Хадис

Көз тию

Кутуб ситтә, 9-том, 546-тарау · 4 хадис · № 4041–4044

Хадистер

4041
Кутуб ситтә, № 4041 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْعَيْنُ حَقٌّ، وَلَوْ كَانَ شَىْءٌ سَابَقَ الْقَدَرَ سَبَقَتْهُ الْعَيْنُ، وَإِذَا اسْتُغْسِلْتُمْ فَاغْسِلُوا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِي، وَلَمْ يَذْكُرْ: الْعَيْنُ حَقٌّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Көз тию – ақиқат. Егер бір нәрсе тағдырдан оза алса, көз тию озар еді. Сендерден жуынуды сұраса, жуыныңдар”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Сәлам», 42 (№2188). Тирмизи, «Тыбб», 19 (№2062, Жанан нөмірлеуінде №2063). Тирмизи нұсқасында «Көз тию – ақиқат» деген сөз жоқ.
4042
Кутуб ситтә, № 4042 · тараудағы реті: 2

وَلِلشَّيْخَيْنِ وَأَبِي دَاوُدَ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: الْعَيْنُ حَقٌّ». وَزَادَ الْبُخَارِيُّ: «وَنَهَى عَنْ الْوَشْمِ».

Қазақша аудармасы

Бұхари, Мүслим және Әбу Дәуіт Әбу Һурайрадан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Көз тию – ақиқат» дегенін жеткізген. Бұхари нұсқасында «Денеге таңба салуға тыйым салды» деген қосымша бар.1,2

  1. 1Жанан бұл қосымшаның Бұхариде, ал басқа аталған дереккөздерде көз тию туралы негізгі сөйлемнің келгенін нақтылайды.
  2. 2Бұхари, Тибб 36, Либас 86; Мүслим, Сәлам 41, (2187); Әбу Дәуіт, Тибб 15, (3879).
4043
Кутуб ситтә, № 4043 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ يُؤْمَرُ الْعَائِنُ أَنْ يَتَوَضَّأَ، ثُمَّ يَغْتَسِلَ مِنْهُ الْمَعِينُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Көз тигізген адамға дәрет алу бұйырылатын. Содан кейін көз тиген адам сол сумен жуынатын».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 15, (3880).
4044
Кутуб ситтә, № 4044 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ أَبِي أُمَامَةَ بْنِ سَهْلِ بْنِ حُنَيْفٍ أَنَّهُ سَمِعَ أَبَاهُ يَقُولُ: «اغْتَسَلَ أَبِي سَهْلٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِالْخَرَّارِ فَنَزَعَ جُبَّةً كَانَتْ عَلَيْهِ، وَعَامِرُ بْنُ رَبِيعَةَ يَنْظُرُ إِلَيْهِ، وَكَانَ سَهْلٌ شَدِيدَ الْبَيَاضِ حَسَنَ الْجِلْدِ، فَقَالَ عَامِرٌ: مَا رَأَيْتُ كَالْيَوْمِ، وَلَا جِلْدَ مُخَبَّأَةٍ عَذْرَاءَ، فَوُعِكَ سَهْلٌ مَكَانَهُ فَاشْتَدَّ وَعَكُهُ فَأُخْبِرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَقِيلَ لَهُ: مَا يَرْفَعُ رَأْسَهُ وَكَانَ قَدْ اكْتُتِبَ فِي جَيْشٍ، فَقَالُوا: هُوَ غَيْرُ رَائِحٍ مَعَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَاللَّهُ مَا يَرْفَعُ رَأْسَهُ، فَقَالَ: هَلْ تَتَّهِمُونَ بِهِ أَحَدًا؟ قَالُوا: عَامِرَ بْنَ رَبِيعَةَ. فَدَعَاهُ فَتَغَيَّظَ عَلَيْهِ وَقَالَ: عَلَامَ يَقْتُلُ أَحَدُكُمْ أَخَاهُ؟ أَلَا بَرَّكْتَ؟ اغْتَسِلْ لَهُ، فَغَسَلَ عَامِرٌ وَجْهَهُ وَيَدَيْهِ وَمِرْفَقَيْهِ وَرُكْبَتَيْهِ، وَأَطْرَافَ رِجْلَيْهِ، وَدَاخِلَ إِزَارِهِ فِي قَدَحٍ، ثُمَّ صَبَّ ذَلِكَ الْمَاءَ عَلَيْهِ رَجُلٌ مِنْ وَرَائِهِ، فَبَرَأَ مِنْ سَاعَتِهِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «الخَرَّارُ» بِخَاءِ مُعْجَمَةٍ وَرَاءَيْنِ مُهْمَلَتَيْنِ: مَوْضِعُ بِقُرْبِ الْجَحَفَةِ.وَ»الْمُخَبَّأَةُ»: الْمُخَدِّرَةُ.وَ»الْعَذْرَاءُ»: الْبَكْرُ.وَقَوْلُهُ «أَلَا بَرَّكْتَ»: أَىْ هَلَا دَعَوْتَ لَهُ بِالْبَرْكَةِ.وَ»دَاخِلُ الْإِزَارِ» الطَّرَفُ الَّذِي يَلِي جَسَدُ الْمُؤْتَزِرِ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Әбу Умама ибн Сәһл ибн Хунайф әкесінен мына оқиғаны естіген: «Әкем Сәһл (р.а.) Жухфа маңындағы Харрарда шомылу үшін шапанын шешті. Оған Амир ибн Рабиға қарап тұрған еді. Сәһл аққұба, терісі көрікті кісі еді. Амир: “Бүгінгідей көріністі көрген емеспін. Үйінен шықпай өскен бойжеткеннің терісі де мұндай болмас”, – деді. Сол сәтте Сәһлдің денесін қызу басып, халі нашарлап кетті. Бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) хабарлап: “Сәһл басын көтере алмай жатыр”, – десті. Сәһл жорыққа аттанатын әскердің тізімінде болатын. “Уа, Алла елшісі, ол сізбен бірге жүре алмайды. Аллаға ант етеміз, басын көтерер шамасы жоқ”, – деді олар. Алла елшісі (с.а.с.): “Біреуден күдіктенесіңдер ме?” – деп сұрады. Олар Амир ибн Рабиғаны атады. Оны шақыртып, Алла елшісі (с.а.с.) ашулана: “Неліктен бірің бауырыңды өлтіре жаздайсың? Неге оған береке тілемедің? Ол үшін жуын”, – деді. Амир бетін, екі қолын, шынтақтарын, тізелерін, аяқтарының ұшын және белдемшесінің денеге тиетін ішкі жағын бір ыдысқа жуды. Бір кісі сол суды Сәһлге арт жағынан құйды. Сәһл сол сәтте айықты».1

