وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَلِكُلٍّ جَعَلْنَا مَوَالِيَ. قَالَ وَرَثَةً، وَالَّذِينَ عَقَدَتْ أَيْمَانُكُمْ؛ كَانَ الْمُهَاجِرُونَ لَمَّا قَدِمُوا الْمَدِينَةَ يَرِثُ الْمُهَاجِرُ الْأَنْصَارِيَّ دُونَ ذَوِي رَحِمِهِ لِلْأُخُوَّةِ الَّتِي آخَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بَيْنَهُمْ فَلَمَّا نَزَلَتْ، وَلِكُلٍّ جَعَلْنَا مَوَالِيَ نَسَخَتْهَا. ثُمَّ قَالَ: وَالَّذِينَ عَقَدَتْ أَيْمَانُكُمْ مِنَ النَّصْرِ وَالرِّفَادَةِ وَالنَّصِيحَةِ، وَقَدْ ذَهَبَ الْمِيرَاثُ وَيُوصِي لَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدُ.
Ибн Аббас (р.анһума) ﴿وَلِكُلٍّ جَعَلْنَا مَوَالِيَ مِمَّا تَرَكَ الْوَالِدَانِ وَالْأَقْرَبُونَ﴾ «Ата-ана мен өзге де жақын туыстар дүние салғаннан кейін, артында қалған мұраға иелік ететін мұрагерлер тағайындадық» деген аяттағы «мәуәли» сөзін «мұрагерлер» деп түсіндірген. Аяттың жалғасы туралы былай дейді: «﴿وَالَّذِينَ عَقَدَتْ أَيْمَانُكُمْ فَآتُوهُمْ نَصِيبَهُمْ﴾ “Әрі ант беріп өздеріңе мұрагер қылған адамдардың да тиісті сыбағасын беріңдер” деген сөздер Мәдинада қалыптасқан бауырластыққа қатысты. Меккелік мұһажирлер Мәдинаға келгенде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды ансарлармен бауырластырды. Соның негізінде мұһажир ансардың қандас туыстарынан бұрын оған мұрагер болатын. Мұрагерлердің тағайындалғаны туралы аят бұл тәртіптің күшін жойды. Енді бұл бауырластық өзара жәрдем, қолдау көрсету және ізгі кеңес берумен шектеледі. Мұрагерлік құқығы жойылғанымен, адам оған өз еркімен өсиет қалдыра алады».1
Түсіндірме
Хазиннің түсіндіруінше, «муақада», «муаһада», «мухалафа» және «әйман» сөздері осы тұста мәндес. №543 хадисте айтылғандай, арабтарда келісім мұрагерлікке негіз болатын. Екі адам қол алысып, уағдаға берік болуға ант ететін. Келісім кезінде әрқайсысы: «Қаным – қаның, басыма түскен бәле – басыңа түскен бәле. Дұшпаным – дұшпаның, соғысым – соғысың. Сен маған мұрагер бол, мен саған мұрагер болайын. Менің бітімім – сенің бітімің. Кегімді сен қайтар, кегіңді мен қайтарайын. Құнымды сен өтесең, құныңды мен өтейін.» – дейтін. Осылайша екі тарап бір-бірінің алдында құқықтық міндеттеме алатын. Әр тарап екіншісінің мал-мүлкінің алтыдан біріне ие болатын. Бұл тәртіп исламның алғашқы кезеңінде де қолданылды.
Ибн Аббастың айтуынша, антқа сүйенген мұрагерлік тәртібі «Әнфәл» сүресіндегі ﴿وَأُولُو الْأَرْحَامِ بَعْضُهُمْ أَوْلَى بِبَعْضٍ فِي كِتَابِ اللَّهِ﴾ «Ал ет жақын туыстарға келсек, Алланың кітабы бойынша олар бір-біріне мұрагер болуға әбден лайық» деген аят арқылы күшін жойған. Бұл жердегі жақындық мұрагерлік құқығына қатысты. Қандас туыстардың мұраға құқығы келісім арқылы туыстасқан адамдардың құқығынан басым.
- 1Бұхари, «Тәпсір», «Ниса», 7 (№4580), «Кәфалат», 2 (№2292), «Фараиз», 16 (№6747). Әбу Дәуіт, «Фараиз», 16 (№2921–2922).