Хадистер
Бұл оқиғаны «шайқас» дегеннен гөрі «келісім» деген дұрыс. Расулалла (с.а.с.) мен сахабалары бұрынғы жорықтардағыдай Құрайыш керуенін тоқтату, жаудың шабуылын тойтару не дайындығын бұзу сияқты саяси немесе әскери мақсатпен шыққан жоқ. Өзге арабтар да қасиетті санайтын, ортақ түп бабалары Ибраһимнен (а.с.) мұра қалған Қағбаны тауап етіп, ұмра жасағысы келді. № 4266 хадистегі Омардың (р.а.) сауалдарынан көрінгендей, Расулалла (с.а.с.) жолға шығарда сахабаларына ұмра жасайтындарын айтқан. Сахабалардың бәрі Қағбаны тауап етеміз деген үмітпен, толқып аттанды. Расулалла (с.а.с.) қасындағыларға істі мәмілемен бітіретінін де айтқан. Олар тауапты осы жылы жасаймыз деп болжады. Алайда Расулалланың (с.а.с.) Омарға (р.а.): «Осы жылы ұмра жасайсыңдар деп айттым ба?» – деген жауабынан уәдесінде мерзімді атамағанын аңғарамыз. Ұмраға деп құрбандық түйелерін әкеліп, оларға тиісті белгі тақты. Өзге бір риуаят бойынша, мұсылмандар соғысқа қажетті жарақ алмаған, кейбірінде қару да болмаған.
Сол жолы мың төрт жүз адам аттанған. Араларында мұһажирлер, ансарлар және оларға ерген бәдәуилер болды. Жетпіс түйе құрбандыққа арналды.
Мұсылмандар Усфанға жеткенде, Буср ибн Суфиян әл-Кағби Расулаллаға (с.а.с.) келді. Ол Құрайыштың мұсылмандардың келе жатқанын біліп, Зу Туаға жиналғанын, оларды Меккеге кіргізбеуге ант еткенін және мұсылмандармен шайқасуға Халид ибн Уәлидті Кура әл-Ғамимге жібергенін хабарлады.
Расулалла (с.а.с.): «Құрайышқа обал болды, соғыс оларды әбден титықтатты. Өзге жұрт пен менің арама түспесе, не жоғалтады? Егер мен жеңілсем, онсыз да тілегені сол. Ал Алла қолдап, үстем түссем, олар да топ-тобымен Исламға кірер еді. Алламен ант етейін, осы жолда жаным шыққанша күресемін, сонда Алла Өз ісін жүзеге асырады», – деді.
Хабарды алған Расулалла (с.а.с.) жолын өзгертіп, жоғарыдағы риуаятта айтылғандай, Хұдайбия құдығының басына келді. Құдықта әуелде су аз еді, Расулалланың (с.а.с.) дұғасымен су молайып, жұрт тапшылық көрмеді.
Сол кезде Расулаллаға (с.а.с.) тілеулес, онымен бұрыннан сыйлас Хузаға тайпасынан Будайл ибн Уарқа әл-Хузағи келді. Құрайыш шайқасқа дайындалып жатқанын және Қағбаны зиярат етуге жол бермейтінін айтты. Расулалла (с.а.с.) соғысуға емес, ұмра жасауға келгендерін, Құрайыш қаласа, бітімге келуге әзір екенін, ал бөгет жасаса, жанын аяп қалмайтынын ант етіп айтты. Будайл Құрайышқа барып, оның сөзін бұлжытпай жеткізді.
Ұруа ибн Мәсғуд Құрайышқа: «Ол кісі жөн ұсыныс айтып отыр, қабылдаңдар. Рұқсат етсеңдер, мен барып жолығайын», – деді. № 4266 хадисте баяндалғандай, Расулалламен (с.а.с.) кездесіп сөйлесті. Расулалла (с.а.с.) Будайлға айтқанын оған да қайталады. Соғысуға емес, ұмра жасауға келгенін, Құрайышпен белгілі бір мерзімге бітім жасаса алатынын, ал бітім болмаса, жанын аяп қалмайтынын айтты. Ұруа мұсылмандардың тұрағын, олардың бір-бірімен және Расулалламен (с.а.с.) қарым-қатынасын, тәртібі мен бекемдігін бақылады. Әсіресе Расулаллаға (с.а.с.) көрсеткен құрметіне таңданды. Әбу Бәкір мен Мұғира ибн Шуғбамен (р.а.) сөзге келіп қалды. Расулалламен (с.а.с.) сөйлесудің әдебін көрді.
