وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ عَلِيَّ بْنَ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ فِي الْحَكَمَيْنِ اللَّذَيْنِ قَالَ اللَّهُ تَعَالَى فِيهِمَا: وَإِنْ خِفْتُمْ شِقَاقَ بَيْنِهِمَا فَابْعَثُوا حَكَمًا مِنْ أَهْلِهِ وَحَكَمًا مِنْ أَهْلِهَا الْآيَةَ: «إِنَّ إِلَيْهِمَا الْفُرْقَةَ بَيْنَهُمَا وَالِاجْتِمَاعَ».
Имам Мәликке жеткен риуаятта Әли (р.а.) ﴿وَإِنْ خِفْتُمْ شِقَاقَ بَيْنِهِمَا فَابْعَثُوا حَكَمًا مِنْ أَهْلِهِ وَحَكَمًا مِنْ أَهْلِهَا إِنْ يُرِيدَا إِصْلَاحًا يُوَفِّقِ اللَّهُ بَيْنَهُمَا إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلِيمًا خَبِيرًا﴾ «Ал егер ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуінен қорықсаңдар, ер адамның өз жұртынан бір әділ төреші, әрі әйелдің төркінінен де бір әділ төреші тағайындаңдар. Бұл екеуінің ниеті оларды жарастыру болса, сөзсіз, Алла тағала оларды қайта табыстырады. Шүбәсіз, Алла – Алим, Хабир»1 деген аятта аталған екі төреші жөнінде: «Ерлі-зайыптыларды ажырату немесе жарастыру туралы шешім осы екеуіне тапсырылған», – деген.2
Түсіндірме
Ерлі-зайыптылардың арасындағы дауды шешуге әуелі екі жақтан бір-бір төреші қатысады. Төрешілерді отбасы ішінен таңдаудың бірнеше себебі бар:
1. Туыстары отбасының ішкі жағдайын жақсы біледі.
2. Олар ерлі-зайыптылардың татуласуына шын ниетпен күш салады.
3. Ерлі-зайыптылар төрешілеріне сенім артып, араларындағы келіспеушілікті бүкпей айта алады. Мұндай мәселе кейде отбасы ішінде сақталуға тиіс сырға қатысты болады. Әр төреші өз жақынымен оңаша сөйлесіп, мән-жайды біледі. Содан соң екеуі бас қосып, білгендерін бір-біріне жеткізеді.
Төрешінің туыс болуы міндетті емес. Оны таңдау құқығы әуелі ерлі-зайыптыларға тиесілі. Бұл жөнінде туыстарымен ақылдасқандары – мұстахаб. Туыстары табылмаса немесе ерлі-зайыптылар өзара келіссе, бөгде адамды да төреші етіп тағайындауға болады.
Әлидің (р.а.) пікірінше, екі төреші ешкімге бұра тартпай, бір тоқтамға келсе, сол шешім негізге алынады. Имам Мәлик осы пәтуаға сүйеніп, төрешілер бірауыздан жарастыруға немесе ажыратуға тоқтаса, олардың шешімін ұстануды құп көрген.
Хасан Басри мен Әбу Ханифа төрешілер ерлі-зайыптыларды жарастыру үшін тағайындалады деген пікірді ұстанған. Аятта төрешілер жарастыруды қаласа, Алланың жәрдем ететіні айтылған. Ажырату құзыреті жөнінде нақты сөз жоқ. Имам Шафиғи күйеуі өз төрешісіне талақ не хұлағ жөнінде, ал әйелі өз төрешісіне өтем беру және өтем арқылы ажырасуға келісу жөнінде өкілеттік береді деген пікір айтқан.
Ғалымдардың төрешілер құзыреті жөнінде әртүрлі пікір айтуы аяттағы осы тұсқа байланысты. Күйеуі ажырату құқығын төрешіге тапсырса, бұл жөнінде дау туындамайды. Ал ондай өкілеттік берілмесе, сот екі тараптан толық құзыреті бар төреші таңдауды талап ете ала ма? Төрешілер ерлі-зайыптылардың өкілдері ме, әлде соттың өкілетті өкілдері ме? Сот өз бастамасымен ажырату туралы шешім шығара ала ма? Ғалымдар бұл сұрақтарға әртүрлі жауап берген. Аяттың негізгі өзегі – араны жарастырып, татулық орнату.