وَعَنْ أُمِّ الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ أَبَا الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: كُلُّ ذَنْبٍ عَسَى اللَّهُ أَنْ يَغْفِرَهُ إِلَّا مَنْ مَاتَ مُشْرِكًا، أَوْ مُؤْمِنٌ قَتَلَ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Үммі Дәрда (р.а.) былай дейді: «Әбуд-Дәрданың (р.а.): “Расулалладан (с.а.с.): ‘Мүшрік күйінде өлген адамнан және бір мүмінді қасақана өлтірген мүміннен басқаның күнәсін Алла кешіруі мүмкін’, – дегенін естідім”, – деп айтқанын естідім».1
Түсіндірме
Бұл хадис – көлемді бір риуаяттың үзіндісі. Сыртқы мағынасы бойынша, мүмінді қасақана, заңды себепсіз өлтірген кісі кешірілмейді. Осы мағынаны қуаттайтын аятта ﴿وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا﴾ «Ал енді кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – ішінде мәңгі-бақи қалып, азап шегетін тозақ болмақ» делінген («Ниса» сүресі, 93-аят). Ибн Аббас осы пікірді ұстанған.
Ал сәләф ғалымдарының көпшілігі мен әһлі сүннет ғалымдары аяттағы үкімді қатаң ескерту деп түсіндірген. Олардың пікірінше, мұндай күнәға барған адамның шынайы тәубесі де дұрыс болады. Олар ﴿إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ﴾ «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді» деген аятқа сүйеніп, Алла қаласа, ол адамға да сыйын береді дейді («Ниса» сүресі, 48-аят). Бұған тоқсан тоғыз адамды өлтіріп, «тәубең қабыл болмайды» деген діндарды да өлтіріп, санын жүзге жеткізген бәни исраилдік адамның кейін тәубесі қабыл болғаны дәлел. Бұл үкім бұрынғы үмбетке жүрсе, бұрынғы шариғаттардағы бірқатар ауыр міндеттер жеңілдетілген осы үмбетке де жүретіні анық. Ғалымдар осы дәлелдерге сүйеніп, хадистің сыртқы мағынасын тәуил арқылы түсіндірген.
Құл азат ету
Құлдық – адамзат тарихында ерте заманнан болған қоғамдық институт. Оны Ислам орнатқан жоқ. Құлдықтың негізгі көздерінің бірі соғыс еді: жеңген тарап жеңілгендерді тұтқындап, құлдыққа салатын. Ислам келген кезде бұл тәртіп бұрыннан бар болатын.
Ислам адам тағдырына қатысты осы күрделі мәселеге де жол көрсетті. Құлдық елдердің бәріне дерлік тарағандықтан, оны біржақты жою мүмкін болмады. Соғыс тұтқындарына қалай қарау керегі екі тараптың келісімімен анықталатын, ал құлдықты жою үшін де елдердің өзара келісуі қажет еді. Ислам еркін адамды басып алып, құлдыққа салуға рұқсат етпейді. Африкадан күштеп әкетіліп, Америкада құлдыққа сатылған адамдардың басынан өткен жағдай – соның мысалы. Ислам құлдарға бірқатар құқық беріп, жағдайын жақсартты. Солардың кейбірі мыналар:
• Құлдарға оқу мен жазу үйретуге ынталандырды.
• Мектеп ұстаздарына балаларды құл немесе азат деп бөлмей, бәріне бірдей қарауды бұйырды.
• Құлға қожайынының өзі жеген тамағынан беріп, өзі киген киімдей киім кигізуді құп көрді.
• Құлдарға бостандық алу жолдарын ашты. Антты бұзу, зиһар, кісі өлтіру, оразаны бұзу секілді кәффарат қажет ететін бірқатар іс үшін құл азат ету қарастырылды. Құлдың қожайынымен келісіп, өз еңбегімен азаттығын сатып алуға құқығы бар. Мұндай келісім «мүкатаба» деп аталады. Ол № 4184 риуаятта сөз болады. Көп ғалымның пікірінше, құл осындай келісім жасауды сұраса, қожайынның бас тартуға құқығы жоқ.