Ұруа Құрайышқа оралғанда, өзіне айрықша әсер еткен жайттарды баяндады. Мұндай тәртіп пен Расулаллаға (с.а.с.) берілгендікті еш жерде көрмегенін, Византия мен Иран патшаларына да осыншама құрмет көрсетілмейтінін айтты.
Ұруа кеткен бойда Расулалла (с.а.с.) Хираш ибн Умәйя әл-Хузағи арқылы Құрайышқа хат жіберді. Хираш Расулалланың (с.а.с.) әс-Сағлаб атты түйесіне мініп барды. Құрайыштықтар түйені сойып, Хирашты да өлтірмек болды. Ахабиштер бөгет болып, оның кері қайтуына көмектесті. Хираш оралып келген соң, Расулалла (с.а.с.) меккеліктерге елші етіп жібермекке Омарды (р.а.) шақырды. Омар (р.а.): «Меккеде мені қорғайтын Бәни Ади жоқ. Құрайыш өздеріне қаншалық қарсы екенімді біледі. Маған қастандық жасай ма деп қауіптенемін. Ең дұрысы, Османды жіберіңіз. Құрайыш оны менен көбірек сыйлайды», – деді. Расулалла (с.а.с.) Османды (р.а.) елші етіп жіберді. Оны Әбан ибн Сағид қарсы алып, өз қорғауына алды. Осман Әбу Суфиянмен және Құрайыштың өзге басшыларымен кездесіп, Расулалланың (с.а.с.) ұсынысын жеткізді. Олар: «Қаласаң, Қағбаны тауап ете бер», – деді. Осман (р.а.): «Расулалла (с.а.с.) тауап етпейінше, мен де тауап етпеймін», – деп жауап берді. Құрайыш оны кері жібермей, қасында ұстап қалды. Расулаллаға (с.а.с.) Осман өлтірілді деген хабар жетті. Ол: «Бұлармен шайқаспай болмайды екен», – деп, мұсылмандарды өлгенше шегінбеуге серт беруге шақырды. Сәмура ағашының түбінде бір адамнан өзге мұсылмандардың бәрінен серт алды. Бұл хабар Құрайышқа да жетті. Біраздан соң Османның (р.а.) тірі екені белгілі болды. Серт берілгеннен кейін оқиға оңға басты. Алла тағала серт бергендерге разы екенін білдіріп, мына аяттарды түсірді: ﴿لَقَدْ رَضِيَ اللَّهُ عَنِ الْمُؤْمِنِينَ إِذْ يُبَايِعُونَكَ تَحْتَ الشَّجَرَةِ فَعَلِمَ مَا فِي قُلُوبِهِمْ فَأَنْزَلَ السَّكِينَةَ عَلَيْهِمْ وَأَثَابَهُمْ فَتْحًا قَرِيبًا وَمَغَانِمَ كَثِيرَةً يَأْخُذُونَهَا﴾ «Шүбәсіз, Алла әлгі ағаштың түбінде өзіңе қол беріп, серт бергендерінде мүміндерден разы болды. Олардың жүрегіндегі риясыз ықыласты көрді. Сол себепті оларға жан тыныштығын түсірді һәм оларды жуырда жүзеге асатын елеулі жеңіспен марапаттады. Һәм оларды жуық арада қол жеткізетін мол олжамен марапаттады» («Фатх» сүресі, 18–19-аяттар).
Осы кезде Құрайыш Ахабиштердің басшысы Хулайс ибн Алқаманы елші етіп жіберді. Оны алыстан көрген Расулалла (с.а.с.): «Бұлар Қағбаға арналған құрбандықты құрметтейді. Түйелерді ол көретін жерге шығарыңдар», – деді. Түйелерді көрген Хулайс Расулалламен (с.а.с.) сөйлеспестен кері қайтып: «Байқағаным, бұлардың Қағбаға барар жолын бөгеу жөн емес. Түйелер құрбандыққа арнайы әзірленген», – деді.
