Хадис

Кутуб ситтә, № 571

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
56. «Ниса» сүресі
Нөмірі
№ 571 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 37
571
Кутуб ситтә, № 571 · тараудағы реті: 37

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ لِلْمِقْدَادِ: «إِذَا كَانَ رَجُلٌ مُؤْمِنٌ يُخْفِي إِيمَانَهُ مَعَ قَوْمٍ كُفَّارٍ فَأَظْهَرَ إِيمَانَهُ فَقَتَلْتَهُ، فَكَذَلِكَ كُنْتَ أَنْتَ تُخْفِي إِيمَانَكَ بِمَكَّةَ قَبْلُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Миқдадқа: “Егер бір мүмін кәпірлердің арасында иманын жасырып жүріп, кейін оны жария етсе, ал сен оны өлтіріп қойсаң, бұрын сенің де Меккеде иманыңды жасырып жүргеніңді есіңе ал”, – деді».1

Түсіндірме

Соңғы үш риуаят يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَى إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِنْدَ اللَّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ كَذَلِكَ كُنْتُمْ مِنْ قَبْلُ فَمَنَّ اللَّهُ عَلَيْكُمْ فَتَبَيَّنُوا إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا «Уа, иман келтіргендер! Алла жолында жорыққа шыққанда, әрбір жағдайдың байыбына баруға тырысыңдар. Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне қызығып: «Сен мүмін емессің», – деп айтпаңдар. Біліп қойыңдар, Алланың дәргейінде мол әрі сан алуан олжалар бар. Бұрынырақта өздерің де сондай едіңдер, Алла сендерді көптеген нығметке бөледі. Ендеше, әрбір жағдайдың байыбына барып әрекет етіңдер. Шүбәсіз, Алла не істеп жүргендеріңнен толық хабардар.»2 деген аяттың түсуіне себеп болған оқиға жайында. Риуаяттарда мал иесін өлтірген адамның есімі әртүрлі аталады. Бірінде Усама ибн Зәйд, екіншісінде Мұхаллим ибн Жәссама, тағы бірінде Миқдад ибн әл-Әсуад деп көрсетілсе, кейбірінде аты мүлде аталмайды. Миқдад жайындағы нұсқада Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны бір жасақпен аттандырып бара жатып: «Айналасындағы кәпірлерден иманын жасырған мүміндерге кезігуің мүмкін. Ол иманын саған білдіргеннен кейін оны өлтірсең, қателесесің. Өйткені бұрын Меккеде сен де иманыңды жасырып жүргенсің», – деп ескерткен.

Жасақ барған жерде (кей риуаятта ол Батн Идам деп аталады) жұрт жан-жаққа қашып, бытырап кетеді. Малы көп бір кісі ғана орнында, малының қасында қалады. Ол шәһадат кәлимасын айтып, мұсылман екенін білдіргенімен, Миқдад оны өлтіреді. Мәдинаға оралғанда, болған оқиға Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) баяндалады. Ол Миқдадты шақырып алып: «Сен “Лә иләһә иллаллаһ” деген адамды өлтірдің бе? Ертең “Лә иләһә иллаллаһ” сөзінің есебін қалай бересің?» – дейді. Риуаят бойынша, осыдан кейін жоғарыдағы аят түскен.

Мұхаллим ибн Жәссама туралы нұсқада ол тәубе етуге келіп, Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Алла сені кешірмесін!» деген сөз естігені айтылады. Көзіне жас алып кеткен ол жеті күннен кейін қайтыс болады. Жерлегенде денесін жер бірнеше рет қайта шығарып тастайды. Мұны естіген Алла елшісі: «Жер осы кісіден де жаман адамдарды қабыл еткен. Алла мұны сендерге сабақ болсын, “Лә иләһә иллаллаһ” сөзінің қадірін ұғыныңдар деп көрсеткен», – дейді. Содан кейін оны таудағы бір қуыста таспен жауып жерлейді.

  1. 1Бұхари, «Дият», 1 (№6866).
  2. 2«Ниса» сүресі, 94-аят.