وَعَنْ مُعَاوِيَةَ بْنِ سُوَيْدِ بْنِ مُقَرِّنٍ قَالَ: «لَطَمْتُ مَوْلًى لَنَا فَهَرَبْتُ، ثُمَّ جِئْتُ قُبَيْلَ الظُّهْرِ فَصَلَّيْتُ خَلْفَ أَبِي. فَدَعَاهُ وَدَعَانِي، ثُمَّ قَالَ لِلْخَادِمِ: امْتَثِلْ مِنْهُ، فَعَفَا. ثُمَّ قَالَ: كُنَّا بَنِي مُقَرِّنٍ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. لَيْسَ لَنَا خَادِمٌ إِلَّا وَاحِدَةٌ فَلَطَمَهَا أَحَدُنَا. فَبَلَغَ ذَلِكَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَعْتِقُوهَا، فَقِيلَ لَهُ: لَيْسَ لَهُمْ خَادِمٌ غَيْرُهَا. قَالَ: فَلْيَسْتَخْدِمُوهَا فَإِذَا اسْتَغْنَوْا عَنْهَا فَلْيُخَلُّوا سَبِيلَهَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَمَعْنَى «امْتَثِلْ مِنْهُ»: اقْتَصَّ مِثْلَ مَا فَعَلَ بِكَ. وَ«الْخَادِمُ» الَّذِي يَخْدِمُكَ ذَكَرًا كَانَ أَوْ أُنْثَى.
Муғауия ибн Суәйд ибн Муқаррин былай дейді: «Біз азат еткен бір адамды шапалақпен ұрып, қашып кеттім. Бесін намазының алдында қайтып келіп, әкемнің артында намаз оқыдым. Әкем әлгі адамды да, мені де шақырып, оған: “Оның саған жасағанының есесін қайтар”, – деді. Ол мені кешірді. Әкем: “Біз, Бәни Муқаррин, Расулалланың (с.а.с.) кезінде бір-ақ қызметші әйел ұстайтынбыз. Біріміз оны шапалақпен ұрып қойдық. Бұл хабар Алла елшісіне жеткенде: ‘Оны азат етіңдер’, – деді. Оған: ‘Бұлардың одан басқа қызметшісі жоқ’, – деп айтылды. Сонда ол: ‘Қызметін пайдалансын. Оған мұқтаж болмай қалған кезде бостандығын берсін’, – деді”, – деп түсіндірді».1
Түсіндірме
1. Хадис қызметші мен құлға жақсы қарап, көңілін табуға үндейді. Кей ғалымдар «есесін қайтар» дегенді «саған істегенін өзіне істе» деп түсіндірген. Бұл жерде шариғи қысас туралы сөз болып отырған жоқ. Өйткені шапалақ қысас жүретін ауыр қылмысқа жатпайды. Мұндай жағдайда тағзир жазасы қарастырылады. «Есесін қайтар» деудегі мақсат – жәбір көргеннің көңілін табу, оған міндет жүктеу емес. Бұл қол көтерген адамға да сабақ болады.
2. Кей нұсқаларда Суәйдтің жеті ағайындының бірі екені, қызметшінің бетінен шапалақпен ұрылғаны және беттен ұруға тыйым салынғаны айтылады.
3. Бұл риуаяттарда «мәула» мен «хадим» бір мағынада жұмсалған. «Хадим» еркекке де, әйелге де айтылады. Риуаяттағы соққы жеген қызметшінің әйел екені аңғарылады. Соған қарамастан мәтінде «хадима» делінбеген, өйткені мұндай қолданыста арабтар әйелге де «хадим» дейді.
- 1Мүслим, «Әйман», 31 (№ 1658). Тирмизи, «Нәзірлер», 14 (№ 1542). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 133 (№ 5166–5167).