عَنْ حُمَيْدِ بْنِ نَافِعٍ قَالَ: أَخْبَرَتْنِي زَيْنَبُ بِنْتُ أَبِي سَلَمَةَ بِهَذِهِ الْأَحَادِيثِ الثَّلَاثَةِ. قَالَتْ: «دَخَلْتُ عَلَى أُمِّ حَبِيبَةَ زَوْجِ النَّبِيِّ ﷺ حِينَ تُوُفِّيَ أَبُوهَا أَبُو سُفْيَانَ بْنُ حَرْبٍ، فَدَعَتْ أُمُّ حَبِيبَةَ بِطِيبٍ فِيهِ صُفْرَةٌ، خَلُوقٌ أَوْ غَيْرُهُ، فَدَهَنَتْ مِنْهُ جَارِيَةً ثُمَّ مَسَّتْ بِعَارِضَيْهَا، ثُمَّ قَالَتْ: وَاللَّهِ مَا لِي بِالطِّيبِ مِنْ حَاجَةٍ، غَيْرَ أَنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: لَا يَحِلُّ لِامْرَأَةٍ تُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ أَنْ تُحِدَّ عَلَى مَيِّتٍ فَوْقَ ثَلَاثِ لَيَالٍ إِلَّا عَلَى زَوْجٍ أَرْبَعَةَ أَشْهُرٍ وَعَشْرًا. قَالَتْ زَيْنَبُ: فَدَخَلْتُ عَلَى زَيْنَبَ بِنْتِ جَحْشٍ حِينَ تُوُفِّيَ أَخُوهَا فَدَعَتْ بِطِيبٍ فَمَسَّتْ مِنْهُ، ثُمَّ قَالَتْ: أَمَا وَاللَّهِ مَا لِي بِالطِّيبِ مِنْ حَاجَةٍ، غَيْرَ أَنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: لَا يَحِلُّ لِامْرَأَةٍ تُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ، وَذَكَرَتْ نَحْوَهُ. قَالَتْ زَيْنَبُ: وَسَمِعْتُ أُمِّي أُمَّ سَلَمَةَ تَقُولُ: جَاءَتِ امْرَأَةٌ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَتْ: إِنَّ ابْنَتِي تُوُفِّيَ عَنْهَا زَوْجُهَا وَقَدِ اشْتَكَتْ عَيْنَهَا، أَفَنَكْحُلُهَا؟ فَقَالَ ﷺ: لَا، مَرَّتَيْنِ أَوْ ثَلَاثًا، كُلَّ ذَلِكَ يَقُولُ: لَا. ثُمَّ قَالَ: إِنَّمَا هِيَ أَرْبَعَةُ أَشْهُرٍ وَعَشْرٌ، وَقَدْ كَانَتْ إِحْدَاكُنَّ فِي الْجَاهِلِيَّةِ تَرْمِي بِالْبَعْرَةِ عَلَى رَأْسِ الْحَوْلِ. قَالَتْ زَيْنَبُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: كَانَتِ الْمَرْأَةُ إِذَا تُوُفِّيَ زَوْجُهَا دَخَلَتْ حِفْشًا وَلَبِسَتْ شَرَّ ثِيَابِهَا وَلَمْ تَمَسَّ طِيبًا حَتَّى تَمُرَّ بِهَا سَنَةٌ، ثُمَّ تُؤْتَى بِدَابَّةٍ، حِمَارٍ أَوْ شَاةٍ أَوْ طَيْرٍ، فَتَفْتَضُّ بِهِ، فَقَلَّمَا تَفْتَضُّ بِشَيْءٍ إِلَّا مَاتَ، ثُمَّ تَخْرُجُ فَتُعْطَى بَعْرَةً فَتَرْمِي بِهَا، ثُمَّ تُرَاجِعُ بَعْدُ مَا شَاءَتْ مِنْ طِيبٍ أَوْ غَيْرِهِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. قَالَ مَالِكٌ: «تَفْتَضُّ»: تَمْسَحُ بِهِ جِلْدَهَا. «الْحِفْشُ»: بَيْتٌ صَغِيرٌ قَصِيرٌ سُمِّيَ حِفْشًا لِضِيقِهِ.
