وَعَنِ الرُّبَيِّعِ بِنْتِ مُعَوِّذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّهَا اخْتَلَعَتْ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَأَمَرَهَا النَّبِيُّ ﷺ، أَوْ أُمِرَتْ، أَنْ تَعْتَدَّ بِحَيْضَةٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. «الِاخْتِلَاعُ» فِي أَلْفَاظِ الْفِقْهِ: أَنْ يُطَلِّقَهَا عَلَى عِوَضٍ، وَفَائِدَتُهُ إِبْطَالُ الرَّجْعَةِ إِلَّا بِنِكَاحٍ جَدِيدٍ.
Рубайиғ бинт Муаууиз (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында күйеуімен хұлық жолымен ажырасқан. Пайғамбар (с.а.с.) оған бір етеккір мерзімі ғиддат күтуді бұйырған. Риуаятта «оған солай істеу бұйырылды» деген нұсқа да бар.1
Түсіндірме
1. «Хұлық» пен «мұхалаға» сөздерінің түбірі киім не аяқкиім сияқты үстіндегі затты шешу мағынасын білдіреді. «Бақара» сүресінің 187-аятында ер мен әйел бір-біріне киімге баланады. Осыған байланысты әйелдің өтем беріп некені бұзуына «хұлық» немесе «мұхалаға», ал сол жолмен ажырасқан әйелге «мұхталиға» делінген. Өтем ретінде әйел, мысалы, мәһірден бас тартуы мүмкін. Талақ беру құқығы ер адамға тиесілі болғанымен, әйелдің де өтем төлеп, некеден шығу құқығы бар. Некеге тұрған кезде ер адам мәһір береді. Ал әйел хұлық жолымен ажырасқысы келсе, мәһірін қайтару арқылы өтем беруі мүмкін.
2. Хұлық жолымен ажырасқан әйел бір етеккір мерзімін күтеді дейтіндер осы хадиске сүйенеді. Хаттаби ғиддаттың бір етеккірмен шектелуін хұлықтың талақтан бөлек, некені бұзу жолы екеніне дәлел санайды. Ол: «Алла тағала талақ алған әйелдерге үш етеккір мерзімін күтуді бұйырған (“Бақара” сүресі, 228-аят). Хұлық талаққа жатса, бір етеккір мерзімін күту жеткіліксіз болар еді», – дейді.
Тирмизи хадистің соңында былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары мен кейінгі ғалымдардың көпшілігі хұлық жолымен ажырасқан әйелдің ғиддатын талақ алған әйелдің ғиддатымен бірдей санаған. Суфиян әс-Сәури, Куфа ғалымдары, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ осы пікірді ұстанған». Сахабалар мен кейінгі ғалымдардың бір бөлігі оның ғиддатын бір етеккір мерзімі деп санаған. Исхақтың: «Бір етеккір мерзімін күту туралы пікірді қолдаған адам болса, ол да негізді көзқарас», – деген сөзі де жеткен.2