Түсіндірме

1. Төрт риуаят бірін-бірі толықтырады. Ғұламалардың түсіндірмесіне көшпес бұрын, олардағы негізгі ойларды жинақтайық.

1) Көз тию – ақиқат.

2) Көз тиюден сақтану шаралары бар.

3) Ұнаған нәрсені көргенде, көз тимесін деп «Бәрәкалла!» деп, береке тілейді.

4) Көз тиген адамды душар болған мазасыздығынан құтқару үшін, көзі тиген адам дәрет алып, дәрет суын бір ыдысқа жинап, оны көз тиетін жерлеріне құю керек. Олай болса, бөлімнің бірінші хадисінде (№4041) айтылған «... Сендерден көз тигені үшін жуыну талап етілсе, жуыныңдар!» – деген әмір – «көзің тиді» деген үкім шығарылып, көз тиген адамның сауығуы үшін дәрет алуларың талап етілсе, қарсыласпай, оның сауығуы үшін тәсіліне сай дәрет алып, дәрет суын беріңдер», – дегенді білдіреді. Енді осыларды түсіндірейік:

1. Көз тию – ақиқат

Ғұламалар «Көз тию – ақиқат» дегенді осы құбылысты мойындау деп түсінген. Алла елшісі (с.а.с.) оның әсерін білдіру үшін тағдырды мысалға алған: «Егер бір нәрсе тағдырдан оза алса, көз тию озар еді».

