وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ قَالَ: «الْبَحِيرَةُ الَّتِي يُمْنَعُ دَرُّهَا لِلطَّوَاغِيتِ، فَلَا يَحْلُبُهَا أَحَدٌ. وَالسَّائِبَةُ كَانُوا يُسَيِّبُونَهَا لِآلِهَتِهِمْ، لَا يُحْمَلُ عَلَيْهَا شَيْءٌ. وَالْوَصِيلَةُ الَّتِي تُبَكِّرُ فِي أَوَّلِ نَتَاجِ الْإِبِلِ بِأُنْثَى، ثُمَّ تُثَنِّي بِأُنْثَى، وَكَانُوا يُسَيِّبُونَهَا لِطَوَاغِيتِهِمْ إِنْ وَصَلَتْ إِحْدَاهُمَا بِالْأُخْرَى، لَيْسَ بَيْنَهُمَا ذَكَرٌ. وَالْحَامُ فَحْلُ الْإِبِلِ، يَضْرِبُ الضِّرَابَ الْمَعْدُودَ، فَإِذَا قَضَى ضِرَابَهُ وَدَعُوهُ لِلطَّوَاغِيتِ وَأَعْفَوْهُ مِنَ الْحَمْلِ وَسَمَّوْهُ الْحَامَ». قَالَ: وَقَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «رَأَيْتُ عَمْرَو بْنَ عَامِرٍ الْخُزَاعِيَّ يَجُرُّ قُصْبَهُ فِي النَّارِ، كَانَ أَوَّلَ مَنْ سَيَّبَ السَّوَائِبَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Табиғин Сағид ибн әл-Мусәйяб былай дейді: «Бахира – сүтін пұттарға арнап, ешкім саумаған інген. Сәйбә – тәңірлеріне атап, еркіне жіберген әрі үстіне жүк артпаған түйе. Уәсилә – алғашқы екі төлін де ұрғашы туған інген. Екі ұрғашы ботаның арасына еркек бота түспесе, оны пұттарына арнап, еркіне жіберетін. Хам – белгілі бір рет шағылыстырған бура. Сол межеге жеткенде, оны пұттарға арнап, жүк артпай қоя беретін». Ибн әл-Мусәйяб Әбу Һурайрадан (р.а.) мына хадисті де жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Амр ибн Амир әл-Хузағидің тозақта ішегін сүйретіп жүргенін көрдім. Пұттарға мал атап, алғаш қоя берген – сол», – деген1.
Түсіндірме
وَ«الْقُصْبُ» وَاحِدُ الْأَقْصَابِ، وَهِيَ الْأَمْعَاءُ.
Мәтіндегі «қусб» – «ақсаб» сөзінің жекеше түрі, яғни ішек.
Бұл риуаят Құранда аталған бірнеше атаудың мәнін ашады. «Мәида» сүресінде былай делінеді: «Алла бахираны да, сәйбәні де, уәсиләні де, хамды да бұйырған жоқ. Алайда иман келтірмегендер Аллаға жала жабады. Олардың көбі ақылға салып ойланбайды»2.
Сағид ибн әл-Мусәйябтың бұл атауларға берген түсінігі тәпсірлер мен басқа еңбектердегі түсіндірмелерден өзгеше. Мысалы, бір тәпсір бойынша, жаһилия арабтары бесінші ботасын еркек туған інгеннің құлағын тіліп, оны еркіне жіберетін. Одан кейін түйені саумайтын, мінбейтін әрі жүк артпайтын. «Бахр» сөзі «тілу», «жару» дегенді білдіреді. Осы түсінік бойынша «бахира» – құлағы тілініп, нәзірге аталған інген.
Біреудің басына қиындық түссе, одан құтылу үшін пұттарына түйе атайтын. Тілегі орындалғанда, сол түйені қоя беріп, оны пайдалануға өзіне тыйым салатын. Бұл түйе «сәйбә» деп аталған. Мал ұрғашы төл туса, оны өздеріне қалдыратын, еркек төл туса, пұттарына атайтын. Ал бір ұрғашы, бір еркек төл қатар туса, «Ұрғашысы еркегіне қосылды» деп, соның себебімен еркегін де құрбандыққа шалмайтын. Мұны «уәсилә» дейтін. Бір бурадан он мәрте төл алынса, оны мінуге де, жүк артуға да тыйым салып, қай суаттан су ішіп, қай жайылымда оттаса да бөгет жасамайтын.
«Оның арқасы қорғалған» деп, сондай бураны «хам» атаған. Алла елшісі (с.а.с.) тозақта ішегін сүйретіп жүргенін айтқан Амр ибн Амир әл-Хузағи сәйбә, бахира секілді нәзірлерді арабтар арасына алғаш енгізген кісі ретінде аталады. Риуаяттарда Меккедегі басты пұттарды да сол орнықтырып, Ибраһим пайғамбардың тәухид діні содан бұрмаланғаны айтылады. Бір риуаят бойынша, Амр Меккеден Шамға сапар шегеді. Бәлқа өңіріндегі көне Мааб шаһарына келгенде, сол жерде аялдайтын Амалиқа жұртының пұттарға табынатынын көреді. Олардың қуаңшылықта жаңбыр, соғыс пен апатта жәрдем сұрайтынын білген соң, Һубәл деген пұтты сұрап алып, Қағбаға орнатады да, жұртты оған табынуға шақырады. Шархта жаһилиядағы Лат пұтының да Амрмен байланысты екені айтылады. Сақиф тайпасынан бір қайырымды кісі қажылық маусымында кейін «Лат жартасы» аталған тастың үстінде талқанды сумен араластырып, қажыларға тағам тарататын. Ол қайтыс болғанда, Амр жұртқа: «Бұл адам өлген жоқ, тасқа кіріп кетті», – деп, сол тасты пұтқа айналдырып, халықты оған табынуға шақырған. Амр енгізген тағы бір салт аталған малдың төлін пайдалануға қатысты еді. Төл тірі туса, оны тек ерлер пайдаланады, өлі туса, ерлер мен әйелдерге ортақ деп санаған. «Әнғам» сүресінің 139-аятында осы түсінік әшкереленеді: «Олар: “Мына малдардың құрсағындағы төлдер ерлерімізге ғана тиесілі, әйелдерімізге тыйым салынған. Ал өлі туса, бәрімізге ортақ”, – дейді. Алла олардың осы сөздерінің жазасын береді. Расында, Ол – асқан дана, бәрін білуші».