Хадис

Кутуб ситтә, № 4232

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
579. Бәдір шайқасы
Нөмірі
№ 4232 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
4232
Кутуб ситтә, № 4232 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمَ بَدْرٍ: هَذَا جِبْرِيلُ آخِذٌ بِرَأْسِ فَرَسِهِ عَلَيْهِ أَدَاةُ الْحَرْبِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «أَدَاةُ الْحَرْبِ» آلَتُهَا وَأَرَادَ بِهَا السِّلَاحُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Бәдір күні: «Міне, Жәбірейіл! Атының тізгінін ұстап тұр, үстінде соғыс жарағы бар», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

Ғалымдар Бәдір шайқасында бірнеше мұғжиза болғанын айтады. Соның бірі – Алла тағаланың мүміндерге періштелер жіберіп, жәрдем беруі. Мұны жоғарыда келтірілген аят та қуаттайды («Әнфал», 9-аят).

Бұл хадис шайқасқа Жәбірейілдің (а.с.) де қатысқанын көрсетеді. Ибн Исхақ Әбу Уақид әл-Ләйсидің мына куәлігін жеткізеді: «Бәдір күні бір мүшріктің басын шаппақ болып, соңынан қудым. Қылышым оған тимей жатып, басы ұшып түсті». Әлиден (р.а.) мына риуаят жеткен: «Қатты жел соқты. Ондай желді бұрын көрмеген едім. Іле тағы жел тұрды». Рауи Әлидің үшінші желді де атаған болуы мүмкін екенін айтады. Әли сөзін жалғайды: «Біріншісі – Жәбірейіл (а.с.), екіншісі – Микаил (а.с.), үшіншісі – Исрафил (а.с.). Микаил (а.с.) Алла елшісінің (с.а.с.) оң жағында болды, Әбу Бәкір де сонда еді. Исрафил (а.с.) сол жағында тұрды, мен де сол жақта болдым».

Тақиуддин әс-Субки былай дейді: «Маған: “Жәбірейілдің (а.с.) бір қауырсынының өзі барша кәпірді жайпауға жететін болса, Алла елшісімен (с.а.с.) бірге осынша періштенің шайқасуының хикметі неде?” – деп сұрады. Мен: “Істің өзі Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабаларына қатысты болғандықтан, періштелер оларға қуат беріп, қолдау көрсеткісі келді. Осылайша сыртқы себептер ескеріліп, Алла тағаланың құлдарына белгілеген заңдылығы да сақталды”, – деп жауап бердім».

  1. 1Бұхари, «Мағази», 11.