Ибн Хажар кейбір табиғатшылардың «Көз алыстан әсер ете ала ма?» деп күмәнданғанын айтады. Өзі адамдардың табиғаты әртүрлі екенін айтып, көзден шыққан у ауа арқылы екінші адамға жетуі мүмкін деген жорамалды келтіреді. Сондай-ақ өзіне ұнаған нәрсені көргенде көзінен ыстық шыққанын сезетінін айтқан адамның сөзін келтіреді. Осыған ұқсас мысал ретінде ол сол заманда тараған «Етеккірі келген кейбір әйел қолын сүтке салса, сүт бұзылады, ал тазарған соң бұлай болмайды. Мұндай әйел баққа кірсе, қолы тимесе де өсімдіктерге зиян келеді» деген нанымды атайды.

Жанан бұл пайымға ұқсас деп Ибн Баттал келтірген екі мысалды атайды. Ибн Баттал көз ауруы бар кісіге қараған адамның көзі ауырады деген сол замандағы түсінікті және бір кісі есінесе, қасындағылардың да есінейтінін мысал еткен.

Хаттаби хадисте көздің жанға ықпалы сөз болатынын және болмысты бес сезіммен сезілетін нәрселермен ғана шектейтін табиғатшылардың пікіріне жауап берілгенін айтады.

Мазири бұл құбылыстың Алланың заңы бойынша болатынын айтып, көзден көзге көрінбейтін бір зат шығады деген пікірді жорамалға жатқызады. Кейбір мұсылман табиғатшыларының пайымынша, көзден ұшқан нәзік зат көз тиген жерге жетіп, терінің тесіктерінен өтеді. У ішу мен өлімді бірге жаратқан Алла сол заттың денеге енуі мен өлімді де бірге жаратады деп түсіндірген. Мазири мұны кесіп айту қате деп, құбылысты Алланың заңдылығымен байланыстырған. Ибн Хажар оның түсіндіруін құптаған.

Мазири көз тиюді жоққа шығара алмаған кейбір табиғатшылардың «Көзден у секілді күш ұшып, ұнаған нәрсеге тиеді де, оған зиян келтіреді немесе өлімге ұшыратады. Мұны әфа жыланының назары2на ұқсатуға болады» деген жорамалын келтіреді.

Қасталани «Әл-Мәуаһиби ләдуннияда» Мазиридің сөзін келтіріп, көз тиюді жоққа шығармауға мынадай негіз ұсынады.

a) Болмысына қайшы емес,

ә) Қандай да бір ақиқаттың теріс өзгеруін тудырмайтын,

б) Бір дәлелді бұзуды қажет етпейтін кез келген нәрсе ақли тұрғыда орынды, дұрыс. Олай болса, Алла Тағаланың шариғатын адамдарға жеткізуші ардақты Пайғамбар (с.а.с.) (осындай ақли тұрғыда дұрыс) бір нәрсені хабарлаған болса, оны растау қажет. Мұны жоққа шығару, мағынасыз болады. Мұны теріске шығару мен ақырет турасындағы хабарларды теріске шығарудың арасында ешқандай айырмашылық жоқ». Осылайша, ол, сахих хадиспен дәлелденген бір мәселені теріске шығарудың діни кемшілігіне назар аудартады.

Ибн Хажар «Көз тию – ақиқат» хадисінен көз тиюдің әр кезде бірдей әсер етпейтіні туралы да тұжырым шығарған.

«Назар, көз тию – ақиқат» болумен қатар оның қалай жүзеге асатынын бүгінгі техникалық мүмкіндіктер түсіндіре алмай отыр. Көз тиюдің ақиқат құбылыс екені түрлі мысалдармен дәлелденген. Осыған ұқсас бір құбылыс – телапатия деп аталады. Телапатия – алыста жүрген екі адамның бір-бірімен ешбір құралсыз хабарласуы. Телепатия құбылысы бүгінде нақты анықталғанына қарамастан, оның қалай пайда болатыны белгісіз. Осы және сол сияқты құбылыстар технологияның жеткілікті ыждағаттылыққа қол жеткізе алмағанын және қанағаттанарлық нәтиже бере алмағанын меңзейді. Бізге көзі тиген адамның дәрет суында шипаның барының сахих хадистермен жеткізілуі, жақсы зертханалық және клиникалық зерттеуге шақырады. Терісімен дем алған адам әрдайым терлейді. Бұл терімен бірге ағзадағы зиянды заттар (токсиндер мен антигендер) сыртқа шығарылады. Дәрет суымен жиналған бұл заттар көз тиген адамға вакцина тәрізді емдік әсер етеді деп ойлауға болады».

