرَ وَذَكَرَ ٱللَّهَ كَثِيرًا﴾ «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят).1

  1. 1Бұхари, Талақ 8, Тәпсір, Тахрим 1; Мүслим, Талақ 19, (1473); Нәсәи, Талақ 16, (6, 151).
4054
Кутуб ситтә, № 4054 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْهُ: «أَتَى رَجُلٌ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَ: إِنَّى جَعَلْتُ امْرَأَتِي عَلَيَّ حَرَامًا، فَقَالَ: كَذَبْتَ لَيْسَتْ بِحَرَامٍ، ثُمَّ تَلَا هَذِهِ الْآيَةَ: يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ لَمْ تُحَرِّمُ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكَ ثُمَّ قَالَ: عَلَيْكَ أَغْلَظُ الْكَفَّارَةِ: عِتْقُ رَقَبَةٍ».

Қазақша аудармасы

Нәсәи келтірген риуаятта бір кісі Ибн Аббасқа (р.а.): «Әйелімді өзіме харам еттім», – деді. Ибн Аббас: «Олай деуің жөнсіз. Ол саған харам болған жоқ», – деп, мына аятты оқыды: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَ تَبْتَغِى مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَ﴾ «Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның разылығын қалап, көңілін табам деп, неліктен Алланың адал еткенін өзіңе харам қыласың?!» («Тахрим» сүресі, 1-аяттан). Содан кейін: «Саған ең ауыр кәффарат жүктеледі: бір құлды азат етесің», – деді.1

Түсіндірме

1. Бұл тұста «Тахрим» сүресінің түсу себептері қарастырылады. Риуаят бойынша, ерінің әйеліне «Сен маған харамсың» деуі – ант. Осыған ұқсас сөзді Алла елшісі (с.а.с.) да айтқан, одан кейін «Тахрим» сүресі түскен. Сүреде антты бұзуға қатысты үкім баяндалған. Ибн Аббас риуаятының мағынасы осы.

Кітаптың үшінші томында бұл сүренің түсуіне бірнеше себеп айтылғанын көрсеткен едік. Сол себепті жалқы түрде «сәбәб ән-нузул» деуден гөрі көпше түрде «әсбаб ән-нузул» деген орынды. Онда риуаятқа сай себептердің біріне, бал сусынына қатысты оқиғаға тоқталғанбыз (№219–223). Бұл жерде оны қайталамай, тақырыпқа қатысы бар екінші себепті келтіреміз.

Тәпсірлерде келтірілген бір нұсқада сүренің түсуіне Алла елшісінің (с.а.с.) күңі Мәрияға (р.а.) қатысты оқиға себеп болған. Нәсәи мен Табари Әнәс пен Зәйд ибн Әсләмнан жеткен, бірін-бірі толықтыратын риуаяттар келтіреді. Соларға қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) бір күні ұлы Ибраһимнің анасы Мәриямен жұбайы Хафсаның бөлмесінде жақындасқан. Хафса ренжіп: «Уа, Алла елшісі, менің бөлмемде, менің төсегімде мұны қалай істедіңіз?» – деген. Алла елшісі осыны құпия ұстау шартымен Мәрияны өзіне харам еткен. Хафса: «Уа, Алла елшісі! Өзіңізге адал нәрсені қалай харам етесіз?» – деп сұрағанда, ол Мәриямен жақындаспауға ант берген. Осыдан кейін «Тахрим» сүресі түскен. Зәйд ибн Әсләм оқиғаны жеткізіп, ерінің әйеліне «Сен маған харамсың» деген сөзін лағу, яғни байыбына бармай айтылған сөз деп түсіндірген. Бұл сөзбен талақ түспейді. Егер кісі ант етсе, антының кәффаратын өтейді.

