وَعَنْ أَبِي مِجْلَزٍ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ﴾، قَالَ: «هِيَ جَزَاؤُهُ، فَإِنْ شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى أَنْ يَتَجَاوَزَ عَنْهُ فَعَلَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу Мижлаз وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا «Ал енді кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – ішінде мәңгі-бақи қалып, азап шегетін тозақ болмақ…» деген аят туралы: «Бұл – оның жазасы. Алайда Алла қаласа, оны кешіреді», – деген.1
Түсіндірме
وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا «Ал енді кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – ішінде мәңгі-бақи қалып, азап шегетін тозақ болмақ…» деген аят жайында Куфа ғалымдары әртүрлі пікір білдірген. Олар бір мүмінді өлтірген мүміннің тәубесі қабыл бола ма деген мәселені талқылаған. Сағид ибн Жубәйр осыны сұрау үшін Ибн Аббасқа сапар шеккен.
Ибн Аббас (р.а.) мүмінді қасақана өлтірген кісінің тәубесі қабыл болмайды, жазасы – мәңгілік тозақ деп пәтуа бергені белгілі. Қартайған шағында осы мәселені тағы сұрағанда, ол وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا «Ал енді кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – ішінде мәңгі-бақи қалып, азап шегетін тозақ болмақ…» деген аятты оқып: «Бұл жөнінде ең соңғы түскен аят – осы. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салғанға дейін оның үкімін жоятын аят түспеді. Алла елшісі дүние салғаннан кейін де уахи келген жоқ», – деді. Әлгі кісі: «Тәубеге келіп, иман етіп, игі амалдар істеп, тура жолға түссе ше?» – деп қайта сұрады. Ибн Аббас: «Оған қандай тәубе, қандай тура жол болсын?» – деді. Бұл пікірді қуаттайтын риуаяттар көп. Ахмад ибн Ханбал мен Нәсәидің Мұғауиядан (р.а.) жеткізген риуаятында Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алланың барлық күнәні кешіруі мүмкін. Алайда кәпір күйінде дүние салған немесе бір мүмінді қасақана өлтірген кісінің жөні бөлек», – деген. Ибн Аббас үкімін негіздеген аяттың түсу себебі де мәселені аша түседі. Аят Миқяс ибн Субабаға қатысты түскен делінеді. Миқяс пен бауыры Һишам мұсылман болған еді. Һишамды ансарлық бір мұсылман өлтіріп қойды. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлгі кісіге Миқясқа бауырының құнын төлеуді бұйырды. Бұйрық орындалды. Алайда Миқяс құнды алған соң, оны алып келген елшіні өлтіріп, діннен шығып, Меккеге қашты. Осы оқиғаға байланысты жоғарыдағы аят түсті. Мекке азат етілген күні Алла елшісі оны кешірімнен тыс қалдырып, қолға түскен жерінде өлтіруді бұйырған.
Қасақана кісі өлтірген адамға тәубе жоқ дейтін риуаяттар көп. Оның тәубесі қабыл болуы мүмкін дейтін риуаяттар да бар. Ибн Аббастың өзінен де тәубеге жол бар деген екінші риуаят жеткен. Осы пікірге وَمَنْ يَعْمَلْ سُوءًا أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللَّهَ يَجِدِ اللَّهَ غَفُورًا رَحِيمًا «Ал енді кімде-кім жамандық жасаған соң немесе өз-өзіне қиянат жасағаннан кейін, Алладан кешірім тілесе, Алланың Ғафур, Рахим екенін көреді.» деген аят дәлел болады.2
Әһл-сүннет ғалымдары осы пікірді ұстанған. Сахабалар, табиғиндер, әтбағут-табиғиндер және кейінгі ғалымдар осы тұжырымға тоқтаған. Бұған қайшы көрінетін риуаяттар адамды ауыр күнәнің зардабынан сақтандыру, кейін тәубе етермін деп оған барудан тыю үшін айтылған. Алла Тағаланың кешірімі тәубе еткен жанға ашық.
Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бәни Исраилдан жеткізген қиссасы да осы пікірді қуаттайды. Тоқсан тоғыз адамды өлтірген кісі істегеніне өкініп, тәубе етуге жол бар-жоғын сұрастырады. «Саған тәубе жоқ», – деген діндарды да өлтіріп, санын жүзге жеткізеді. Содан соң бір ғалымға барып, мән-жайды айтады. Ол: «Сенің тәубе етуіңе кім бөгет бола алады?» – деп, ізгі адамдар тұратын мекенге барып, солармен бірге құлшылық етуді ұсынады. Әлгі кісі жол үстінде қайтыс болады. Ниетіне қарай Алла Тағала оны кешіреді.3
Ғалымдар қасақана кісі өлтірген адамның да тәубесі қабыл болуы мүмкін деген пікірін осы қиссамен дәлелдейді: «Бұрынғы үмбеттерге тәубе етуге мүмкіндік берілсе, соңғы Пайғамбардың үмбеті үшін бұл мүмкіндік тіпті орынды. Өйткені алдыңғы үмбеттердің мойнына жүктелген көптеген ауыр міндет осы үмбеттен алынды».