2. Көз тиюге қарсы шаралар

Расулалла (с.а.с.) көз тиюдің хақ екенін баяндаған кезде, одан қорғанудың әдісі мен шарасын да баяндауы қалыпты жағдай. Өйткені хадистерде бұған арнайы тоқталғанын көреміз: «Муғәууизәтәйн» («Фәлақ», «Нас» сүрелері) оқу, «Фатиха» сүресі мен «Аятул-Курси» оқу, Расулалла (с.а.с.) үйреткен кейбір дұғаларды оқу.

Хадистерде келген дұғалардың бірі мынау: «Алланың кемел сөздерімен әрбір шайтаннан және өлтіруші у арқалап жүргендердің бәрінен Аллаға сыйынып, пана тілеймін. Алланың кемел сөздерімен бұларға не жақсы, не пасық, не жаман адамдар зұлымдық жасай алмайды. Алланың жаратқан, жоқтан бар етіп жасаған, кейіп пен пішін берген нәрселерінің жамандықтарынан, көктен түсетін жамандықтан, көкке өрмелейтін жамандықтан, түн мен күннің фитна-кесапаттарынан, есікті ізгі ниетпен қағатындардан басқа қағушылардың кесірлерінен саған сыйынамын, Уа, Рахман Раббым!»

Жәбірейілдің (а.с.) Алла елшісіне (с.а.с.) оқыған дұғалары былай жеткізілген: بِسْمِ اللَّهِ أَرْقِيكَ، مِنْ كُلِّ دَاءٍ يَشْفِيكَ، مِنْ شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ، وَمِنْ شَرِّ كُلِّ ذِي عَيْنٍ «Алланың атымен саған дем саламын. Алла сені әр дерттен сауықтырсын, күншілдің күндегендегі және көз тигізген әркімнің кесірінен сақтасын». بِاسْمِ اللَّهِ أَرْقِيكَ مِنْ كُلِّ شَيْءٍ يُؤْذِيكَ، مِنْ شَرِّ كُلِّ نَفْسٍ أَوْ عَيْنِ حَاسِدٍ، اللَّهُ يَشْفِيكَ، بِاسْمِ اللَّهِ أَرْقِيكَ.

Мүслимдегі нұсқасы: «Алланың атымен саған дем саламын. Саған зиян тигізетін әр нәрсенің, әр жанның жамандығынан немесе күншілдің көзінен сақтасын. Алла саған шипа берсін! Алланың атымен саған дем саламын».3

Көз тиюден сақтанудың іс жүзіндегі шаралары

Көз тию – біреу басқа біреудің сұлулығын ұнатып, оған қызғанышпен қарағанынан пайда болатыны себепті кейбір арғы-бергі айтулы кісілер көз тиюдің алдын алу үшін әдемілікті білдірмей, жасыруды, яғни кісінің өзін болсын, мейлі баласы болсын тым сәндеп, жұрттың назарын аудартпауға кеңес берген. Имам Бағауидің жеткізуі бойынша, әзірет Осман (р.а.) түрі келісті, сымбатты баланы көргенде, оның ата-анасына балаға көз тимеуі үшін бетін аздап қарайтып, жағымсыз қылып көрсетуге кеңес берген.

Көз тиюден сақтану туралы пәтуа

Ислам ғұламаларының бұл мәселеге қаншалықты мән бергенін кейбірінің көз тиюге қатысты пәтуа бергенінен де байқауға болады.

Пәтуаны келтірмес бұрын мынаны ескертейік. Хадиске түсінік берген ғалымдар оны сынға алмай, құптаған сөздермен келтірген. Іс жүзінде қолданылған-қолданылмағаны белгісіз. Біз оған мысал таба алмадық.

Тек теория жүзінде қалса да, пәтуаны білген пайдалы деп санаймыз: «Бір аймақтың басшысы (имам) көзі тигіш адамды білетін болса, оны қолдан келгенше адамдардың ортасынан алшақтатып, үйде ұстағаны орынды болады. Егер ол тұрмысы төмен кедей, табыс табу үшін сыртқа шығуға мәжбүр болса, оның жалақысын қамтамасыз етуі тиіс. Себебі оның зияны алапес адамдар тигізетін зияннан да көп болады. Әзірет Омар (р.а.) алапес адамдарға, адамдармен араласуға, халықтың арасында жүруге тыйым салған. Олар Расулалла (с.а.с.) жамағатқа келуге тыйым салған, сарымсақ-пияз жеген адамдардан әлдеқайда зиянды. Нәуәуи бұл туралы: “Бұл тұжырым дұрыс, ашық айтылған әрі бұған ешкім қарсы пікір білдірмеген”, – деген».