Құрайыштықтар: «Сен отыр. Бәдәуисің, мұндай істің байыбына бара алмайсың», – деді. Хулайс: «Бұлай айтуларың орынсыз. Қағбаны зиярат етуге келгендерге бөгет болу үшін сендермен одақ құрған жоқпын. Жаным қолында болған Алламен ант етейін, не Мұхаммедті Қағбаға бөгемей өткізесіңдер, не бүкіл Ахабишті сендерге қарсы жұмылдырамын», – деді.
Өз одақтастарымен бірге мұсылмандарға қарсы тұра алмайтынын ұққан Құрайыш бұрынғы қаталдығынан біраз қайтып, Миқраз ибн Хафсты Расулаллаға (с.а.с.) жіберді. Осы бөлімнің алғашқы хадисінде айтылғандай, Миқраздың алыстан келе жатқанын көрген Расулалла (с.а.с.) оның бұзақы адам екенін айтты.
Келісімнің жасалуы
Миқраз Расулалламен (с.а.с.) сөйлесіп тұрғанда, алыстан Суһайл ибн Амр көрінді. Расулалла (с.а.с.) оның есімін жақсылыққа жорыды. سَهُلَ أَمْرُكُمْ. Алла елшісі (с.а.с.): «Істерің жеңілдеді», – деді.1
Расында, Суһайл келісім жасасуға өкілет алып келген еді. Ұзақ әрі байыпты талқылаудан кейін мынадай шарттарға келісті:
– Мұсылмандар сол жылы ұмра жасамай, келесі жылы келеді. Меккеліктер қаланы оларға үш күнге босатады. Қару қынында болуы керек. Үш күн өткенде мұсылмандар Меккеден шығады.
– Меккеліктердің арасынан Исламды қабылдап, Мәдинаны паналағандар Меккеге қайтарылады. Мұсылмандардан Меккеге қашып барғандарды Құрайыш қайтармайды.
– Екі жақ он жыл бойы соғыспайды.
– Әр тайпа мұсылмандармен де, Құрайышпен де одақтасуға ерікті.
– Хузаға тайпасы дереу мұсылмандармен, ал Бәни Бәкір Құрайышпен одақтасты.
Келісімнің мұсылмандарға ауыр тиген шарттары
Мұсылмандарға келісімнің талаптары ұнамады. Расулалла (с.а.с.) одан жеңістің нышанын көріп, қуанды. Өйткені Қағбаға иелік етіп, арабтар арасында көшбасшы саналған Құрайыш осы келісім арқылы мұсылмандарды Араб түбегіндегі саяси күш ретінде ресми түрде мойындады.
Расулалланы (с.а.с.) қуантқан екінші жайт – жауластықтың тоқтауы. Жұрттың араласуына жол ашылып, мүшріктер мұсылмандарды жақыннан танитын болды. Исламның шынайы келбеті көрініп, ақ ниетті көп адамға оны қабылдауға мүмкіндік туды. Расулалла (с.а.с.) осы екі маңызды нәтижені көздеп, өзге ұсақ талаптарды ауырсынбады. Мүшріктер: «Рахман деген не? Біз оны білмейміз. Алып таста», – деп, ұсақ-түйекті алға тартқанда, оған да келісті. «Мұхаммед Расулалла» дегенді алып тастауды талап еткенде де көнді. «Биыл ұмра жасай алмайсыңдар», – дегенде: «Келесі жылы жасаймыз», – деді. Өзге мұсылмандар бұл талаптарды құп көрмеді. Біразы наразылығын үнсіз білдірді. Омар (р.а.) шыдамай, ашық та өткір сауалдар қойып, бәрінің атынан сөйлегендей болды. Әбу Бәкір (р.а.) оларға қосылмады. Келісімнен туар жеңісті ол да аңғармағанымен, Пайғамбарға (с.а.с.) сенімі мен адалдығы осы істің астарында даналық барын сездірді. Сондықтан Омардай қызбалыққа салынбай, байыппен қарады.
Сахабаларға, әсіресе, екі шарт ауыр тиді. Сол жылы ұмра жасалмайтын болды, ал Исламды қабылдап, Меккеден Мәдинаны паналап келгендер меккеліктерге қайтарылуға тиіс еді. Осы екі шарт өздерін тым төмендеткендей көрінді.