• Әділетсіздік көрген құл қазыға шағына алады. Қожайын құлға ойына келгенін істей алмайды.
• Құлдың өміріне қол сұғуға болмайды. Қожайыны оны өлтіруге, азаптауға немесе денесін зақымдауға құқылы емес. Ондай іс істесе, жауапқа тартылады.
Құлды азат ету – ең қайырлы амалдардың бірі. Құлдықтағы адамдардың жағдайын жақсартқан осындай ережелердің арқасында тарихта өзге елдерден Ислам жеріне қашып келген құлдар болған.
Ислам тарихында азаттық алған құлдардың арасынан сұлтандар, уәзірлер, әкімдер, әскербасылар мен әйгілі қолбасшылар шыққан. Ғалымдары да аз емес. Сахабалар мен табиғиндер дәуірінің өзінде азаттық алған талай адам ілімге ден қойып, елге ұстаз болды. Төмендегі риуаят соның бір мысалы.
Зуһри былай дейді: «Абдулмәлик ибн Мәруанның алдына кірдім. Ол: “Уа, Зуһри, қайдан келе жатырсың?” – деп сұрады. “Меккеден”, – дедім. Содан әңгімеміз былай өрбіді:
– Мекке жұртына жөн сілтейтін кім қалды?
– Ата ибн Әбу Рабах.
– Тегі араб па, әлде азат етілген адам ба?
– Азат етілген адам.
– Мекке жұртына үкім айтқанда неге сүйенеді?
– Дін ілімі мен риуаятқа, яғни Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне сүйенеді.
– Дін ілімі мен риуаятты білген адам елге жөн сілтеуге лайық. Ал Йемен жұртына кім жол көрсетеді?
– Тауус ибн Кәйсан.
– Тегі араб па, әлде азат етілген адам ба?
– Азат етілген адам.
– Ал ол жұртқа жөн сілтегенде неге сүйенеді?
– Ата ибн Әбу Рабах неге сүйенсе, соған сүйенеді.
– Олай болса, ол да осы іске лайық екен. Мысыр халқына кім жөн сілтейді?
– Язид ибн Әбу Хабиб.
– Араб па, әлде азат етілгендерден бе?
– Азат етілгендерден.
– Шам өлкесіне кім жөн сілтейді?
– Мәкхул.
– Тегі араб па, әлде азат етілгендерден бе?
– Азат етілгендерден. Тегі Нубиядан шыққан. Оны Һузәйл тайпасының бір әйелі азат еткен.
– Жазира өлкесіне кім жөн сілтейді?
– Мәймун ибн Миһран.
– Тегі араб па, әлде азат етілген адам ба?
– Азат етілген адам.
– Хорасан жұртына кім жөн сілтейді?
– Даххак ибн Мұзахим.
– Араб па, әлде азат етілгендерден бе?
– Азат етілгендерден.
– Басра халқына кім жөн сілтейді?
– Әл-Хасан ибн Әбу әл-Хасан, яғни Хасан Басри.
– Тегі араб па, әлде азат етілгендерден бе?
– Ол да азат етілгендерден.
– Япыр-ау, Куфа жұртына кім жөн сілтейді?
– Ибраһим ән-Нахағи.
– Мұның тегі араб па?
– Иә, тегі араб.
– Әй, Зуһри, көңілімді бір сергіттің. Алланың атымен ант етемін, азат етілгендер арабтарға басшылық ететін дәрежеге жетіпті. Енді арабтар мінбер түбінде отырсын да, бұрын құл болғандар мінберге шығып, оларға құтба айтсын ба?!
– Уа, мүміндердің әміршісі, бұл – Алланың тағдыры. Оның дінін ұстанып, қорғай білген адам абырой табады. Оны ұстанбай, қолдан шығарып алған адам қор болады».2