Көзі тиген адамға жаза беріле ме?

Көз тиюдің ресми сақтық шаралары жайлы талқылағанда ғалымдар, көзі тиген адамның қазы тарапынан жазаландырылу мәселесінде, өзара пікір қайшылығына түскен. Қуртуби айтады: «Көзі тиген адам егер зиян келтірсе, оны өтейді. Егер ол өлімге себеп болса, қысас, құн төлеу керек болады. Егер бұл әдетке айналып кететіндей қайталана беретін болса...»

Ибн Хажар айтады: «Шәфиғилер бұл мәселеде қысасқа (кек) үкім бермейді, керісінше, кек алуға тыйым салып «Мұндай адамды өлтіруге болмайды, зиян тигізді деп саналмайды», – дейді. Тіпті Нәуәуи де былай дейді: «Бұл адам құн да, кәффарат та төлемейді. Өйткені үкім қоғамда қалыптасқан жалпылама жағдайға қарай беріледі. Кейбір адамдарда ғана болатын жекелеген хал үшін емес. Негізі, көз тию құбылысы қызғаныш, іштарлық немесе ол адамға берілген нығметті көре алмай, жоқ болып кетуін қалаудан пайда болады. Сондай-ақ көз тиюден пайда болған нәрсе, кейде сол адамға қандай да бір жамандықты тудырады. Бұл жамандық оны өлтіру үкімін шығарумен тең бола алмайды. Ол адамға көз тиюдің әсерінен басқа жолмен де жамандық келуі мүмкін».

Ибн Хажар айтады: «Бұған тек қана сиқыршыны өлтіруге қатысты үкім орынды болады. Өйткені мұның халі оның жағдайына сәйкес келеді, екеуінің арасындағы айырмашылықты табу қиын».

3. Көз тигенде не істеген?

Расулалла (с.а.с.) жоғарыда келтірген көз тию құбылысына қарсы кейбір алдын алу шараларына кеңес береді. Олардың кейбірі көз тиген адамға қатысты. Ол мұндай кісілерге: «Кімде-кім өзіне қатты ұнаған бір нәрсе көрсе, “Машалла, бәракалла” десе, оның қараған нәрсесіне көз тимейді», – деп айтып, кеңес береді. №4044 хадисте бұл мәселе айтылған болатын.

Нәсәи және Ибн Мәжада, сондай-ақ, Әбу Умамадан жеткен хадистің басқа бір жолында: «Қайсыбірің бір бауырында ұнамды, сүйкімді бір нәрсе байқаса, ол үшін берекелі болғанын тілеп, дұға етсін («Машалла!» «Бәрәкалла!» деген секілді сөздерді айтсын) делінген. «Алла оны саған мүбәрак қылсын! Саған қайырлы етсін!» деген мағынаға келетін «Барәкалла» дұғасы, көз тиіп кетеді деп қорыққан сезімді кетіретіні айтылған. Ибн Абдул Бәрр айтады: «Кісі мұндай жағдайда «Тәбаракаллаһу ахсанул-халиқин», «Аллаһуммә барик фиһи» деп айту керек. «Кез келген бір нәрсені ұнатқан әрбір адамның берекет дұғасын оқуы уәжіп. Берекет дұғасын оқыған кезде, жайсыздық міндетті түрде толық кететін болады.

Ибн әс-Суннидің Сағид ибн Хакимнен жеткізген риуаяты бойынша «Расулалла (с.а.с.) өзінің көзінен қандай да бір зиян тиіп кетуінен қорқатын болса: “Аллаһуммә барик фиһи (Я, Алла оны мүбәрак қыла көр!)” дейтін және оған зиянын тигізбейтін».

Бәззардың Әнәстан (р.а.) жасаған бір түсіндірмесінде Расулалла былай дейді: «Кімде-кім бір нәрсені көріп ұнатқанда бірден “Машалла, лә қуәтә иллә билләһ” (Алла қаласа, Алладан өзгеде күш пен қуат жоқ) десе оның назары зиян тигізбейді».