Хұдайбия келісімі – Исламның үлкен жеңісі
Көп ұзамай түскен «Фатх» сүресі бұл келісімді «айқын жеңіс» деп жариялады. Расулалла (с.а.с.) сүрені Омарға (р.а.) бастан-аяқ оқып бергенде, ол әлі де сене алмай: «Сонда бұл жеңіс пе?» – деді. Бірақ біраз уақыттан кейін Әбу Бәкір (р.а.) бастаған көптеген сахаба Хұдайбия келісімін Исламның ең үлкен жеңісі деп мойындады. Кей ғалымдар ﴿إِنَّا فَتَحْنَا لَكَ فَتْحًا مُبِينًا﴾ «Біз саған ап-айқын жеңіс нәсіп еттік!» («Фатх» сүресі, 1-аят) деген аятты «Саған үлкен жеңіс үкім еттік» деп түсіндірген. Мужаһид: «Бұл – Алланың Хұдайбияда Өз елшісіне үкім еткені», – десе, Зуһри: «Ислам Хұдайбиядан бұрын мұншалық үлкен жеңіске жетпеген еді», – деген.
Хұдайбияны жеке оқиға ретінде алсақ, мұндай баға әсіре көрінуі мүмкін. Ал салдарына үңілсек, оның үлкен жеңісті өсірген дән іспетті болғанын аңғарамыз. Ибн әл-Қайим былай дейді: «Иә, Алла елшісін абыройға бөлеген ұлы жеңістердің бастауы да, дәні де осы келісім еді. Соның арқасында адамдар Алланың дініне топ-тобымен кірді. Хұдайбия келісімі сол істің есігін ашқан кілт болды. Титімдей дәннен зәулім ағаш өсіргендей, шағын себептен үлкен нәтиже шығару – Алланың өзгермейтін заңдарының бірі. Хұдайбия оқиғасының жеңістердің ең үлкені болуы да содан. Мұсылман мен кәпір бір-бірінен қауіптенбей араласты. Мұсылмандар оларды Исламға шақырып, Құран тыңдатты. Қауіпсіз жағдайда Ислам жайында ашық пікірлесті. Мұсылман болғанын жасырып жүргендер де ашыққа шықты. Бітім кезінде көптеген беделді кісі Исламды қабылдады. Алланың оны айқын жеңіс деуі сондықтан». Ибн Хажар: «Бұл кезеңде Ислам жайы түсіндірілген адам оны қабылдайтын», – дей келіп: «Бітім жалғасқан екі жылдың ішінде Исламға кіргендер саны сол күнге дейін Исламды қабылдағандардан көп болды. Олардың арасында Құрайыштың басшылары да бар еді», – дейді.
Хұдайбия келісімінен алынатын тұжырымдар
Ғалымдар Хұдайбияны баяндайтын риуаяттардан мынадай үкімдер шығарған:
Исламды таратуда бейбіт келісімнің маңызы зор.
Бітім ұсынған жақ осалдық танытпауы керек. Расулалла (с.а.с.) бітім қабылданбаса, өле-өлгенше күресетінін айтып, сөзінің беріктігін білдіру үшін бүкіл мұсылманнан жаңадан серт алды.
Бұл оқиғадан ақылдасудың маңызы да көрінеді. Расулалла (с.а.с.) істің жайын Үммі Сәләмамен (р.а.) ақылдасып, оның «Әуелі өзіңіз құрбандық шалып, шаш алдырыңыз» деген кеңесіне құлақ асты. Ол солай істеген соң, көп ұзамай сахабалары да қайталады. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, әйелдермен ақылдасуға болатынын айтқан. Имам әл-Харамайн: «Үммі Сәләмадан басқа осындай орынды кеңес берген әйелді білмеймін», – деген. Бұған қарсы Құранда айтылатын Шұғайыбтың (а.с.) қызының кеңесі мысал етілген. Әкесі оның Мұса (а.с.) туралы айтқанын тыңдаған.
Қажылық пен ұмра жасау үшін Қағбаға баруға бөгет болғандармен шайқасуға болады. Бітімге келу мүмкін болса, соны таңдаған абзал.
Риуаятта дұшпанның барлаушыларына байқалмай өтіп, тұтқиылдан тап беруге болатындығы көрсетіледі.
Зиянды болдырмау үшін жеңіл жолдан бас тартып, ауыр жолды таңдауға болады. Әскерден бұрын барлаушылар мен хабаршыларды жіберу – мұстахаб.