Ибн Аббас (р.а.) осы ұстанымды ұстанған, сөз болып отырған риуаят та соны көрсетеді. «Тахрим» сүресінде Алла Тағаланың анттың өтемін белгілегені баяндалады. Алла елшісіне (с.а.с.) антында табандап қалмай, кәффаратын өтеу бұйырылған. ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَ تَبْتَغِى مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَ وَٱللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның разылығын қалап, көңілін табам деп, неліктен Алланың адал еткенін өзіңе харам қыласың?! Алла − Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!» ﴿قَدْ فَرَضَ ٱللَّهُ لَكُمْ تَحِلَّةَ أَيْمَٰنِكُمْ وَٱللَّهُ مَوْلَىٰكُمْ وَهُوَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْحَكِيمُ﴾ «Алла қажет кезде анттарыңды бұза аласыңдар деп үкім шығарып, сендерге оның өтемін белгілеп берді. Алла сендердің қамқор иелерің! Ол – Алим (шексіз ілім иесі), Хаким (асқан даналық иесі)!» ﴿وَإِذْ أَسَرَّ ٱلنَّبِىُّ إِلَىٰ بَعْضِ أَزْوَٰجِهِۦ حَدِيثًا فَلَمَّا نَبَّأَتْ بِهِۦ وَأَظْهَرَهُ ٱللَّهُ عَلَيْهِ عَرَّفَ بَعْضَهُۥ وَأَعْرَضَ عَنۢ بَعْضٍ﴾ «Кезінде Пайғамбар жұбайларының біріне бір сыр айтқан еді. Алайда жұбайы ол сырды ашып қойғанда, Алла оны (елшісін) ашылған сыр жайынан хабардар етті. Сонда ол жұбайына ашқан сырының бір бөлігін айтып, бір бөлігін айтпады» («Тахрим» сүресі, 1–3-аяттар).

2. Ант кәффараты «Мәида» сүресінің 89-аятында айтылады. Онда мына амалдар көрсетілген.

1. ﴿إِطْعَامُ عَشَرَةِ مَسَٰكِينَ مِنْ أَوْسَطِ مَا تُطْعِمُونَ أَهْلِيكُمْ﴾ «өз бала-шағаларыңа беретін ас-ауқаттың орташа мөлшерінде он міскінді тамақтандыру»

2. ﴿أَوْ كِسْوَتُهُمْ﴾ «немесе он пақырды киіндіру»

3. ﴿أَوْ تَحْرِيرُ رَقَبَةٍ﴾ «я болмаса бір құлды азат ету»

4. ﴿فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَٰثَةِ أَيَّامٍ﴾ «Бұған шамасы жетпеген кісі үш күн ораза ұстасын»

Бұл амал ант ішкен адамның материалдық жағдайына қарай орындалады. Риуаятта ең ауыр кәффарат, яғни құл азат ету аталады. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Ибн Аббас сауал қойған кісінің дәулетті екенін білгендіктен, оған осы өтемді міндеттеген.

3. Бұл түсіндірмелер мәселенің фиқыһтық жағын да қамтиды. Жоғарыда айтылғандай, ерінің әйелін өзіне харам етуінің үкімі жөнінде әртүрлі пікір бар. Үкімді түсіну үшін ері әйеліне жақындасқан ба, әйел азат па, күң бе деген жайттар ескеріледі.

Ғалымдар осы жағдайларға қарай әртүрлі үкім берген.

а) Азат әйелге қатысты үкім

Ханафи мәзһабында ердің ниеті ескеріледі. Ер адам ажырасуды көздесе, байн, яғни қайтарымсыз талақ түседі. Үш не екі талақ ниет етсе, ниет еткен саны есепке алынады. Ештеңені көздемесе, бұл ант саналып, оның кәффараты өтеледі. Егер өтірік айтуды көздесе, ол лағу, яғни күші жоқ сөз болып, кәффарат та, талақ та жүрмейді.

Шәфиғи мәзһабында ер адам талақты ниет етсе, талақ, зиһарды көздесе, зиһар іске асады. Әйелін өзіне харам етуді ғана көздесе, сөз ант саналмаса да, анттың кәффараты жүктеледі. Ешбір ниеті болмағанын айтса да кәффарат өтейді. Шәфиғиден жеткен екінші пікірде бұл сөз лағу саналып, ешбір міндет жүктелмейді.