Негізі, берекет тілеу дұғасының бірде-бір формуласы жоқ, оны әртүрлі етіп оқуға болады. Ең әсерлілері, хадистерде айтылған дұғалар. Біздің тілімізде ол «машалла» «баракалла» (бәрекелді) деп қалыптасып кеткен.

4. Көз тиген кісіге жасалған ем

1. Адамға көз тигізбеу үшін кеңес берген Расулалла (с.а.с.), бұған қарамастан көз тиіп, содан зардап шеккен адамды емдеуге нұсқаулық берген. Жоғарыдағы №4044 хадис аталмыш нұсқаулықты баяндайды. Қысқаша айтқанда: «Көзі өткен адам бір ыдысқа дәрет алады. Содан кейін жиналған су сырқаттанған адамның көз тиген жеріне құйылады». Алайда мұнда айтылған дәрет – толық намаз дәрет емес екенін, №4044 хадисте көрініп тұрғанындай, дәреттің бір түрі екенін атап өткен жөн. Кейбір хадистерде дәрет (уду) сөзі қолданылса, кейбіреулерінде ғұсыл және толық жуыну сөзі қолданады. Мұны біз намаз дәреті немесе жүніптіктен ғұсыл алу деп түсінбегеніміз жөн. Риуаяттар бойынша, бұл – дәрет алудың өзгеше сипаттағы бір түрі. Ол сипаттардың бірі аталмыш риуаятта айтылса да, кейбір маңызды тұстары бар. Мысалы, «аяқтың айналасы» сөзі мен «оң және сол аяқ саусақтарының асты» меңзелгені басқа риуаятта түсіндірілген.

Әбу Умамадан Зуһри жолымен жеткен, Нәсәи және басқа кейбір дереккөздерде келген бір риуаятта бұл оқиға былай түсіндіріледі: «Расулалламен (с.а.с.) бір топ сапарға шығып еді. Олардың жанында мен де болдым. Біз бір су көзіне келдік. Жухфадағы Харрар өткеліне жеткенде Сәһл ибн Хунайф бәрінің көзінше шомылды. Ол аққұба, сымбатты және келбетті еді...»

Ал мына хадисте кейбір айырмашылықтар бар: «Расулалланың бұйрығымен Амир бетін, қолдарын, шынтақтарын, тізелерін, аяқтарының айналасын (саусақтармен қосылған жерлері), изарының ішкі жағын бір ыдыстың ішіне жуды. Содан кейін біреу бұл суды науқастың артқы жағына және басына құйды. Сосын ыдысты тастай салды. Мұны істей салысымен Сәһл адамдармен түк болмағандай бірге жүрді».

Айта кету керек, бір топ ғалымдар көзі тиген адамның бұлай дәрет алу ісін уәжіп деген. Яғни, осы мақсатта дәрет алу талап етілген кезде, бұл талаптан бас тартуға болмайды. Олар: «Өйткені Расулалланың (с.а.с.) «Бауырың үшін дәрет ал» немесе «... Шомыл» деген бұйрықтары уәжіпті білдіреді», – дейді. Зурқани өз сөзінде былай деген: «Ешкімге, бауырына пайдасы тиетін қандай да бір іске бөгет болғаны немесе оған зиян тигізгені дұрыс болмайды. Әсіресе, егер ол өзінің кесірінен болса. Әйтпесе, оған қарсы қылмыс жасаған болады. Олай болса, көзі тиген адамға осы себепті ғұсыл алу (дәрет алуы) уәжіп».

5. Көз тиюге қатысты басқа үкімдер

Тақырыпты түйіндерде хадиске түсінік берген ғалымдар айтқан бірнеше үкімді келтірейік.

Шәрһ авторлары жуынуды руқияның пайдалы түрлеріне жатқызған.

Дәретке пайдаланылған су таза саналады.

Олардың пікірінше, көз тию кейде ажалға себеп болуы мүмкін.

Кейбір шәрһтарда арнайы жуынды су жүрекке ықпал етіп, көзден туған қызуды басады деп түсіндірілген.

№4044 хадистен әурет жерін жауып, ашық жерде шомылуға болады деген үкім шығарылған.

Шомылып жатқан адамның әуретіне қарамай, өзіне қарауға болады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) Рабиғаны қарағаны үшін кінәламаған, көргенде береке тілеуін айтқан.