Жауға қатысты істе табанды болған жөн. Екіұдайлық пен асығыстық жараспайды.
Соғыста айла қолдануға рұқсат етілген. Расулалла (с.а.с.) мұны құптаған, алайда соғыстан тыс жерде алдауға тыйым салған.
Ақылдасу арқылы дұрыс пікір айқындалады әрі кеңеске қатысқан жұрттың көңілі орнығады.
Дінге қатысты кей істе кеңшілік танытуға болады.
Қол астындағылар істің сол сәтте көрінген жағына қарап, басшыға қарсы шықпай, айтқанына құлақ асқаны жөн. Тәжірибесі мол басшы алдағыны бағамдап, істің мән-жайын олардан жақсырақ білуі мүмкін. Ал басшыға уахи келетін болса, оған бойсұнуға одан да зор мән беріледі.
Хадис адалдығы белгілі болса, мұсылман емес кісінің хабарына да сенуге болатынын аңғартады. Расулалла (с.а.с.) хабар біліп келуге жіберген хузағалық кісі әлі мұсылман болмаған. Онымен сөйлесіп, олар жайында хабар жинауға мүмкіндігі мол болғандықтан, Расулалла (с.а.с.) сол кісіні таңдаған.
Қорғауға алынған адамның мұсылман болмаса да, мал-мүлкін талан-тараж етуге болмайды. Ғалымдар хадистен қажылық рәсімдері мен өзге істерге қатысты да үкімдер шығарған.
Келісімнің бұзылуы
Он жылға жасалған келісімнің кейбір баптары екі жыл өтпей бұзылды. Исламды қабылдаған меккеліктерді Мәдинада қалдырмау мүшріктердің өздері талап еткен бап еді. Ақырында сол шарттан өздері бас тартты.
Он жыл соғыспау туралы бапты да мүшріктер бұзды. Келісім бойынша екі жақ өз қалауымен одақтас таңдауға ерікті еді. Жоғарыда айтылғандай, Хузаға мұсылмандармен, ал Бәни Бәкір мүшріктермен одақтасты. Бұл екеуі – ежелден бір-бірімен жауласып келген көрші тайпалар. Бәләзуридің айтуынша, бірде Бәни Бәкірден біреу хузағалықтың көзінше Расулаллаға (с.а.с.) тіл тигізді. Хузағалық шыдай алмай, төбелесіп, әлгі кісіні жаралады. Осы сылтаумен екі тайпа шайқаса бастады. Меккеліктер одақтасы Бәни Бәкірге қару, мал және өзге де көмек жіберді. Тіпті Сафуан ибн Умәйя, Икрима ибн Әбу Жәһил, Суһайл ибн Амр секілді құрайыштықтар жасырын шайқасқа қатысып, көптеген хузағалықты өлтірді.
Хузағалықтар Расулаллаға (с.а.с.) бір топ адам жіберіп, жаңа одаққа ғана емес, бұрынғы достыққа сүйеніп көмек сұрады. Мекке мүшріктерінің келісімді бұзғанын да айтты. Расулалла (с.а.с.) көмектесуге уәде беріп, оларды қайтарды. Артынша қателігін ұққан меккеліктер басшысы Әбу Суфиянды Расулаллаға (с.а.с.) жіберіп, келісімді жаңартудың жолын іздеді.
Әбу Суфиян Мәдинада әуелі Расулалланың (с.а.с.) жұбайы, өз қызы Үммі Хабибаға (р.а.), кейін Әбу Бәкірге, Омарға және Әлиге (р.а.) барды. Бәрі де оны суық қарсы алды. Келісімді бұзғандарын ашық айтпаса да, «Келісім жасалғанда мен жоқ едім» деген сөздерінен кінәні мойындағаны аңғарылды. Мешітте жолыққанда Расулалла (с.а.с.) да оның өтінішіне жауап бермеді. Бір риуаятта: «Келісімге өзгеріс енгізбеген болсаңдар, бізден қорқатын себеп жоқ», – деп жауап бергені айтылады.
Келісім бұл кезде бұзылып қойған еді. Расулалла (с.а.с.) Меккені алуға әзірлік бастады. Ол қантөгіске жол бермеу үшін Меккеге тосыннан жетуді көздеп, әзірлігін сездірмеуге тырысты. Бұл жай «Меккенің алынуы» бөлімінде түсіндіріледі.
