Хадис

Кутуб ситтә, № 4143

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
563. Күнә арқылы рухани мәртебеге қол жеткізу
Нөмірі
№ 4143 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4143
Кутуб ситтә, № 4143 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فِيمَا يَحْكِي عَنْ رَبِّهِ عَزَّ وَجَلَّ. قَالَ: أَذْنَبَ عَبْدٌ ذَنْبًا فَقَالَ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي ذَنْبِي. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَذْنَبَ عَبْدِي ذَنْبًا، فَعَلِمَ أَنَّ لَهُ رَبًّا يَغْفِرُ الذَّنْبَ وَيَأْخُذُ بِالذَّنْبِ. ثُمَّ عَادَ فَأَذْنَبَ. فَقَالَ: أَيْ رَبِّ اغْفِرْ لِي ذَنْبِي. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَذْنَبَ عَبْدِي ذَنْبًا، فَعَلِمَ أَنَّ لَهُ رَبًّا يَغْفِرُ الذَّنْبَ وَيَأْخُذُ بِالذَّنْبِ. ثُمَّ عَادَ فَأَذْنَبَ فَقَالَ: يَا رَبِّ اغْفِرْ لِي. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَذْنَبَ عَبْدِي ذَنْبًا، فَعَلِمَ أَنَّ لَهُ رَبًّا يَغْفِرُ الذَّنْبَ وَيَأْخُذُ بِالذَّنْبِ. اعْمَلْ مَا شِئْتَ فَقَدْ غَفَرْتُ لَكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Раббысынан мына құдси хадисті жеткізген: «Бір құл күнә жасап: “Уа, Алла! Күнәмді кешір”, – деді. Сонда Алла Тағала: “Құлым күнә жасады. Ол күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін білді”, – деді. Содан кейін ол тағы күнә жасап: “Уа, Раббым! Күнәмді кешір”, – деді. Алла Тағала: “Құлым күнә жасады. Ол күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін білді”, – деді. Содан соң әлгі құл тағы күнә жасап: “Уа, Раббым! Мені кешір”, – деді. Алла Тағала: “Құлым күнә жасады. Ол күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін білді. Қалағаныңды істе, сені кешірдім”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін мойындап, тәубе еткен құлға Алла тағаланың шексіз рақым ететінін көрсетеді.

Шынайы тәубе жүректі күнәдан тазартады, күнәнің кешірілуіне себеп болады.

Мүмін қандай күнә жасаса да, Алланың рақымынан үміт үзбеуі керек. Раббысын еске алып, қателігі үшін дереу тәубе етіп, күнәсін қайталамай, орнын ізгі амалмен толтырғаны абзал. Бұл – шынайы тақуаларға тән сипат. Құранда ﴿الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ ۝ وَالَّذِينَ إِذَا فَعَلُوا فَاحِشَةً أَوْ ظَلَمُوا أَنْفُسَهُمْ ذَكَرُوا اللَّهَ فَاسْتَغْفَرُوا لِذُنُوبِهِمْ وَمَنْ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا اللَّهُ وَلَمْ يُصِرُّوا عَلَىٰ مَا فَعَلُوا وَهُمْ يَعْلَمُونَ﴾ «Нағыз тақуалы жандар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла ізгі жандарды жақсы көреді. Әрі олар жағымсыз іс істегендерінде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағандарында, бірден Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіре алады?! Әрі олар бір рет істеген күнәні біліп тұрып қайта-қайта істемейді.»2 делінген.

Ибн Баттал былай дейді: «Хадис күнәсін қайталаудан тыйылмаған адамның үкімі Алланың қалауында екенін білдіреді. Алла қаласа, оны кешіреді, қаласа, жазаға тартады. Қаласа, құлының жақсылығын еселеп, кешіріміне бөлейді. Ол жақсылық – күнәні кешіретін Раббысының барына шын сеніп, Одан кешірім тілеу. Құранда ﴿مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا ۖ وَمَنْ جَاءَ بِالسَّيِّئَةِ فَلَا يُجْزَىٰ إِلَّا مِثْلَهَا وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ﴾ “Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады. Ал кімде-кім бір жамандықпен келсе, ол тек сол күнәсінің ғана жазасын тартады. Олардың ешбіріне титтей де әділетсіздік жасалмайды”3 делінген. Асылында, Алланы бірлеуден асқан жақсылық жоқ».