Имам Мәликтің кең тараған пікірі бойынша, ерлі-зайыптының жақындасқан-жақындаспағанына қарамастан, бұл сөзбен үш талақ түседі. Ер адам үштен аз талақты көздегенін айтса, әйелімен әлі жақындаспаған жағдайда ғана сөзі қабылданады.

ә) Күңге қатысты үкім

Имам Ағзамның пікірінше, кісі өзіне бір нәрсені, мейлі күңді, мейлі асты, харам етсе, ол өзіне харам болады. Антын бұзбаса, оған ештеңе жүктелмейді. Антын бұзса, ант кәффаратын өтейді.

Имам Шәфиғи күңіне «Сен маған харамсың» деген қожайынның ниетін ескерген. Оны азат етуді көздесе, азат болады. Өзіне харам етуді көздесе, сөзі ант саналмаса да, ант кәффаратын өтейді. Ештеңені ниет етпеген кісі де кәффарат өтейді.

Имам Мәлик күңге айтылған бұл сөзді лағу деп санап, ештеңе жүктелмейді деген.

  1. 1Нәсәи, Талақ 16, (6, 151).
4055
Кутуб ситтә, № 4055 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَجُلًا أَتَى ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَ: إِنَّي جَعَلْتُ أَمْرَ امْرَأَتِي بِيَدِهَا فَطَلَّقَتْ نَفْسَهَا، فَمَاذَا تَرَى؟ فَقَالَ ابْنُ عُمَرَ: أَرَاهُ كَمَا قَالَتْ؛ فَقَالَ يَا أَبَا عَبْدِالرَّحْمنِ: لَا تَفْعَلْ قَالَ: أَنَا أَفْعَلُ؟ أَنْتَ فَعَلْتَهُ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен хабарда бір кісі Ибн Омарға (р.а.) келіп: «Әйеліме өзіне қатысты шешім қабылдау құқығын беріп едім, ол менен ажырасуды таңдады. Бұған не дейсіз?» – деп сұрады. Ибн Омар: «Үкім әйелдің шешіміне сай болады деп білемін», – деді. Әлгі кісі: «Уа, Әбу Абдуррахман, бұлай етпеңіз!» – дегенде, ол: «Мұны мен істедім бе? Мұны жасаған өзің», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Әйелдің ісін өз қолына беру – ерінің оған талақ ету құқығын тапсыруы. Бұл тәсіл «әмр бил-яд» деп аталады. Ер адам «Өз ісің өз қолыңда» дейді. Осындай құқық алған әйел «Өзімді босаттым», «Өзімді саған харам еттім» не «Сен маған харамсың» секілді ажырасуды білдіретін сөз айтса, талақ түседі. Таңдау құқығы арқылы талақ айту туралы қосымша мәлімет «Жалпы түсіндірмелер» бөлімінде берілген.

  1. 1Муатта, Талақ 10, (2, 553).
4056
Кутуб ситтә, № 4056 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ خَارِجَةَ بْنِ زَيْدٍ قَالَ: «كُنْتُ جَالِسًا عِنْدَ زَيْدِ بْنِ ثَابِتٍ فَأَتَاهُ مُحَمَّدٌ ابْنُ أَبِي عَتِيقٍ، وَعَيْنَاهُ تَدْمَعَانِ، فَقَالَ لَهُ زَيْدٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَا شَأْنُكَ؟ فَقَالَ: مَلَّكْتُ امْرَأَتِي أَمْرَهَا فَفَارَقَتْنِي، فَقَالَ: مَا حَمَلَكَ عَلَى ذَلِكَ؟ قَالَ: الْقَدَرُ. قَالَ زَيْدٌ ارْتَجِعْهَا إِنْ شِئْتَ، إِنَّمَا هِيَ وَاحِدَةٌ، وَأَنْتَ أَمْلَكُ بِهَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Харижа ибн Зәйд былай дейді: «Зәйд ибн Сәбиттің (р.а.) жанында отырғанымда, Мұхаммед ибн Әбу Атиқ жылап келді. Зәйд: “Не болды?” – деп сұрады. Ол: “Әйеліме шешім қабылдау құқығын беріп едім, ол менен ажырасуды таңдады”, – деді. “Оған бұл құқықты беруге не итермеледі?” – дегенде, ол: “Тағдыр”, – деп жауап берді. Сонда Зәйд: “Қаласаң, әйеліңе қайта қосыла аласың. Бұл – бір талақ. Оған қайта қосылуға сенің құқығың басым”, – деді».1