Хұдайбия келісімінің жемісі – «Алланың қылышы» атанған Халид
Жоғарыда алғашқы буын ғалымдарының Хұдайбия келісімін Исламның ең үлкен жеңісі деп танып, Құрандағы «айқын жеңіс» атауын соған қатысты түсіндіргенін айттық. Келісімнің Исламға тигізген пайдасы көп. Енді соның ең маңызды жемістерінің бірі – «Алланың қылышы» атанған Халид ибн Уәлидті қысқаша таныстырамыз.
Халид ибн әл-Уәлид ибн әл-Мұғира әл-Құраши әл-Махзуми Әбу Суфиян, сондай-ақ Әбу әл-Уәлид деген күньялармен аталған. Анасы – Лубаба әс-Суғра бинт әл-Харис ибн әл-Хазр әл-Һилалия. Лубаба Расулалланың (с.а.с.) жұбайы Маймуна бинт әл-Харистың (р.а.) сіңлісі еді. Демек, Халид – Расулалланың (с.а.с.) балдызының ұлы.
Халид (р.а.) жаһилиятта да Құрайыштың беделді басшыларының бірі болған. Расулалла (с.а.с.) адамдарды кенге теңеп, жаһилиятта абыройлы болғандар дінді үйренсе, Исламда да абыройлы болатынын айтқан. Ибн әл-Әсир Халидтің жаһилият кезінде соғысқа әзірленетін шатырдағы әскербасылардың қатарында болып, атты жасақты басқарғанын жазады.
Исламды қабылдауға бекінген Халид (р.а.) Амр ибн әл-Ас пен Осман ибн Талхамен бірге Расулаллаға (с.а.с.) келді. Оларды көргенде, Расулалла (с.а.с.): «Мекке сендерге бауыр еттерін ұсыныпты», – деді. Бұл сөз олардың қадірін, Меккенің ысылған басшыларынан айырылғанын және Исламның солармен күшейгенін аңғартты.
Ақиқат өз негізінің беріктігімен, күллі адамзатқа ортақтығымен құнды. Оған ие болатын ойы озық, қолы қуатты адамдары табылса, ақиқат алысқа жетіп, туы биікке көтеріледі. Ислам секілді хақ дінді жеңіске жеткізу үшін білімді, қайратты адамдар да керек. Істің ақиқат болуының өзі жеткіліксіз. Алланың заңы осындай.
Ухудта мүшріктер жағында шайқасқан Халидтің Исламды қабылдауы үлкен олжа болды. Оның Исламға қай уақытта кіргені туралы риуаяттар әртүрлі. Бірақ Хұдайбияға дейін, тіпті Хұдайбия жорығы кезінде де мүшріктер жағында болғаны сенімді риуаяттармен расталған.
Халид мұсылман болғаннан кейін Расулалла (с.а.с.) оған көптеген жорықта қолбасшылық тапсырды. Мұтада үш қолбасшы қатарынан шейіт болғанда, сарбаздар оны төртінші қолбасшы етіп таңдады. Халид мұсылман әскерін кері шегіндіріп, үлкен қырғыннан аман алып қалды. Расулалла (с.а.с.) сол ерлігін бағалап, оған «Сайфуллаһ», яғни «Алланың қылышы» деген ат берді. Бұрын айтылғандай, Расулалла (с.а.с.) оны алғаш рет Меккені алу жорығында өзі қолбасшы етіп тағайындады.
Расулалланың (с.а.с.) көзі тірісінде Халид (р.а.) Хунайн жорығына қатысты. Тайыфтағы Ұзза ғибадатханасын қиратуға тапсырма алды. Дәумат әл-Жандалдың басшысы Укайдир ибн Абдулмәликке және Бәни әл-Харис ибн әл-Кағбқа жіберілді. Әбу Бәкірдің (р.а.) тұсында Ридда соғыстарында қолбасшы болды. Әуелі Тулайханы, кейін Мусайлима мен Мәлик ибн Нуайраны және өзге қарсыластарын жеңді. Содан соң Әбу Бәкір (р.а.) оны Иран және Византия әскерімен шайқасуға Шам өңіріне жіберді. Шам оның қолымен алынды.
