وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَى: «أَنَّ جَمِيلَةَ كَانَتْ تَحْتَ أَوْسِ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، وَكَانَ رَجُلًا بِهِ لَمَمٌ، وَكَانَ إِذَا اشْتَدَّ لَمَمُهُ ظَاهَرَ مِنِ امْرَأَتِهِ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ فِيهِ كَفَّارَةَ الظِّهَارِ». «التَّتَابُعُ» التَّهَافُتُ فِي الشَّرِّ وَاللَّجَاجُ فِيهِ، وَلَا يَكُونُ إِلَّا فِي الشَّرِّ. وَمَعْنَى «نَزَوْتُ»: وَثَبْتُ عَلَيْهَا، وَأَرَادَ بِهِ الْجِمَاعَ. وَقَوْلُهُ «بِتْنَا وَحْشِينَ» أَيْ: لَا طَعَامَ لَنَا. يُقَالُ: أَوْحَشَ الرَّجُلُ إِذَا جَاعَ، وَتَوَحَّشَ إِذَا خَلَا بَطْنُهُ.
Әбу Дәуіттің бір нұсқасында: «Жәмила Әус ибн әс-Самиттің некесінде еді. Әустің ауық-ауық есі ауытқитын. Сол күйі күшейгенде әйеліне зиһар айтатын. Сонда Алла оның ісіне орай зиһар кәффараты туралы аят түсірді», – делінген.1
Түсіндірме
1. Жәмиланың (р.а.) басынан өткен жай мұнда қысқаша баяндалған. Өзге риуаяттарда оқиға толығырақ айтылады. Бір нұсқада Хуәйла деп аталған Жәмила күйеуі Әус (р.а.) зиһар айтқан соң, уайымдап Алла елшісіне (с.а.с.) келеді. Жаһилия дәуірінде зиһар талаққа саналатын. Мән-жайды тыңдаған Алла елшісі: «Сен күйеуіңе харам болдың», – дейді. Жәмила: «Бірақ күйеуім талақ деген сөзді айтпады ғой», – дегенде де, Алла елшісі жауабын қайталайды. Сонда Жәмила: «Мұңымды Аллаға шағамын», – деп, жүзін аспанға бұрып, Жаратушыға жалбарынады. Алла елшісі оны сабырға шақырып: «Алладан қорық. Ол әкеңнің бауырының ұлы ғой», – дейді. Әйел алған бетінен қайтпай, Аллаға шағымын айта береді. Сонда мына аяттар уахи етіледі: ﴿قَدْ سَمِعَ اللَّهُ قَوْلَ الَّتِي تُجَادِلُكَ فِي زَوْجِهَا وَتَشْتَكِي إِلَى اللَّهِ وَاللَّهُ يَسْمَعُ تَحَاوُرَكُمَا ۚ إِنَّ اللَّهَ سَمِيعٌ بَصِيرٌ الَّذِينَ يُظَاهِرُونَ مِنْكُمْ مِنْ نِسَائِهِمْ مَا هُنَّ أُمَّهَاتِهِمْ ۖ إِنْ أُمَّهَاتُهُمْ إِلَّا اللَّائِي وَلَدْنَهُمْ ۚ وَإِنَّهُمْ لَيَقُولُونَ مُنْكَرًا مِنَ الْقَوْلِ وَزُورًا ۚ وَإِنَّ اللَّهَ لَعَفُوٌّ غَفُورٌ وَالَّذِينَ يُظَاهِرُونَ مِنْ نِسَائِهِمْ ثُمَّ يَعُودُونَ لِمَا قَالُوا فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مِنْ قَبْلِ أَنْ يَتَمَاسَّا ۚ ذَٰلِكُمْ تُوعَظُونَ بِهِ ۚ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَصِيَامُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ مِنْ قَبْلِ أَنْ يَتَمَاسَّا ۖ فَمَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَإِطْعَامُ سِتِّينَ مِسْكِينًا ۚ ذَٰلِكَ لِتُؤْمِنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ ۚ وَتِلْكَ حُدُودُ اللَّهِ ۗ وَلِلْكَافِرِينَ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ «Алла күйеуіне қатысты өзіңе жолығып, сенімен дауласқан һәм Аллаға арыз айтып мұңын шаққан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің сөздеріңді естуде. Шүбәсіз, Алла – Самиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін көруші). Араларыңда әйелдеріне зиһар айтқандар біліп қойсын, әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін туған әйелдер ғана. Анығында, олар өте жағымсыз әрі жалған сөз айтуда. Соған қарамастан Алла Афу (кешірімі мол), Ғафур (өте кешірімді)! Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. Сендерге бұйырылған нәрсе, міне, сол. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар! Азат ететін құл таппаған, яки оған шамасы келмеген зиһар айтқан әйелімен жақындаспай тұрып, қатарынан екі ай үзбей ораза ұстауы керек. Оған да шамасы жетпегендер алпыс пақыр-міскінді тамақтандыруы ләзім. Бұл – Аллаға және Елшісіне кәміл иман келтірулерің үшін кесілген үкім. Бұлар – Алланың белгілеген шектеулері! Кәпірлер үшін жан төзгісіз азап бар!»2
Осы аяттар түскен соң Алла елшісі (с.а.с.): «Күйеуің бір құлды азат етсін», – дейді. Әйел: «Оған шамасы жетпейді», – деп жауап береді. «Онда екі ай қатарынан ораза ұстасын». «Уа, Алла елшісі! Күйеуім қартайған кісі, ораза ұстауға да шамасы келмейді». «Олай болса, алпыс мұқтажды тамақтандырсын». «Садақаға берер мүлкі де жоқ», – дейді әйел. Сонда Алла елшісі бір арақ құрма алғызады. Әйел: «Уа, Алла елшісі! Тағы бір арақ құрманы мен тауып берейін», – дейді. Пайғамбарымыз: «Жақсы істейсің. Барып, күйеуіңнің атынан алпыс мұқтажды тамақтандыр да, әкеңнің бауырының ұлына қайт», – дейді.
Әбу Дәуіт бұл риуаяттан Жәмиланың күйеуімен ақылдасып, рұқсатын алмастан оның атынан кәффарат өтегенін және Алла елшісінің (с.а.с.) мұны құптағанын аңғарамыз дейді.
2. Зиһар айтқан адам кәффаратын өтемейінше жарына жақындай алмайды. Ғалымдар бұл мәселеде ортақ пікірде. Кәффаратын өтемей жақындаса, міндеті мойнынан түспейді әрі кәффарат көбеймейді. Салт ибн Динар: «Кәффаратын өтемей тұрып әйеліне жақындаған адамның үкімін он шақты фақиһтан сұрадым. Бәрі “Бір ғана кәффарат өтейді” деді», – дейді. Төрт имам да осы пікірде.
Хасан Басри мен Ибраһим Нахағи кәффаратын өтемей тұрып әйеліне жақындаған еркек үш кәффарат өтеуі керек деген. Ал Зуһри, Сағид ибн Жубайр және Әбу Юсуф жақындаған жағдайда кәффарат түседі деген пікір ұстанған.
Ілім бөлімі
Қай дәуірде де ілім игерген адамдар мен қауымдар ел бастап, өзгеге жол көрсеткен. Ілімнің мәнін сөз еткенде, оның қайнары болған Құран аяттарынан бастаған жөн. Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) түскен алғашқы уахи ﴿اقْرَأْ﴾ «Оқы!» деген бұйрықпен басталған. Құранда ілімнің дәрежесі ﴿هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ﴾ «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?»3 және ﴿يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ﴾ «Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаз жандардың дәрежесін көтереді…»4 деген аяттарда да айқын көрінеді.
Ислам әлемінен тыс жұрттар да ілімнің маңызына айрықша көңіл бөліп, адамзатты оқып-білуге үндеп келеді. Олар келешектің тізгіні білімділердің қолында болатынын айтып жүр.