Хумайд ибн Нафиғ Зейнеп бинт Әбу Сәләмадан мына үш хадисті естіген. Зейнеп былай дейді: «Әкесі Әбу Суфиян ибн Харб қайтыс болғанда, Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы Үммі Хабибаға бардым. Ол құрамында сары түсі бар халуқ немесе соған ұқсас әтір алдырды. Әуелі әтірді бір күңге, содан кейін өз бетінің екі жағына жақты. Содан соң: “Алланың атымен ант етемін, маған әтір қажет емес. Алайда Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Аллаға және ақырет күніне иман келтірген әйелге қайтыс болған адамға үш түннен артық аза тұтуға болмайды. Күйеуі қайтыс болса, төрт ай он күн аза тұтады’, – дегенін естідім”, – деді».
Зейнеп былай жалғастырды: «Ағасы қайтыс болған кезде Зейнеп бинт Жахшқа (р.а.) бардым. Ол да әтір алдырып, өзіне аздап жақты. Содан кейін: “Алланың атымен ант етемін, маған әтір қажет емес. Алайда Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Аллаға және ақырет күніне иман келтірген әйелге…’ – дегенін естідім”, – деп, алдыңғы хадиске ұқсас сөз айтты».
Зейнеп үшінші хадисті былай жеткізді: «Анам Үммі Сәләманың: “Бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: ‘Қызымның күйеуі қайтыс болды, ал қызыма көз ауруы тиді. Көзіне сүрме жақсақ бола ма?’ – деп сұрады. Алла елшісі екі не үш рет жауап беріп, әр жолы: ‘Жоқ’, – деді. Содан кейін: ‘Бұл мерзім төрт ай он күн ғана. Жаһилиятта бірің бір жыл толған кезде тезек лақтыратын едіңдер’, – деді”, – дегенін естідім».
Хумайд Зейнептен «бір жыл толғанда тезек лақтыру» дегеннің мәнін сұрайды. Зейнеп былай түсіндірді: «Әйел күйеуі қайтыс болғанда тар лашыққа кіріп, ең нашар киімін киетін де, бір жыл өткенше әтір жақпайтын. Бір жыл толғанда, оған есек, қой не құс әкелетін. Әйел сол жануарға денесін үйкейтін. Бұдан кейін жануардың тірі қалуы сирек еді. Содан соң әйел сыртқа шығып, қолына берілген тезекті лақтыратын. Бұдан кейін қалаған әтірін жағып, сәндене беретін».1
Түсіндірме
1. «Ихдад» сөзін «аза тұту» деп аудардық. Ибн әл-Әсир «ән-Ниһаяда» бұл атаудың көбіне күйеуі қайтыс болған әйелге қатысты қолданылатынын айтады. Әйел сәнді киім мен әшекейден бас тартып, қарапайым киім киеді. Мұндай әйел «мухидд» немесе «хадд» деп аталады. Қазақта да «қара жамылу», «жоқтау» деген ұғымдар бар. Жоқтауда адам марқұмның жақсы қасиеттерін зарлы үнмен еске алады.
Ихдад – күйеуінен айырылған әйелдің белгілі бір мерзімде сәнденбей, аза тұтуы. Хадистің соңғы бөліктері жаһилияттағы бір жылдық аза мен сол мерзімнің аяғындағы рәсімді баяндайды.
Жаһилиятта қара жамылған әйел бір жыл бойы жуынып-таранбай, күтімсіз күйде қалатын. Ислам сол рәсімдерді тоқтатып, күйеуі үшін аза тұту мерзімін төрт ай он күн етіп белгіледі. Бұл уақытта әйел сәнденуден бас тартады. Мұндағы мақсат – оның осы мерзімде тұрмысқа шығуға дайын еместігін білдіру. Қазақ салтында да жесір әйел ерінің жылы өтпей тұрмыс құрмаған. Оның қайта сәндене бастауы тұрмыс құруға дайын екенін аңғартқан.
Ибн Кәсир «Бақара» сүресінің 234-аятын түсіндіргенде Сағид ибн әл-Мүсәйяб пен Әбу әл-Алияның пікірін келтіреді. Олар төрт ай он күн ішінде әйелдің жүкті не жүкті еместігі анықталады деген. Ибн Мәсғуд пен басқа сахабалардан жеткен хадисте ұрықтың ана құрсағында қырық күнде қалыптасатыны, содан кейін сондай мерзімде ұйыған қан тәрізді алақаға, тағы сондай мерзімде бір кесек етке айналатыны, бұдан соң періште келіп оған рух үрлейтіні айтылған.