6. Денеге таңба салуға тыйым

№4042 риуаятында денеге таңба салуға тыйым туралы қосымша келген. Бұл сөйлем Бұхари нұсқасында бар, Мүслим мен Әбу Дәуіт оны келтірмеген. Ибн Хажар мазмұны бөлек екі сөйлемді екі риуаят деп түсінуге болатынын, сол себепті Мүслим мен Әбу Дәуіт екінші бөлікті қоспаған болуы мүмкін екенін айтады. Одан кейін Бұхаридің екеуін қатар беруінің мәнін былай түсіндіреді: «Бұрынғы шәрһ авторлары айтпаған бір байланыс байқадым. Денесіне таңба салатын жұрт сыртқы келбеті өзгерсе, көз тимейді деп ойлаған. Алла елшісі (с.а.с.) көз тиюдің ақиқат екенін айта отырып, денеге таңба салуға тыйым салған. Демек, көзден қорғану үшін Сүннетте айтылмаған мұндай амалдың пайдасы жоқ. Алланың тағдырға жазып, қалағаны болады».

7. Көз тию және тағдыр

Көз тию сөз болғанда оның тағдырға қатысы да қарастырылады. Ғалымдардың түсіндіруінше, көз тиюдің ақиқат екеніне сену тағдырға сенімге нұқсан келтірмейді.

Ибн Хажар былай дейді: «Әһл-сүннет уәл-жамағат сенімі бойынша, адамның назары екінші адамға зиян тигізуі мүмкін. Бұл кездейсоқ құбылыс емес, екі адам кездескенде бірінің екіншісіне ықпалы Алланың заңы бойынша жүзеге асады».

Әсіресе, Хаттаби өзінің ашық сөздерімен, философтардың «көздегі табиғаты белгісіз бір «мағына» қарсы тарапқа зиян келтіреді» деген пікірінің жаңсақ екеніне назар аудартады. Ол бұл құбылыстың зияндылығы Алланың заңдылығы бойынша жүзеге асатынын қатаң ескертіп, былай дейді: «Алла өзінің заңдылығын денелер мен рухтарға бөлетін бірнеше күштердің қатысуымен орындайды. Негізінде, кісі өзіне ұялатын адамы қараған кезінде, бұрын-соңды болмаған қызару пайда болып, ұялады. Қорқатын адамды көргенде оның жүзі сарғаяды. Көптеген адамдар қорқатын нәрселерді жеке өзі көргенде мазасызданып, күш-қуаты әлсірейді. Осы оқиғалардың барлығы Алланың рухтарда жаратқан «әсерлерінен» пайда болады. Негізі, бұл құблыстың пайда болуында әсер етуші – көз емес, әсер – рухқа тиесілі болады. Рухтар – табиғаты, күші-қуаты, жағдайы (халі) хауасы (сезімдері) әртүрлі болады. Кейбір рухтар залым және халінің қауіпті болуы себепті денеге бір қарағаннан-ақ әсер етеді, оған жанасуы шарт емес.

Сөз түйіні: Әсер Алланың қалауы және жаратуымен болады, дененің арнайы тиюіне байланысты емес. Расында, кейде дененің тиюімен де болады, кейде бетпе-бет келумен, кейде бір қараумен, кейде рухтың ықыласымен пайда болады. Бұған қоса, дұға, дем салу, Аллаға жалбарыну арқылы пайда болатын әсерді де көрсетуге болады. Сондай-ақ әсердің қайғыру және қиял арқылы да пайда болатыны ақиқат. Қараған адамның көзінен шыққан нәрсе – рухани оқ, ол қорғалмаған денеге тисе әсер етеді. Егер дене қорғалған болса оған оқ өтпейді, керісінше, иесіне кері оралуы мүмкін. Материалдық оқ осындай емес пе?

Талақ бөлімі

«Талақ» араб тілінде «байлауды шешу» дегенді білдіреді. Ол «босату», «тастап кету» мағыналарындағы «итлақ» сөзінен тараған. Шариғатта әйел мен еркектің неке шартымен бекіген байланысын үзу мағынасында қолданылады.

