وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «هَؤُلَاءِ الْآيَاتُ الثَّلَاثُ نَزَلَتْ فِي الْيَهُودِ خَاصَّةً، فِي قُرَيْظَةَ وَالنَّضِيرِ».
Әбу Дәуіттің басқа риуаятында Ибн Аббас (р.а.) «Бұл үш аят яһудилерге, нақтырақ айтқанда, Құрайза мен Надир тайпаларына қатысты түскен» дейді1.
Түсіндірме
وَ«التَّحْمِيمُ» تَسْوِيدُ الْوَجْهِ بِالْحُمَمِ، وَهُوَ الْفَحْمُ.
Шархтағы «тахмим» сөзі бетті көмірмен қарайтуды білдіреді.
Автор риуаяттағы оқиғаны Тәураттағы үкімді бұрмалаудың мысалы ретінде қарастырады. Бұл оқиға қоғамда әділетсіздіктің қалай өршіп, діни үкімнің қолданыстан қалай шыға бастағанын да аңғартады. Беделді адамдар үкімді бұзғанда жазасыз қалып, жаза қарапайым жұртқа ғана қолданылған.
Бұл оқиға хадис жинақтарында бірнеше жолмен жеткен. Әр нұсқада оқиғаның мән-жайын ашатын қосымша деректер кездеседі. Мүслім Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткізген бір нұсқада яһудилер зина жасағандардың бетін қарайтатындарын айтады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) «Рас айтсаңдар, Тәуратты алып келіңдер» дейді. Олар Тәуратты әкеліп, тиісті жерін оқи бастайды. Ражм туралы аятқа келгенде, оқып тұрған кісі оны алақанымен жауып, арғы жағындағы аятқа өте шығады. Кей деректе ол кісінің аты Абдулла ибн Сурия деп көрсетілген. Сол жерде отырған Абдулла ибн Сәлам (р.а.) одан қолын алып, аттап кеткен аятты оқуын сұрайды. Тәуратта ражм туралы үкім бары анықталған соң, Алла елшісі (с.а.с.) сол кездегі істің тараптарына осы жазаны қолдануды бұйырады.
Кейбір шархшылар бұл оқиғаға Хайбар яһудилері қатысқанын және оның һижраның төртінші жылы зулқағда айында болғанын айтады. Автордың пайымынша, Алла елшісі (с.а.с.) зинаның жазасы туралы сұрап, олардың жауабын өз кітаптарымен салыстырып көрсетуді көздеген. Сондықтан Тәуратты алдырады. Бұл үкімді оған Алла уахи арқылы білдірген немесе мәселенің байыбына қанық Абдулла ибн Сәлам секілді біреу бұрын айтып берген болуы мүмкін. Абдулла ибн Сәлам (р.а.) Бәну Қайнуқа тайпасынан шыққан яһуди ғалымы еді. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға һижра жасап келгенде, оның жүзін көріп, «Бұл өтірікшінің жүзі емес» деп исламды қабылдағаны айтылады. Бұрын әл-Хусайн аталған оған Алла елшісі (с.а.с.) Абдулла деген есім берген. Одан ұлдары Юсуф пен Мұхаммед, сондай-ақ Әнәс ибн Мәлик пен Зурара ибн Әуфа хадис жеткізген.
Алла елшісінің (с.а.с.) Абдулланы «Ол – жәннаттағы он адамның оныншысы» деп сүйіншілегенін Мұғаз ибн Жәбәл жеткізген. Мұғаз «Ілімді төрт кісіден іздеңдер» деп, Әбу Дәрда Уәймирді, Салманды, Ибн Масғұдты және Ибн Сәламды атаған (Тирмизи, №3804). Абдулла һижраның 43-жылы қайтыс болған.
Хадистен шығарылған үкімдер
Ғалымдар бұл хадистен бірнеше үкім шығарған. Олардың бір бөлігіне ортақ тоқтам жасалса, кейбіріне қатысты пікір алшақтығы бар. Төменде автор солардың негізгілерін келтіреді.
1. Ахмад ибн Ханбал, Имам Шафиғи және Әбу Юсуф бұл хадистен мұхсан2 саналу үшін адамның мұсылман болуы шарт емес деген тұжырым жасаған. Мәлики ғалымдары мен ханафилердің басым бөлігі исламды мұхсандықтың шартына жатқызған. Олар Алла елшісіне (с.а.с.) телінетін «Мүшрік мұхсан саналмайды» деген риуаятқа сүйенген. Сондай-ақ бұл оқиғада Тәурат үкімі қолданылғанын, Тәурат мәтінінде ражмның тек мұхсан адамға қатысты екені көрсетілмегенін алға тартып, оқиғаны бұл пікірге дәлел санамаған. Екінші тарап «Алла олардың арасында Алла түсірген үкіммен төрелік етуді3 бұйырған болса, Алла елшісі (с.а.с.) шариғатта жоқ үкімді қалай қолданар еді?» деп уәж айтқан. Олар Тәуратта бұл жаза мұхсан еместерге де бірдей қолданылған деген пікірге қарсы шыққан. Осы орайда Табараниде Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен мына риуаят келтірілген: «Мұхсан ер мен әйел зина жасап, оған жеткілікті дәлел келтірілсе, ражм жазасы қолданылады. Әйел жүкті болса, босанғанша мұрсат беріледі».
2. Автор келтірген классикалық фиқһ тұжырымдарының бірі бойынша, ражм шарттары орындалған зина ісінде бұл жазаны қолдану ислам мемлекетінің соты үшін уәжіп саналған.
3. Ғалымдар шариғаттың жекелеген үкімдері мұсылман еместерге де қатысты ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Бір топ оларды осындай үкімдерге де жауапты санаса, бір топ шариғаттың негізгі қағидалары ғана оларға қатысты деп түсінген. Тағы бір топ олардың әмірлерге қатысты жауапкершілігі жоқ, ал тыйымдар оларға да қатысты деген пікір ұстанған.
4. Бірқатар ғалым мұсылман емес тараптар мұсылман сотына жүгінсе, дау ислам шариғаты бойынша қаралады деген. Хижаз бен Ирак ғалымдарының бір бөлігі төреші мұндай істі қарауға міндетті емес деп санаған. Имам Мәлик, Ата, Шағби мен Нахағи, сондай-ақ Имам Шафиғи бір сөзінде осы пікірді ұстанған. Зуһридің айтуынша, зиммилерге құқық, өзара қатынас және мұрагерлік істерінде өз діндерінің ережесіне жүгіну еркі беріледі. Олар өздері төрелік сұраған жағдайда, іс ислам шариғаты бойынша қаралады. Басқа ғалымдар мұсылман еместер жүгінсе, төреші үкім беруге міндетті және оған бұрын берілген таңдау құқығы кейін күшін жойған деп санаған. Ханафилер осы пікірді ұстанған. Имам Шафиғидің басқа бір сөзі, Омар ибн Абдулазиз бен Зуһридің кей тұжырымдары да осыған саяды. Имам Ағзамның пікірінше, ерлі-зайыптылар сотқа бірге келсе, араларында әділ төрелік айтылады. Әйел жалғыз келіп, күйеуі істің қаралуына келіспесе, төреші үкім бермейді. Имамайн, яғни Әбу Юсуф пен Мұхаммед, осы жағдайда да үкім шығаруға болады деген.