Хадис

Кутуб ситтә, № 48

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
6. Түрлі үкімдер
Нөмірі
№ 48 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
48
Кутуб ситтә, № 48 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا مِنْ مَوْلُودٍ إِلَّا يُولَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ» – ثُمَّ يَقُولُ أَبُو هُرَيْرَةَ: «اقْرَؤُوا: ﴿فِطْرَتَ اللَّهِ الَّتِي فَطَرَ النَّاسَ عَلَيْهَا﴾» – «فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ أَوْ يُنَصِّرَانِهِ أَوْ يُمَجِّسَانِهِ، كَمَا تُنْتِجُ الْبَهِيمَةُ بَهِيمَةً جَمْعَاءَ، هَلْ تُحِسُّونَ فِيهَا مِنْ جَدْعَاءَ حَتَّى تَكُونُوا أَنْتُمْ تَجْدَعُونَهَا؟» قَالُوا: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَفَرَأَيْتَ مَنْ يَمُوتُ صَغِيرًا؟» قَالَ: «اللَّهُ أَعْلَمُ بِمَا كَانُوا عَامِلِينَ.» أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ، وَلِلْبَاقِينَ بِنَحْوِهِ. وَفِي أُخْرَى: «مَا مِنْ مَوْلُودٍ يُولَدُ إِلَّا وَهُوَ عَلَى هَذِهِ الْمِلَّةِ حَتَّى يُبِينَ عَنْهُ لِسَانُهُ.»

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Әр сәби пәк жаратылыспен дүниеге келеді”, – деді. (Осы тұста Әбу Һурайра: “Мына аятты оқыңдар: ‘Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты соның негізінде, соған сай етіп жаратты…’”1, – деді.) Хадистің жалғасында Алла елшісі: “Баланың ата-анасы оны яһуди, христиан немесе мәжуси етеді. Малдың төлі де дене мүшелері бүтін күйде туады. Өздерің құлағын кеспейінше, араларынан құлағы кесік төл көресіңдер ме?” – деді. Тыңдаушылар: “Уа, Алла елшісі, сәби шағында шетінегендер туралы не айтасыз?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Олар тірі болғанда қандай амал жасайтынын Алла жақсы біледі”, – деп жауап берді».

Басқа бір риуаятта «Әр сәби тілі шығып, өзі туралы айта алғанға дейін осы дінде болады» делінген2.

Түсіндірме

1. Хадис адамның діни ұстанымы, кәсіби бейімі, білімі мен өзге де қасиеттері қалыптасқанда тәрбиенің, әсіресе ата-ананың ықпалы зор екенін көрсетеді. Расында, халықтың жақсы не жаман бағытта дамуына ықпал ететін басты себептердің бірі – тәрбие.

Тәрбиенің нәтижесі оған жұмсалған күшке, тәрбие беретін мекемелердің жұмысына және оған бөлінген уақытқа байланысты. Хадис баланың қоршаған ортадан тәрбие арқылы не алатынын дін мысалымен көрсетеді.

2. Хадисте назар аударылған екінші мәселе – баланың әуелгі жаратылысы.

Алла елшісі (с.а.с.) барлық баланың бірдей пәк болмыспен туатынын айтқан. Сәби бай не кедейдің отбасында туса да, нәсілі қандай болса да, Еуропада не Африкада дүниеге келсе де, әуелгі жаратылысы бір. Демек, адам баласы туа біткен негізгі қабілеті мен бейімі жағынан бірдей. Әбу Һурайра (р.а.) бұл хадисті жеткізгенде «Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты соның негізінде, соған сай етіп жаратты...» деген аятты оқыған. Қауымдар мен халықтар, ұлттар мен нәсілдер арасындағы айырмашылықтар сыртқы жағдайдан, әсіресе тәрбие жүйесінің ықпалынан туындайды. Кей ғалымдар: «Сәби Алланы танып, Оны мойындауға бейім болып жаратылады. Жаратушысын басқаша атаса да, Оған қоса өзге нәрселерге табынса да, өзін жаратқан Иенің барын мойындамайтын адам туған емес», – деген. Имам Нәуәуи түрлі пікірді келтіре отырып, «Ең дұрыс пікір – әр сәби Исламды қабылдауға бейім жаратылыспен дүниеге келеді» деген тұжырым жасаған. Хадисті осы мағынада ұққан жөн.

3. Хадисте сөз болған үшінші мәселе – балиғатқа жетпей қайтыс болған балалардың ақыреттегі жағдайы. Ислам ғұламалары осы мәселеге қатысты аяттар мен хадистерді ескеріп, әртүрлі пікір айтқан.

а) Ислам ғұламаларының көпшілігі мұсылман отбасында туып, діни міндет жүктелетін жасқа жетпей дүние салған балаларды жәннаттық деп біледі. Кейбір ғалымдар бұл жөнінде кесімді үкім айтудан сақтанған. Ал өзге ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) «Балиғатқа жетпей үш баласы дүние салған мұсылманды Алла сол балаларға деген рақымымен жәннатқа кіргізеді» деген хадисіне сүйеніп, мұндай сақтықтың негізі жоқ екенін айтқан.

ә) Мұсылман емес отбасында туып, балиғатқа жетпей дүние салған балалар жайында үш түрлі пікір бар:

1) Ғалымдардың көпшілігі бұл балалардың ақыреттегі халі ата-аналарына байланысты, сондықтан олар тозаққа түседі деп есептеген.

2) Бір топ ғалым бұл жөнінде кесімді үкім айтуға болмайды деген.

3) Зерттеуші ғалымдар дұрыс деп тапқан көзқарас бойынша, бұл балалар да жәннаттық. Олар дәлелдерінің бірі ретінде мына аятты келтіреді: «Біреудің күнәсін біреу арқаламайды. Біз алдын ала пайғамбар жіберместен азаптамаймыз»3.

  1. 1«Рум» сүресі, 30-аят.
  2. 2Бұхари, «Жәнаиз», 80, 93. Мүслим, «Тағдыр», 22 (№2658). Мәлик, «Муатта», «Жәнаиз», 52 (1/241). Тирмизи, «Тағдыр», 5 (№2139). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 18 (№4714).
  3. 3«Исра» сүресі, 15-аят.