Омар (р.а.) халифа болып, Халидті қызметінен алғанға дейін ол Шам өңіріндегі мұсылман әскерінің бас қолбасшысы болып тұрды.
Қатысқан шайқастарынан жеңіспен оралған Халид (р.а.) мұсылмандар арасында зор беделге ие болды. Омардың (р.а.) оны қолбасшылықтан алуы жұртқа күтпеген жағдай болып, түрлі әңгіме тарады. Омар (р.а.) бар өңірге жарлық жолдап, істің мәнін түсіндіріп, өзі мен Халид туралы қаңқу сөзді тоқтатуды көздеді. Жұрт арасында не айтылғанын Табаридің «Тарихында» келтірілген осы жарлықтан аңғаруға болады: «Халидті ашуға беріліп те, оның қиянат жасағаны үшін де қызметінен алған жоқпын. Бірақ жұрт оның кесірінен сынаққа түсті. Алла берген жеңістерді Халидтен көре бастады. Осылайша бәлеге ұрына ма деп қорықтым. Жеңісті бізге Алла бергенін біліп, оны Халидке теліп, сынаққа түспесін дедім».
Омар (р.а.) қолбасшылықтан алған соң, «Алланың қылышы» атанған Халид өзі басқарған әскерде қатардағы сарбаз болып қызметін жалғастырды.
Халид (р.а.) Ярмук шайқасында басындағы тақиясын жоғалтып алды. Қоймай іздетті. Бірнеше рет іздегеннен кейін ақыры арт жағынан табылды. Қарапайым тақия екен. Неліктен сонша іздеткенін сұрағанда, ол: «Расулалла (с.а.с.) ұмра жасап, шашын алдырды. Жұрт шашынан алып қалуға ұмтылғанда, мен бірінші болып үлгердім. Маңдай шашынан алғанымды осы тақияның алдыңғы жағына салып қойдым. Осы шаш қасымда болғанда, қай шайқасқа қатыссам да, жеңіп оралдым», – деді.
Халид (р.а.) һижреттің жиырма бірінші жылы Хумус қаласында дүние салды. Мәдинада қайтыс болды дейтін риуаят та бар. Өлер шағында: «Шайқас үстінде қаза табуды қатты қаладым. Бірақ бұйырмады, төсекте өлу жазылыпты», – деп қынжылған. Басқа бір риуаятта: «Жүз шайқасқа қатыстым. Денемде жебе, қылыш не найза тимеген бір қарыс сау жер жоқ. Сонда да есектей төсекте өлейін деп жатырмын», – дегені жеткен. Халид ибн Уәлидтің ұлынан ұрпақ қалмай, әулетінің сол тармағы үзілді. Мәдинадағы үйлері Әйюб ибн Сәләмаға мұраға қалды.
Қаза ұмрасы
عَنْ البَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «اعْتَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي ذِي الْقَعْدَةِ فَأَبَى أَهْلُ مَكَّةَ أَنْ يَدَعُوهُ يَدْخُلُ مَكَّةَ حَتَّى قَاضَاهُمْ عَلَى أَنْ يَدْخُلَ مِنَ العَامِ الْمُقْبِلِ، يُقِيمُ فِيهَا ثَلَاثًا، لَا يَدْخُلُ مَكَّةَ بِالسِّلَاحِ إِلَّا السَّيْفَ فِي الْقِرَابِ، وَأَنْ لَا يَخْرُجَ مِنْ أَهْلِهَا بِأَحَدٍ إِنْ أَرَادَ أَنْ يَتْبَعَهُ، وَأَنْ لَا يَمْنَعَ أَحَدًا مِنْ أَصْحَابِهِ أَرَادَ أَنْ يُقِيمَ بِهَا. فَلَمَّا دَخَلَهَا وَمَضَى الْأَجَلُ، أَتَوْا عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقَالُوا قُلْ لِصَاحِبِكَ اخْرُجْ عَنًّا، فَقَدْ مَضَى الْأَجَلُ. فَخَرَجَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَتَبِعَتْهُ ابْنَةُ حَمْزَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: تُنَادِي يَا عَمُّ يَا عَمُّ. فَتَنَاوَلَهَا عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَخَذَ بِيَدِهَا. فَقَالَ لِفَاطِمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: دُونَكِ بِنْتَ عَمِّكِ؟ فَحَمَلَتْهَا. فَاخْتَصَمَ فِيهَا عَلِيُّ وَزَيْدٌ وَجَعْفَرٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ. فَقَالَ عَلِيٌّ: هِيَ ابْنَةُ عَمِّي، وَقَالَ جَعْفَرٌ: هِيَ ابْنَةُ عَمِّي، وَخَالَتُهَا تَحْتِي، وَقَالَ زَيْدٌ: بِنْتُ أَخِي. فَقَضَى بِهَا صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِخَالَتِهَا؛ وَقَالَ: الْخَالَةُ بِمَنْزِلَةِ الْأُمِّ؛ وَقَالَ لِعَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنْتَ مِنِّي وَأَنَا مِنْكَ، وَقَالَ لِجَعْفَرٍ: أَشْبَهْتَ خَلْقِي وَخُلُقِي. وَقَالَ لِزَيْدٍ: أَنْتَ أَخُونَا وَمَوْلَانَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «قِرَابُ السَّيْفِ» قَالَ الْأَزْهَرِيُّ: هُوَ غَمْدُهُ.
