وَعَنْ حُمَيْدِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَوْفٍ، أَنَّ مَرْوَانَ قَالَ لِبَوَّابِهِ: «اذْهَبْ يَا رَافِعُ إِلَى ابْنِ عَبَّاسٍ، فَقُلْ: لَئِنْ كَانَ كُلُّ امْرِئٍ مِنَّا فَرِحَ بِمَا أَتَى وَأَحَبَّ أَنْ يُحْمَدَ بِمَا لَمْ يَفْعَلْ مُعَذَّبًا، لَنُعَذَّبَنَّ أَجْمَعُونَ». فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: «مَا لَكُمْ وَلِهَذِهِ الْآيَةِ؟ إِنَّمَا أُنْزِلَتْ فِي أَهْلِ الْكِتَابِ». ثُمَّ تَلَا: ﴿وَإِذْ أَخَذَ اللَّهُ مِيثَاقَ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ لَتُبَيِّنُنَّهُ لِلنَّاسِ وَلَا تَكْتُمُونَهُ﴾، وَتَلَا: ﴿لَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوْا﴾ الْآيَةَ. وَقَالَ: «سَأَلَهُمُ النَّبِيُّ ﷺ عَنْ شَيْءٍ فَكَتَمُوهُ إِيَّاهُ، وَأَخْبَرُوهُ بِغَيْرِهِ، فَأَرَوْهُ أَنْ قَدِ اسْتُحْمِدُوا إِلَيْهِ بِمَا أَخْبَرُوهُ عَنْهُ فِيمَا سَأَلَهُمْ، وَفَرِحُوا بِمَا أَتَوْا مِنْ كِتْمَانِهِمْ إِيَّاهُ مَا سَأَلَهُمْ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Хумайд ибн Абдуррахман ибн Ауф былай дейді: «Мәруан есік күзетшісіне: “Рафиғ, Ибн Аббасқа барып мынаны айт. Егер әрқайсымыз істеген ісіне мәз болып, істемегеніне мақтау естігісі келгені үшін азапталса, онда бәріміз азапталамыз”, – деді. Мұны естіген Ибн Аббас: “Бұл аяттың сендерге не қатысы бар? Ол Кітап иелері туралы түскен”, – деді». Содан кейін мына екі аятты оқыды. ﴿وَإِذْ أَخَذَ اللَّهُ مِيثَاقَ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ لَتُبَيِّنُنَّهُ لِلنَّاسِ وَلَا تَكْتُمُونَهُ فَنَبَذُوهُ وَرَاءَ ظُهُورِهِمْ وَاشْتَرَوْا بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا ۖ فَبِئْسَ مَا يَشْتَرُونَ﴾ «Кезінде Алла Кітап иелерінен: “Кітаптағы ақиқаттарды ел-жұртқа ашық айтып жеткізетін боласыңдар һәм ондағы ақиқаттарды жасырмайсыңдар”, – деп уәде алған еді. Алайда олар ол уәдені қаперлеріне ілмей, бұзып, оны болмашы бағаға сатып жіберді. Расында, олардың бұл саудасы қандай жаман әрі зиянды еді!» ﴿لَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوْا وَيُحِبُّونَ أَنْ يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا فَلَا تَحْسَبَنَّهُمْ بِمَفَازَةٍ مِنَ الْعَذَابِ ۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ «Істеген жағымсыз істеріне мәз болғандарды һәм қолдарының ұшы тимеген істерді иемденіп, өздері атқарғандай мақтау естігенді қалайтындарды азаптан құтылады деп ойлама. Олар үшін жан төзгісіз азап бар.»1 Ибн Аббас сөзін былай жалғады: «Алла елшісі (с.а.с.) олардан бір мәселе жайын сұрады. Олар оның сұрағанын жасырып, басқа жауап берді. Сол жауабы үшін мақтау естігісі келіп, сұралған мәселені жасырып қалғандарына қуанды».2
Түсіндірме
Алла елшісінің (с.а.с.) яһудилерден не сұрағаны риуаяттарда ашық айтылмаған. Пайғамбардың өз сипаттары олардың Кітабында бар-жоғын сұрағаны, ал олардың тура жауаптан жалтарғаны айтылады. Осы аятты тәпсірлегенде Ибн Аббас: «Алла Тағала Тауратта “Ислам – Алланың құлдарына парыз еткен діні, Мұхаммед – Алланың елшісі” деп айтқан», – деген. Бұл түсіндірмеден оның сұрақтың мазмұны жайында пікірі болғанын аңғарамыз. Ибн Хажардың түсіндіруінше, «істегеніне мәз болу» – олардың Тауратта айтылған Пайғамбар сипаттарын жасырғанына қуануы. Ал «істемегені үшін мақтау күту» – олардың «Біз Ибраһим пайғамбардың дінін ұстанамыз» деуі.