وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: عِدَّةُ أُمِّ الْوَلَدِ إِذَا تُوُفِّيَ عَنْهَا سَيِّدُهَا حَيْضَةٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейтін: «Иесі қайтыс болған үммі уәләдтің ғиддаты – бір етеккір мерзімі».1
Түсіндірме
Соңғы екі риуаят үммі уәләдтің, яғни иесінен бала туған күңнің ғиддаты туралы. Ғалымдар бұл жөнінде әртүрлі пікір айтқан.
Әузағи, Исхақ ибн Раһуя, Ибн әл-Мүсәйяб, Сағид ибн Жубәйр, Ибн Сирин және Хасан Басри Амр ибн әл-Астың № 4196 хадисіне сүйеніп, үммі уәләдтің ғиддатын азат әйелдікіндей төрт ай он күн деп есептеген.
Суфиян әс-Сәури, әһл әр-рай, Ата, Нахағи, Әли ибн Әбу Талиб пен Ибн Мәсғуд оны үш етеккір мерзімі деп санаған.
Имам Мәлик, Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал, Ибн Омар, Уруа ибн Зүбәйір, Қасым ибн Мұхаммед, Шағби және Зуһри үммі уәләдтің ғиддатын бір етеккір мерзімі деген.
- 1«Муатта», «Талақ», 92, (2, 593).