Қазақша аудармасы
Бәра ибн әл-Азиб (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) зұлқағда айында ұмраға шықты. Меккеліктер оны қалаға кіргізбеді. Сонда Расулалла (с.а.с.) келесі жылы келіп, қалада үш күн тұруға, Меккеге қынаптағы қылыштан өзге қару кіргізбеуге, Мекке тұрғындарының бірі өзіне ергісі келсе, ертіп шықпауға, ал сахабаларының арасынан Меккеде қалғысы келгенге бөгет болмауға келісті.
Расулалла (с.а.с.) Меккеге кіріп, келісілген мерзім біткенде, меккеліктер Әлиге (р.а.) келіп: “Серігіңе айт, уақыты бітті, бізден кетсін”, – деді. Расулалла (с.а.с.) шығып бара жатқанда, Хамзаның қызы: “Уа, көке! Уа, көке!” – деп, соңынан ерді. Әли оның қолынан ұстап, Фатимаға (р.а.): “Көкеңнің қызын қасыңа ал”, – деді. Фатима оны көтеріп алды. Қызды кімнің қамқорлығына алу керегі жөнінде Әли, Зәйд пен Жағфар (р.а.) таласты. Әли: “Ол – көкемнің қызы”, – деді. Жағфар: “Ол – көкемнің қызы, әрі оның нағашы әпкесі менің әйелім”, – деді. Зәйд: “Ол – бауырымның қызы”, – деді. Расулалла (с.а.с.) қызды анасының әпкесіне беруге үкім етіп: “Ананың әпкесі – ананың орнында”, – деді. Әлиге (р.а.): “Сен мененсің, мен сененмін”, – деді. Жағфарға (р.а.): “Кескін-келбетің де, мінезің де маған ұқсайды”, – деді. Зәйдке (р.а.): “Сен – бауырымыз, әрі біз азат еткен адамсың”, – деді».1
Түсіндірме
Бұл риуаятта Хұдайбия келісімінің бір бабына сай келесі жылы жасалған ұмра баяндалады. Ғалымдардың көпшілігінің айтуынша, Расулалла (с.а.с.) төрт рет ұмра жасаған:
1. Хұдайбия жылы жасалған ұмра. Бұл жолы тауап пен сағи жасалмағанымен, Расулалла (с.а.с.) құрбандық шалып, шашын алдырып, ихрамнан шыққан. Сол себепті ғалымдар мұны да ұмраға жатқызған.
2. Ұмрат әл-қаза, яғни осы риуаятта айтылған ұмра. Мұндағы «қаза» сөзі бітім жасалған жылы ниет етіп, аяқталмаған ұмраны өтеу мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Ол «келісім» дегенді білдіретін «мұқаза» сөзінен шыққан. Сондықтан мұны «келісім ұмрасы» деген дұрысырақ.
3. Жиғранада жасалған ұмра.
4. Қоштасу қажылығында қиран тәсілімен жасалған ұмра.
- 1Бұхари, «Сулх», № 2699, «Мағази», № 4251, сондай-ақ «Умра», 3, «Жаза әс-сайд», 17, «Жизия», 19. Мүслим, «Жиһад», № 1783.