وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ: «ثُمَّ قَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى وَمَلَائِكَتَهُ وَأَهْلَ السَّمَاوَاتِ وَأَهْلَ الْأَرْضِ حَتَّى النَّمْلَةَ فِي جُحْرِهَا وَالْحِيتَانَ فِي الْبَحْرِ يُصَلُّونَ عَلَى مُعَلِّمِ النَّاسِ الْخَيْرَ».
Тирмизидің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) артынша былай дейді: «Алла Тағала адамдарға қайырлы ілім үйреткен жанға рақым етеді. Періштелер, аспан мен жердегілер, тіпті ініндегі құмырсқа мен теңіздегі балықтар да ол үшін игілік тілейді».1
Түсіндірме
1. Әли әл-Қаридің түсіндіруінше, құлшылыққа берілген кісі парыздарын дұрыс атқаруға жеткілікті ілім біледі және оларды толық орындайды. Ғалым да парыздарын толық атқарып, оған қоса шариғат ілімін терең меңгереді.
2. Алла елшісі (с.а.с.) ғалымның құлшылыққа берілген кісіден артықшылығын өзінің қарапайым сахабадан артықшылығына теңеген. Әли әл-Қари: «Алла елшісі бұл сөзбен ілімнің артықшылығын айрықша танытқан. Тіпті “Менің сендердің ең абзалдарыңнан артықшылығымдай” дегеннің өзі ілімнің қадірін көрсетуге жетер еді», – дейді.
3. Әли әл-Қаридің айтуынша, хадистегі періштелерге Аршты көтеруші періштелер де жатады. Ал жердегілер деп адам, жын, жан-жануар және өзге тіршілік иелері айтылған.
4. Хадистегі يُصَلُّونَ сөзі Аллаға қатысты рақым ету, ал періштелер мен өзге жаратылысқа қатысты игілік тілеу мағынасын білдіреді. Түсіндірмеде соңғысы кешірім сұрау немесе әртүрлі қайыр мен берекет тілеу деп те берілген.
5. «Қайырлы ілім үйреткен» дегенде, алдымен діни білім меңзеледі. Ол – дүниеде жөн сілтер бағдар, ақыретте құтылар жол. Екі дүниенің бақыты дінді үйреніп, үйретуге байланысты. Бүгінде «еңбек ету де ғибадат» деп, парыздарына селқос қарайтындар кездеседі. Парыздарын атқарған адамның адал еңбегі де ғибадат саналады. Ал парызын тәрк еткен кісінің еңбегі адал болса да, нұры кем. Оның ақыретте пайдасы тие ме, оны білмейміз. Құранда: ﴿الَّذِينَ يَسْتَحِبُّونَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا عَلَى الْآخِرَةِ وَيَصُدُّونَ عَنْ سَبِيلِ اللَّهِ وَيَبْغُونَهَا عِوَجًا﴾ «Ол кәпірлер дүние тіршілігін ақыреттен артық көреді, ел-жұртты Алланың жолынан қақпайлайды һәм оны қисық жол етіп көрсетуді қалайды»2, – делінген. Түсіндірме авторы бұл аятты ақыретке сенгенімен, соған сай амал етпей, «отбасымды асырағаным да ғибадат» деген желеумен парыздарын тәрк ететіндерге қатысты ескерту деп түсіндіреді. Тағы бір аятта: ﴿مَا أُرِيدُ مِنْهُمْ مِنْ رِزْقٍ وَمَا أُرِيدُ أَنْ يُطْعِمُونِ إِنَّ اللَّهَ هُوَ الرَّزَّاقُ ذُو الْقُوَّةِ الْمَتِينُ﴾ «Мен олардан ризық сұрамаймын, Мені тамақтандырғандарын да қаламаймын. Нағыз Раззақ – құдіретті күш иесі Алла!»3 – делінген.
6. Түсіндірме авторлары хадисте игілік тілеудің шарты ретінде қайырлы ілім үйрету аталғанына назар аударады. Шынайы қайыр адамды Аллаға жақындатып, азаптан құтылуға бастайды. Демек, хадистегі тілек қайырлы білім үйреткен кісіге арналған.
7. Ғалымға артықшылық берілуінің себебі де осы риуаяттан аңғарылады. Ғибадаттың нұры оны атқарған кісінің өзіне тиеді. Ал ілімнің игілігі жан-жағына тарайды. Ілім иесінің өзгелерге де жететін нұры осы себепті Пайғамбарымыздың нұрына ұқсатылған.