Жанан христиандықпен салыстыра отырып, Исламда талаққа рұқсат берілгенімен, оның құпталмайтынын айтады. Ажырасу қоғамға да салмағын түсіреді: балалар қараусыз қалуы, тәрбиесі ақсауы, отбасылар мен жеке адамдар арасында алауыздық тууы мүмкін. Отбасы берік болып, адамдар бір-біріне сүйеніш болса, қоғамның да ынтымағы бекиді. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылман отбасыларына ажырасуды ұсынбаған. Оған телінетін бір риуаятта «Аллаға адал істердің ең сүйкімсізі – талақ» делінген. Сондықтан оған себепсіз жүгінуден сақтанған жөн.

Ислам фиқһында талақтың егжей-тегжейлі қағидалары бар. Олар ердің де, әйелдің де құқығын қорғауға бағытталған. Ғұламалар талақты осы қағидаларға сүйеніп бірнеше түрге бөлген.

1. Харам талақ – бидғат талақ. Оның бірнеше түрі бар. Оларға төменде тоқталамыз.

2. Мәкруһ талақ – әйелдің жағдайы жақсы болып тұрғанда, орынды себепсіз талақ ету.

3. Уәжіп талақ – ерлі-зайыпты қатты араздасқанда, «Ниса» сүресінің 35-аятына сай тағайындалған екі төрешінің ажырасу туралы шешіміне негізделген талақ.

4. Мәндуб талақ – әйел арсыздыққа барған жағдайда құпталатын талақ.

5. Мүбах талақ – ерінің әйеліне көңілі толмауы, ерлі-зайыптылық қатынасқа қанағаттанбауы немесе отбасылық міндетті көтеруге зауқы соқпауы себепті айтылатын талақ. Ибн Хажар Нәуәуидің осы түрді терістегенін жеткізген.

Талақтың орындалуына қарай үш түрі бар.

1. Сүннет талақ – ердің етеккірінен тазарған әйеліне сол тазалық кезінде жақындаспай тұрып «Сені талақ еттім» деуі. Ибн Мәсғуд Алла Тағаланың ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ إِذَا طَلَّقْتُمُ ٱلنِّسَآءَ فَطَلِّقُوهُنَّ لِعِدَّتِهِنَّ وَأَحْصُوا۟ ٱلْعِدَّةَ﴾ «Уа, Пайғамбар! Әйелдеріңді талақ ететін болсаңдар, олардың иддат мерзімін есепке ала отырып талақ етіңдер және иддат мерзімін жақсылап есептеңдер» («Талақ» сүресі, 1-аят) деген әмірін әйел етеккірінен тазарған кезде, онымен жақындаспай тұрып талақ ету деп түсіндірген. Сахабалар мен табиғиндердің көбі де осы пікірде болған.

Сүннет талақ «ахсан» және «хасан» болып бөлінеді. Ерлі-зайыпты жақындаспай, ері әйеліне үш етеккір аралығындағы тазалық кездерінде бір-бірден үш рет талақ айтса, оны «хасан» дейді. Ер әйеліне ашық сөзбен бір ражғи талақ айтып, үш етеккір бойы жақындаспай, иддат мерзімін өткізсе, ажырасу жүзеге асады. Мұны «ахсан» дейді.

2. Бидғат талақ – әйеліне етеккірі кезінде немесе тазарған соң онымен жақындасып қойған тазалық мерзімінде талақ айту. Екінші жағдайда әйел жүкті болып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл талақ бидғат саналады.

3. Сүннетке де, бидғатқа да жатқызылмайтын талаққа етеккірі әлі басталмаған, етеккірі тоқтаған, босанар күні жақындаған немесе күйеуімен әлі жақындаспаған әйелге айтылған талақ жатады. Үкімді білетін әйелдің өз өтінішімен болған ажырасу да осыған кіреді. Шәфиғилер мұны талақ деп санайды. Етеккір кезінде талақ ету негізінен харам болғанымен, осы секілді ерекшеліктер бар.

  1. 1Муатта, Айн 1, (2, 938).
  2. 2«Әфа» улы жыланды білдіреді. Осы шәрһтағы мысалда оның бір түрі алыстан көз салған тіршілік иесі сұлқ түсіп өлген деген көне түсінік келтіріледі.
  3. 3Ахмад, «Муснад», №25272 (Айша); Мүслим, «Сәлем», №2186 (Әбу Сағид). Жәбірейілдің (а.с.) оқыған дұғалары.