وَعَنْهُ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿إِنِّي مُتَوَفِّيكَ﴾، أَيْ: مُمِيتُكَ. أَخْرَجَهُمَا الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.
Ибн Аббас (р.анһума) ﴿إِذْ قَالَ اللَّهُ يَا عِيسَىٰ إِنِّي مُتَوَفِّيكَ وَرَافِعُكَ إِلَيَّ وَمُطَهِّرُكَ مِنَ الَّذِينَ كَفَرُوا وَجَاعِلُ الَّذِينَ اتَّبَعُوكَ فَوْقَ الَّذِينَ كَفَرُوا إِلَىٰ يَوْمِ الْقِيَامَةِ ۖ ثُمَّ إِلَيَّ مَرْجِعُكُمْ فَأَحْكُمُ بَيْنَكُمْ فِيمَا كُنْتُمْ فِيهِ تَخْتَلِفُونَ﴾ «Сол кезде Алла: “Уа, Иса! Енді сені бақиға аттандырамын. Сені Өз дәргейіме көтеріп әкетемін һәм күпірлік қылғандардан құтқарып, кінәсіз екеніңді паш етемін. Қиямет-қайымға дейін соңыңнан ергендердің мерейін күпірлікте табандағандардан үстем етемін. Содан кейін бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда фәниде бір-біріңмен таласып-тартысқан мәселелеріңе қатысты Өзім үкім шығарамын”, – деп айтты»1 деген аяттағы «Енді сені бақиға аттандырамын» тіркесін «Жаныңды Өзім аламын» деп түсіндірген.
Түсіндірме
Ғалымдар Иса пайғамбарға қатысты аяттағы «мутауффика» сөзіне әртүрлі мағына берген. Бұл сөздің түбірі – «тәуаффи», яғни «толықтай алу». Тірі жанға қатысты айтылса, ажалы жеткенде жанын алу дегенді білдіреді. Айқын дәлел болғанда ғана сөзге өзге мағына беруге болады. Иса пайғамбар жөніндегі мына аят осы сөзді тура мағынасында түсінуді қиындатады. ﴿وَقَوْلِهِمْ إِنَّا قَتَلْنَا الْمَسِيحَ عِيسَى ابْنَ مَرْيَمَ رَسُولَ اللَّهِ وَمَا قَتَلُوهُ وَمَا صَلَبُوهُ وَلَٰكِنْ شُبِّهَ لَهُمْ ۚ وَإِنَّ الَّذِينَ اخْتَلَفُوا فِيهِ لَفِي شَكٍّ مِنْهُ ۚ مَا لَهُمْ بِهِ مِنْ عِلْمٍ إِلَّا اتِّبَاعَ الظَّنِّ ۚ وَمَا قَتَلُوهُ يَقِينًا﴾ «Һәм олардың Алланың елшісі Мәриямұлы Иса Мәсіх жайлы “Біз оны өлтірдік” деп мақтанғандықтан (Алла жүректерін мөрлеп тастады). Алайда олар оны өлтіре де алмады, айқышқа керіп аса да алмады. Бірақ олардың көзіне солай көрінді. Расында, Иса жайлы таласып-тартысқандардың да бұл мәселеде күмәндары жоқ емес. Олардың бұл мәселеде нақты білімі жоқ, тек ой-жорамалға сүйенеді. Анығында, олар оны өлтіре алмады.»2 Келесі аятта ﴿بَلْ رَفَعَهُ اللَّهُ إِلَيْهِ﴾ «Алайда Алла оны Өз дәргейіне көтеріп әкетті»3 делінеді.
Құранда айтылған Иса пайғамбардың көкке көтерілуі Кітап иелерінің арасында пікірталас туғызған. Ислам ғалымдары да бұл оқиғаны әртүрлі түсіндірген. Алла елшісінің (с.а.с.) «Иса өлген жоқ, қияметке дейін сендерге қайтып келеді» деген сөзіне және осыны қуаттайтын риуаяттарға сүйенген ғалымдардың ұстанымы мынадай. Иса пайғамбар көз жұмған да, өлтірілген де жоқ. Оған қастандық жасалғанда, Алла оны рақымымен көкке көтерді. Қастандық жасағандар оны өлтірдік деп ойлады. Иса қияметтен бұрын жерге түсіп, өзіне жүктелген істерді атқарады. Содан соң ажалы жетіп, жан тапсырады. Хадистерде оның жер бетінде әділет орнататыны, Дәжжалды өлтіретіні, біраз уақыттан кейін дүниеден өтіп, мұсылмандардың оның жаназасын оқып, жерлейтіні баяндалған.