Осы түсіндірмеде үш қырық күн төрт айға теңестіріледі. Кей айлар отыз күнге толмайтынын ескеріп әрі жағдайға анық көз жеткізу үшін он күн қосылғаны айтылады. Анығын Алла біледі. Ғалымдар сол он күннің өзге де мәні мен пайдасын атаған.
Ибн Кәсир азат әйел мен күң әйелдің ғиддат мерзімі жөніндегі айырмашылыққа да тоқталады. Бір пікір бойынша, күңнің ғиддаты азат әйелдікінен екі есе қысқа. Кей ғалымдар екеуіне бірдей мерзім белгілеген. Ғиддат күту міндетінің өзіне қатысты талас жоқ.
2. Алла елшісі (с.а.с.) осы риуаятта аза тұтып жатқан әйелдің ем үшін де сүрме жағуына рұқсат бермеген. Ғалымдар үкімді түрліше түсінген. Кейбірі сүрме жағуға тыйым салған, кейбірі емдік қажеттілік кезінде рұқсат деген. Соңғылары «Муаттадағы» «Сүрмені түнде жақ, күндіз сүртіп таста» деген нұсқаны дәлел етеді. Осы пікір бойынша ғиддаттағы әйел әдетте сүрме жақпайды. Ем үшін қажет болса, түнде жағып, күндіз сүртеді.
Нәуәуи күйеуі қайтыс болған әйелдің бір жыл ғиддат күтуі жайындағы бұрынғы үкім осы хадиспен жойылғанын айтқан.
3. Хадистегі тезек лақтыру рәсімі әртүрлі түсіндірілген.
Имам Мәликтен жеткен бір нұсқада әйел қойдың немесе түйенің тезегін алдына қарай лақтырып, аза мерзімін аяқтайтын болған.
Ибн Уәһбтің нұсқасында әйел қойдың тезегін артына қарай лақтырған.
Кейбір ғалымдар мұны «жануар тезегін тастағандай, әйелдің ғиддатты артқа тастағанын білдіретін ишарат» деп түсіндірген. Өзгелері әйел тезекті «бұл жағдай басыма енді қайтып келмесін» деп ырымдап лақтырған деген. Жаһилият салты болғандықтан, бұған қатысты өзге де жорамалдар айтылған.
4. Әйелдің азасын жануар арқылы аяқтауын білдіретін فَتَفْتَضُّ بِهِ тіркесі де әртүрлі түсіндірілген. Хаттабидің пікірінше, әйел сол жануар арқылы аза мерзімін аяқтайтын. Ол мұны «сындыру», «тарату» деген мағынадағы فَضَّ түбірімен байланыстырады. Ахфаш болса, әйел сол жануар арқылы тазарғанын айтқан.
Ибн Құтайба хижаздықтардан естіген түсіндірмесін келтіреді. Олардың айтуынша, жаһилиятта ғиддат күткен әйел иіссу сеппеген, жуынбаған, тырнағын алмаған. Бір жылдан кейін күтімсіз күйде шығып, азасын құс арқылы аяқтайтын да, құсты лақтыратын. Құстың тірі қалуы сирек болған.
Әзһари имам Шафиғидің осы сөзді өзгеше жеткізгенін айтады. Оның риуаятындағы сөз «бір затты саусақтарымен ұстап алу» мағынасын береді.
Имам Мәликтің түсіндіруінше, әйел жануарды денесіне тигізіп сүртінетін. Ибн Уәһб әйел жануарды және оның арқасын қолымен сипайтын деген. Кейбір ғалымдар әйел жануарға денесін тигізген соң таза сумен жуынып, күмістей ағарып шығатын деп түсіндірген.2
Ахфаш бұл сөзді «күміс» мағынасындағы فِضَّةٌ сөзімен байланыстырады. Оның түсіндіруінде күміс ақтық пен тазалықты білдіреді.
Жаһилияттың бұл рәсімі түрлі жорамалға арқау болған. Ислам сол рәсімге тоқтау салды.
- 1Бұхари, «Талақ», 46, 47, 50 және «Жанаиз», 31. Мүслим, «Талақ», № 1486–1489. Мәлик, «Муатта», «Талақ», 101 (2/596–598). Әбу Дәуіт, «Талақ», № 2299. Тирмизи, «Талақ», № 1195–1197. Нәсәи, «Талақ», 61 (6/201), 60 (6/205).
- 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 12-том, № 4208 риуаятының түсіндірмесі.