Хадис

Кутуб ситтә, № 576

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
56. «Ниса» сүресі
Нөмірі
№ 576 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 42
576
Кутуб ситтә, № 576 · тараудағы реті: 42Риуаят етуші: Яғла ибн Умәйя (р.а.)

وَعَنْ يَعْلَى بْنِ أُمَيَّةَ قَالَ: «قُلْتُ لِعُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: ﴿لَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَنْ تَقْصُرُوا مِنَ الصَّلَاةِ إِنْ خِفْتُمْ أَنْ يَفْتِنَكُمُ الَّذِينَ كَفَرُوا﴾، فَقَدْ أَمِنَ النَّاسُ. فَقَالَ: عَجِبْتُ مِمَّا عَجِبْتَ مِنْهُ، فَسَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ ذَلِكَ، فَقَالَ: صَدَقَةٌ تَصَدَّقَ اللَّهُ تَعَالَى بِهَا عَلَيْكُمْ، فَاقْبَلُوا صَدَقَتَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Яғлә ибн Умәйя былай дейді: «Омар ибн әл-Хаттабтан: “Аятта ﴿وَإِذَا ضَرَبْتُمْ فِي الْأَرْضِ فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَنْ تَقْصُرُوا مِنَ الصَّلَاةِ إِنْ خِفْتُمْ أَنْ يَفْتِنَكُمُ الَّذِينَ كَفَرُوا﴾ ‘Сапарға шыққанда күпірлік қылғандардың қастық істеуінен қорықсаңдар, намазды қысқартып оқығандарың үшін күнә арқаламайсыңдар’1 делінген. Қазір ел аман. Сонда да сапарда намазды неге қысқартып оқимыз?” – деп сұрадым. Омар: “Мен де сен сияқты таңданып, бұл туралы Алла елшісінен сұраған едім. Ол кісі: ‘Бұл – Алланың сендерге берген садақасы. Оның садақасын қабыл алыңдар’, – деді”, – деп жауап берді».2

Түсіндірме

Бұл риуаят сапарда оқылатын намазға қатысты. Аят сапарда намазды қысқартып оқуға рұқсат береді. Мұны жолдағы қиындыққа берілген жеңілдік деп түсінген кей кісілер сапар қиындықсыз өтсе, намазды толық оқу керек пе деп күмәнданған. Бұл сауалды сахабалар Алла елшісіне де қойған.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намазды қысқартуға жолдағы машақаттан гөрі сапардың өзі негіз болатынын осы сөзбен білдірген.

Демек, шариғи үкімнің негізі бар, сондай-ақ оның хикметі мен пайдасы бар. Үкімнің негізі – Алланың әмірі не тыйымы, ал хикметі мен пайдасы – сол үкімнен дүниеде көретін игілігіміз. Екеуін ажырата алмаған адам үкімнің негізін оның пайдасымен шатастырып, қате тұжырым жасауы мүмкін.

  1. 1«Ниса» сүресі, 101-аят.
  2. 2Мүслим, «Сапар намазы», 4 (686); Тирмизи, «Тәфсир», «Ниса» (3034, Ибраһим Жанан қолданған нөмірлеуде 3037); Әбу Дәуіт, «Сапар намазы» (1199); Нәсәи, «Сапарда намазды қысқарту», 1 (1433; 3/116).