Хадис

Кутуб ситтә, № 599

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
58. «Әнғам» сүресі
Нөмірі
№ 599 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
599
Кутуб ситтә, № 599 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ سِتَّةَ نَفَرٍ، فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اطْرُدْ هَؤُلَاءِ لَا يَجْتَرِئُونَ عَلَيْنَا. قَالَ: وَكُنْتُ أَنَا وَابْنُ مَسْعُودٍ وَرَجُلٌ مِنْ هُذَيْلٍ وَبِلَالٌ وَرَجُلَانِ لَسْتُ أُسَمِّيهِمَا، فَوَقَعَ فِي نَفْسِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَا شَاءَ اللَّهُ أَنْ يَقَعَ، فَحَدَّثَ نَفْسَهُ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: ﴿وَلَا تَطْرُدِ الَّذِينَ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ بِالْغَدَاةِ وَالْعَشِيِّ يُرِيدُونَ وَجْهَهُ﴾ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай дейді: «Алтаумыз Алла елшісінің (с.а.с.) қасында едік. Мүшріктер оған: “Мыналарды қасыңнан қу. Бізбен сөйлесуге батылдары бармасын”, – деді. Ол жерде мен, Ибн Мәсғуд, Һузәйл тайпасынан бір кісі, Біләл және есімдерін атамайтын тағы екі адам бар еді. Алланың қалауымен Пайғамбарымыздың көкейіне бір ой келіп, оны іштей таразылады. Сонда Алла мына аятты түсірді: “Раббысының разылығын тілеп, таңертең де, кешке де Оған жалбарынатындарды қасыңнан қума. Олардың есебінен саған, сенің есебіңнен оларға жауапкершілік жүктелмейді. Оларды қусаң, залымдардан боласың”1»2.

Түсіндірме

Мекке мүшріктерінің Алла елшісіне (с.а.с.) қарсы шығуының бір себебі өздерін өзгелерден жоғары санаған тәкаппарлығы еді. Мекке қоғамында байлар мен ақсүйектер үстемдік құрды. Олар кедейлерді, құлдарды, азат етілгендерді және сырттан келгендерді менсінбеді, олармен бір мәжілісте отыруды ар санады. Ал исламда «Мүміндер – бауыр» деген қағида орнықты («Хужурат» сүресі, 10-аят). Алла елшісінің (с.а.с.) маңына алғаш жиналғандардың көбі байлар мен ақсүйектерден жәбір көрген құлдар, кедейлер және арқа сүйер адамы жоқ әлсіздер еді. Атағы мен байлығына мастанғандар олармен тең тұруға да, мұсылмандық бауырлықты қабылдауға да құлық танытпады. Сондықтан Алла елшісінен (с.а.с.) жанындағы жоқ-жітіктерді қуып жіберуін талап етті.

«Абаса» сүресіндегі оқиғада Алла елшісінің (с.а.с.) Құрайыш көсемдері исламды қабылдар деген үмітпен олардың сөзіне көбірек көңіл бөлгені айтылады. Шарх авторы мұны осы риуаятпен байланыстырады. «Әнғам» сүресіндегі аят дін үйреніп, Алланың разылығын іздеп келгендерді байлар мен беделділер үшін шеттетуді «зұлымдық» деп атайды.

  1. 1«Әнғам» сүресі, 52-аят.
  2. 2Мүслим, «Сахабалардың артықшылықтары» (№2413a–b). Ибн Мәжа, «Зүһд» (№4128, өзге нұсқа).