Хадис

Кутуб ситтә, № 4297

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
598. Таиф шайқасы
Нөмірі
№ 4297 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4297
Кутуб ситтә, № 4297 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ وَهْبِ بْنِ مُنَبِّهِ قَالَ: «سَأَلْتُ جَابِرًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ شَأْنِ ثَقِيفٍ إِذْ بَايَعَتْ. فَقَالَ: اشْتَرَطَتْ أَنْ لَا صَدَقَةَ عَلَيْهَا وَلَا جِهَادَ، وَأَنَّهُ سَمِعَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: سَيَتَصَدَّقُونَ وَيُجَاهِدُونَ إِذَا أَسْلَمُوا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Уаһб ибн Мунаббиһ айтады: «Жәбирден (р.а.) Сақиф тайпасының серт берген кездегі жағдайын сұрадым. Ол: “Олар өздеріне садақа мен жиһад міндеттелмеуін шарт етті”, – деді. Сосын Алла елшісінің (с.а.с.): “Исламды қабылдаған соң олар садақа да береді, жиһадқа да қатысады”, – дегенін естігенін айтты».1

Түсіндірме

1. Таиф шайқасы Хауазин жорығынан кейін болды. Хауазинде жеңілген мүшріктердің бір бөлігі Таифті паналағанын айттық. Алла елшісі (с.а.с.) олардың соңынан өзі шығып, шәууал айында Таифке жетті. Таифтіктер бір жылдық азығын алып, мықты қамалдың қақпасын бекітіп, қорғанысқа көшті. Мұсылмандарға шегірткедей қаптатып оқ жаудырды. Көп мұсылман жараланып, он екі адам шейіт болды. Олардың арасында Сағид ибн әл-Ас пен Абдулла ибн Әбу Умәйя да бар. Бір кезде әскер орнын ауыстырды.

Қоршау он сегіз күнге созылып, нәтиже бермеді. Қамал ішіне тас атқышпен тас лақтырылды. Алла елшісі жүзім бағын шауып, өртеуге бұйрық берді. Таифтіктер Алла мен арадағы туыстықты айтып, бақты өртемеуді өтінді. Алла елшісі: «Алла мен туыстықтың құрметіне өртетуді тоқтатамын», – деп, өтініштерін қабыл алды.

Алла елшісі мұсылмандарға қосылған құлдардың азат етілетінін жариялады. Бірнеше құл келіп қосылды. Оларды Исламды үйренсін деп мұсылмандардың жанына орналастырды.2

Алла елшісі Таиф қоршауын жалғастыру не тоқтату жөнінде сахабаларымен кеңесті. Нәуфал ибн Мұғауия (р.а.): «Бұлар інге тығылған түлкі сияқты. Күтсең, қолға түсіресің, күтпесең де зияны жоқ. Маңайдағы жұрт Исламды қабылдады, олар да саған келуге мәжбүр болады», – деді.

Алла елшісі қоршауды тоқтатуға шешім қабылдап, оны әзірет Омарға жариялатты. Сахабалар: «Қаланы алмай қалай кетеміз?» – деп қарсылық білдірді. Жоғарыдағы бірінші хадис осыны баяндайды. Алла елшісі: «Олай болса, таңертең шайқасқа шығыңдар», – деді. Ертеңіне ұрыс қайта басталғанымен, нәтиже болмады, біраз жауынгер жараланды. Қайту туралы шешімге бұл жолы сахабалар да қуанып, қоршау тоқтатылды.

№ 4297 риуаятында біраз уақыт өткен соң мұсылман болып, Алла елшісіне серт беруге өз еркімен келген топтың оқиғасы баяндалады. Бұл топ жеңіліп келмегендіктен, өз талаптарын алға тартты. Алла елшісі (с.а.с.) олардың шарттарына қарап, Исламның әлі жүректеріне орнықпағанын, дінге саяси келісім арқылы бағыныштылық білдірмек болғанын аңғарды. Шын иманға келгенде жиһадқа қатысу, үшір беру тәрізді міндеттерін өз еркімен атқаратынын ескеріп, оларға мұрсат берді. Жиһад пен үшір – мүмін үшін орны бөлек, өзге амалмен алмастырылмайтын құлшылықтар. Алайда Алла елшісі намазды тастау, зинаға рұқсат беру тәрізді талаптарын қабылдамады.

Таифтіктердің талаптары жоғарыдағы хадисте түгел қамтылмаған. Басқа риуаяттарда мына шарттар аталады.

1. Намаз оқымау.

2. Зекет бермеу.

3. Таиф қаласын харам деп тану.

4. Жиһадқа қатыспау.

5. Пұттарды қиратпау.

6. Зинаға тыйым салмау.

7. Өсіммен сауда жасауға рұқсат беру.

8. Шарап ішуге тыйым салмау.

Алла елшісі (с.а.с.) осы талаптармен келген топты мешітке қонақ етті. Кейбір мұсылмандар: «Бұлар мүшрік, нәжіс қой. Оларды неге мешітке кіргізеді?» – деп қарсылық білдіргенде, Алла елшісі: «Алланың жерін еш нәрсе кірлетпейді», – деді. Жоғарыдағы хадисте олардың жүрегі жібісін деп мешітке орналастырғаны айтылады. Олар мұнда Құран тыңдап, Алла елшісінің уағызын естіп, мұсылмандардың сөзі мен іс-әрекетін өз көзімен көріп, Исламды жақынырақ танып-білуге мүмкіндік алды. Алла елшісінің (с.а.с.) көздегені де осы еді.

Сахабалар олардың жиһад пен зекет секілді екі маңызды міндеттен босатылғанына таңырқады. Бірақ Алла елшісі хадисте айтылғандай, кейін екі міндетті де өз еркімен атқаратынын түсіндірді. Расында, біраз уақыттан соң олар өздері қалап зекет берді әрі жиһадқа қатысуға ниет білдірді. Әзірет Әбу Бәкір діннен шыққандарға қарсы аттандырған әскердің бір жасағын таифтік еріктілер құрады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хараж және басқару», № 3025.
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте. Аударма және түсіндірме», 1-том, 456–457-беттер. Ибн Сәййид ән-Нас, «Уюн әл-әсәр», 2-том, «Таиф жорығы».