1. Бұл екі риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларды хадис жеткізуге ынталандырғанын көрсетеді. Хадис – шариғаттың екінші қайнар көзі. Сондықтан Алла елшісі оны үйренуге де, өзгеге жеткізуге де ерекше мән берген.
2. Бірінші хадис сөзді естіген күйінде жеткізуді талап етеді. Тікелей естіген кісі сөздің мәнін толық ұқпаса да, оны дәл жеткізгенде, кейінгі тыңдаушы жақсырақ түсінуі мүмкін.
Хадис жеткізгенде оның түпкі мағынасынан ауытқымау маңызды. Ғалымдар сөзбе-сөз жеткізуді мағынасымен жеткізуден жоғары санаған. Дегенмен мағынасын сақтап жеткізуге де рұқсат берген. Өйткені хадистер Құран аяттарындай Алла елшісінің (с.а.с.) тікелей бақылауымен жазыла бермеген.
3. Екінші хадисте Исраил ұрпақтарына қатысты ғибраты бар хикаяларды айтуға рұқсат берілген. Бұл хикаялардың кейбірі уақыт өте бұрмалануы немесе ойдан шығарылуы мүмкін. Алла елшісінің (с.а.с.) рұқсаты жалған екені белгілі хабарға жүрмейді. Исраил ұрпақтарынан жеткенін ашық айтып жеткізу Пайғамбардың атына өтірік тағумен бірдей емес.
4. Алла елшісіне жалған сөз телуге тыйым салатын хадис көп жолмен, мұтауатир түрде жеткен. Оны көптеген сахаба риуаят еткен. Алла елшісінің сөзін естіген күйінде жеткізуді бұйырып, атынан өтірік айтқан адамды тозақпен ескертуі сахабаларды сақтыққа үйретті. Олар бір сөзді қосып немесе кемітіп қоймаудан қорқып, аз риуаят еткен. Сағид ибн Зәйд сияқты хадис жеткізуден тартынғандары да болған.
Бұл деректер хадистің дұрыс жеткеніне сенімді күшейтеді. Алла елшісі (с.а.с.) сөзінің қалай жеткізілетінін ескерткен, ал сахабалар сол ескертуді ұстанған.
5. Ибн Хажар Исраил ұрпақтарының хикаяларын айтуға дін қағидалары орныққаннан кейін рұқсат етілгенін айтады. Бұған дейін бүлік қаупіне байланысты олардың хабарын жеткізуге, тіпті кітаптарын оқуға тыйым салынған.
6. Хадистегі حَدِّثُوا «айтыңдар» деген бұйрық Исраил ұрпақтарының әрбір риуаятын жеткізу уәжіп дегенді білдірмейді. «Айыбы жоқ» деген сөз рұқсатты аңғартады. Олардың орынсыз сөзі мен әдепсіз әрекетін ғибрат үшін баяндауға болады. Мысалы, «Мәида» сүресінің 24-аятында олардың Мұса пайғамбарға: ﴿فَاذْهَبْ أَنْتَ وَرَبُّكَ فَقَاتِلَا إِنَّا هَاهُنَا قَاعِدُونَ﴾ «Онда өзің және Раббың екеуің барыңдар да, соғысыңдар. Ал біз осы арада отыра тұрамыз», – дегені келтірілген. «Исраил ұрпақтары» атауын Яқубтың балалары деп түсіндіріп, олардың хикаяларын айту меңзелген дейтін пікір де бар. Бұл ең алыс жорамал саналған.2
Имам Мәлик олардың ғибратты істерін баяндауға болады, ал жалған екені белгілі хабарды жеткізуге болмайды деген. Бұл хикаялардың тізбегін шариғат үкімдері жеткен хадис тізбегіндей үздіксіз тексеру мүмкін емес. Сондықтан Ислам үкіміне негіз болатын риуаятқа қойылатын талап бөлек.
Имам Шафиғи былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жалған хабар жеткізуге рұқсат бермегені белгілі. Демек, Исраил ұрпақтарынан жеткен хабардың жалған екенін білмесеңдер және оны жеткізуге рұқсат болса, айта аласыңдар. Бұл Алла елшісінің ‘Кітап иелері сендерге бір хабар айтса, оны растамаңдар да, жалғанға шығармаңдар да’ деген сөзіне ұқсайды». Рас екені анық хабарларды айту жөнінде бұл сөзде арнайы тыйым не рұқсат айтылмаған.
7. Әһлі сүннет ғалымдары Алла елшісіне (с.а.с.) жалған сөз телуді ауыр күнә деп бірауыздан санаған. Шейх Әбу Мұхаммед әл-Жуайни оны күпірлік деп бағалаған. Әбу Бәкір ибн әл-Араби де осы пікірге бейім болған.
Кейбір ағым өкілдері дінге қызмет ету, сүннетті нығайту, жұртты жақсылыққа ынталандырып, жамандықтан тыю үшін жалған хабар қолдануға болады деген. Олар ескерту Алла елшісіне қарсы айтылған өтірікке қатысты, ал оны жақтап айтылған өтірікке жүрмейді деп уәж келтірген.
Ибн Хажар: «Бұл – негізсіз уәж. Хадистегі ескерту Алла елшісінен жалған сөз жеткізген адамға қатысты айтылған. Өтіріктің оны жақтап не оған қарсы айтылғаны ажыратылмаған. Аллаға шүкір, дініміз кемел. Оны толықтыруға немесе нығайтуға жалған сөздің керегі жоқ», – дейді.