Түсіндірме

Таңдау құқығы арқылы айтылған талақтың қайтарымды не қайтарымсыз екені және оның бір не үш талаққа саналатыны жөнінде әртүрлі пікір бар. Жалпы алғанда, ердің ниеті ескеріледі. Ер адам әйеліне құқықты бір, екі не үш талаққа беретінін алдын ала білдіре алады. Әйел де өзіне берілген құқықты қолданғанда қанша талақпен ажырасқанын айтуы керек.

Тәуфиз, яғни құқық беру шартсыз болса, үш талаққа саналатынын айтқандар бар. Мәселен, ері «Өзіңді босат» дегенде, әйел «Өзімді босаттым» десе, осы пікір бойынша үш талақ түседі.

Зурқанидің түсіндіруінше, бұл риуаят Зәйд ибн Сәбиттің (р.а.) таңдау құқығы берілген әйелдің ажырасуға құқығы бар деп есептегенін білдіреді. Алайда ол Мұхаммед ибн Әбу Атиққа «Сенің оған қайта қосылуға құқығың басым» деу арқылы, ердің әлі екі талағы қалғанын меңзеген болуы мүмкін.

  1. 1Муатта, Талақ 12, (2, 554).
4057
Кутуб ситтә, № 4057 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ مَسْرُوقٍ قَالَ: «مَا أُبَالِي خَيَّرْتُ امْرَأَتِي وَاحِدَةً، أَوْ مِائِةً، أَوْ أَلْفًا بَعْدَ أَنْ تَخْتَارَنِي، وَلَقَدْ سَأَلْتُ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَقَالَتْ: خَيَّرَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَفَكَانَ طَلَاقًا؟». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ

Қазақша аудармасы

Мәсруқ (рахимаһуллаһ) былай дейді: «Әйелім мені таңдаса, оған таңдау құқығын бір рет бердім бе, жүз рет пе, мың рет пе – бәрібір. Бұл туралы Айшадан (р.а.) сұрадым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) бізге таңдау еркіндігін берді. Сонда бұл талақ саналды ма?” – деді».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта өзіне таңдау берілген әйел күйеуін таңдаса, қосымша рәсім қажет болмайтыны айтылады. Мәһірді қайта беру немесе некені жаңарту талап етілмейді. Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына таңдау бергенін, бәрінің оны таңдағанын және мұның талаққа саналмағанын айтқан. Төрт мәзһаб осы үкімге келіскен.

Зәйд ибн Сәбит, Хасан Басри мен Ләйс ибн Сағд сияқты кейбір ғалымдар әйел күйеуін таңдаса да, таңдамаса да, таңдау құқығын берудің өзі байн талаққа жатады деген.

Хаттаби осы пікірді және оған қатысты таласты Имам Мәликтен жеткізген. Қади оны Имам Мәликке телуді қабылдамай, былай деген: «Бұл – әлсіз, қабылданбайтын пікір. Оны айтқандар осы хадисті көрмеген болуы керек. Көрсе, бұлай айтпас еді».

  1. 1Бұхари, «Талақ», 5; Мүслим, «Талақ», 25 (№1477); Әбу Дәуіт, «Талақ», 12 (№2203); Тирмизи, «Талақ», 4 (№1179); Нәсәи, «Никах», 2 (6/56).