وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَدْعُو عَلَى صَفْوَانَ بْنِ أُمَيَّةَ، وَسُهَيْلِ بْنِ عَمْرٍو، وَالْحَارِثِ بْنِ هِشَامٍ، فَنَزَلَتْ: ﴿لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذِّبَهُمْ فَإِنَّهُمْ ظَالِمُونَ﴾». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Ибн Омар (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафуан ибн Үмәйяға, Суһәйл ибн Амрға және Харис ибн Һишамға қарсы дұға етті. Сонда мына аят түсті. ﴿لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذِّبَهُمْ فَإِنَّهُمْ ظَالِمُونَ﴾ “Әсілі, сенің бұл іске еш қатысың да, ықпалың да жоқ. Алла қаласа, оларды тәубеге келтіріп, күнәларын кешіреді, қаласа, оларды залымдар ретінде азаптайды.”1».2
Түсіндірме
Бұл аят Алла елшісінің (с.а.с.) Ухуд шайқасында кейбір мүшріктерге қарсы жасаған дұғасына байланысты түсті. Сира еңбектерінде сол күнгі ауыр жағдай егжей-тегжейлі баяндалады. Алла елшісінің жүзі жараланып, бір тісі сынып, иығына жебе тиген. Ол жүзінен аққан қанды сүртіп жүріп, дұшпанға жебе атқан. Риуаяттарда оның осындай қиын сәтте Әбу Суфиян, Сафуан ибн Үмәйя, Суһәйл ибн Амр және Харис ибн Һишамның атын атап, Алладан оларға лағынет тілегені айтылады. Осыдан кейін түскен аят Алла елшісіне (с.а.с.) ескерту жасап, мұндай дұғаға тыйым салды.
Сол күні Исламға қарсы тұрған Құрайыш басшылары кейін Мекке азат етілген тұста мұсылман болып, дінге шын ықыласымен қызмет етті.
Әбу Суфиян – Мұғауияның әкесі. Ухуд пен Хандақ шайқастарында Құрайышты басқарды. Мекке азат етілген тұста мұсылман болып, Хунайн мен Тайыф жорықтарына қатысты.
Харис ибн Һишам – Әбу Жәһилдің бауыры. Бәдір мен Ухудта мүшріктердің сапында болды. Бәдірде майданнан шегініп, аман қалды. Мекке азат етілгенде Исламды қабылдап, ықыласты сахабалардың қатарынан орын алды. Кейін Шамға жорыққа аттанып, сол жақта қалды. Түсіндірмеде оның һижраның 18-жылында Амуас обасы кезінде қайтыс болғаны айтылады.
Сафуан ибн Үмәйя Мекке азат етілген күні қашып кеткенімен, кейін Алла елшісіне (с.а.с.) қосылды. Исламды әлі қабылдамаған күйінде мұсылмандармен бірге Хунайн мен Тайыф жорықтарына қатысты. Ол көңілі жібітілуі көзделген «муәлләфатул-қулуб» қатарында еді. Алла елшісінің (с.а.с.) жомарттығын көріп, мұсылман болды. Ярмұқ жорығына мұсылман болып қатысты. Саид Нұрси мұсылмандардың Ухудтың соңында және Хунайнның басында жеңіліс табуының хикметін былай түсіндірген: «Ол кезде мүшріктердің арасында кейін Халид секілді көрнекті сахабалармен қатар тұратын талай адам бар еді. Алланың хикметі олардың абыройын біржола түсірмей, келешекте жасайтын ізгі істерінің қарымтасын сол кезде-ақ нәсіп етті. Бұрын мұсылман болған сахабалардың кейін сахаба болатындардан жеңіліс табуында осындай мән бар. Кейінгі сахабалар Исламды қылыштың жүзінен сескенгеннен емес, ақиқаттың нұрына құштар болып қабылдасын, айбынды болмысы қорланбасын деген хикмет көзделді».