Ғалымдар тәубе мен истиғфардың айырмасы барын айтады. Истиғфар – Алладан кешірім тілеу. Оны күнәдан бойын аулақ ұстаған адам да, күнәні қайталаған жан да, тәубе етуші де айтады. Тәубе – істеген күнәсіне өкіну, оны доғару және оған қайта оралмауға нық шешім қабылдау. Осы үш шарт орындалмаса, тәубе дұрыс болмайды. Кейбір ғалымдар шын өкінудің өзі жеткілікті деген. Өйткені шын өкінген адам күнәсінен бас тартып, оны қайталамауға бел буады. Демек, өкіну қалған екі шартты да қамтиды. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Өкіну – тәубе» деген хадисін дәлел етеді.

Имам әл-Қуртуби былай дейді: «Хадис истиғфардың мол пайдасын, Алланың рақымы мен мейірімінің шексіздігін көрсетеді. Мұндағы истиғфар – істеген күнәсіне жүрегімен өкініп, оны қайталаудан тыйылуға себеп болатын, тілмен айтылған кешірім тілегі. Қысқасы, бұл – тәубе». Ол дәлел ретінде «Ең қайырлыларың – күнәға бой алдырған сайын тәубесіне қайта келетіндерің» деген хадисті келтіреді. Ғалымдар хадистегі «муфаттин» сөзін «күнәні қайталап қойса да, тәубесін тастамайтын адам» деп түсіндірген. Мәнауидің түсіндіруінше, ол күнә жасап, соңынан тәубе етеді, қайта күнә істеп қойса, қайта тәубе етеді. Қуртуби сөзін былай түйеді: «Жүрегі сол күнәні қалап тұрып, тілімен кешірім тілеу тәубеге жатпайды. Ондай истиғфардың өзі истиғфарға мұқтаж».

Ибн Хажар әл-Асқалани мына риуаятты келтіреді: «Күнәсіне тәубе еткен адам – оны істемеген адамдай. Күнәні жалғастырып жүріп кешірім тілеу – Раббысын келемеждеумен тең». Имам әл-Қуртуби хадистен мынадай қорытынды шығарады: «Күнәға қайтып оралу тәубені бұзады әрі алғашқы күнәдан да ауыр. Ал қайта тәубе ету алғашқы тәубеден абзал. Өйткені ол кешірім тілеуді жалғастырады, күнәні қайталағанын және Алладан өзге ешкім күнәні кешірмейтінін мойындайды». Имам Нәуәуи: «Күнәні жүз, тіпті мың рет қайталаса да, құл шын тәубе етсе, тәубесі қабыл болады. Барлық күнәсін бір тәубемен қамтыса да, тәубесі дұрыс», – дейді.

Хадистің соңындағы «Қалағаныңды істе, сені кешірдім» деген сөздің мағынасы – құл күнә істеп, артынан тәубе етсе, Алла оны кешіреді.

Ибн Хажар әл-Асқалани әс-Субкидің мына сөзін келтіреді: «Истиғфар – Алладан кешірім тілеу. Ол тілмен, жүрекпен немесе екеуімен бірдей жасалады. Тілмен айтудың пайдасы бар: жақсы сөз үнсіздіктен қайырлы, тіл жақсы сөзге дағдыланады. Жүрекпен тілеудің де үлкен пайдасы бар. Тіл мен жүректі бірге жұмсау бұлардың екеуінен де пайдалырақ. Алайда тіл мен жүректегі кешірім тілегіне тәубе, яғни күнәға өкіну қосылмаса, адам күнәсінен тазармайды». Әс-Субки: «Көп ғалым истиғфарды тәубе мағынасында түсінген. Осы пікірді ұстанған адам истиғфар айтқанда тәубе етуді көздейді», – дейді.

Әс-Субки тағы былай дейді: «Кейбір ғалымдардың пікірінше, истиғфарсыз тәубе кемшін болады. Тәубенің толық болуы үшін де кешірім тілеу қажет. Олар Құрандағы ﴿وَأَنِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ﴾ “Әрі күнәларың үшін Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, содан кейін істеген күнәларыңа өкінген күйде Оған бет бұрыңдар деп берілді”4 деген аятты дәлел етеді».

  1. 1Бұхари, «Тәухид» (№ 7507). Мүслим, «Тәубе», 29 (№ 2758).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 134–135-аяттар.
  3. 3«Әнғам» сүресі, 160-аят.
  4. 4«Һуд» сүресі, 3-аят.