Хадис

Затус-Сәласил жорығы

Кутуб ситтә, 9-том, 604-тарау · 1 хадис · № 4303

Хадистер

4303
Кутуб ситтә, № 4303 · тараудағы реті: 1

عَنْ أَبِي عُثْمَانَ النَّهْدِيِّ، عَنْ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَمْرَو بْنَ الْعَاصِ عَلَى جَيْشِ ذَاتِ السَّلَاسِلِ. قَالَ عَمْرٌو: فَأَتَيْتُهُ فَقُلْتُ: أَيُّ النَّاسِ أَحَبُّ إِلَيْكَ؟ قَالَ: عَائِشَةُ. قُلْتُ: وَمِنَ الرِّجَالِ؟ قَالَ: أَبُوهَا. قُلْتُ: ثُمَّ مَنْ؟ قَالَ: عُمَرُ. فَعَدَّ رِجَالًا. فَسَكَتُّ مَخَافَةَ أَنْ يَجْعَلَنِي فِي آخِرِهِمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Осман ән-Нәһди Амр ибн әл-Астан (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Амр ибн әл-Асты Затус-Сәласил әскеріне қолбасшы етіп жіберді. Амр былай дейді: “Алла елшісіне барып: ‘Сізге ең сүйікті адам кім?’ – дедім. ‘Айша’, – деді. ‘Ерлерден ше?’ – деп сұрадым. ‘Оның әкесі’, – деді. ‘Одан кейін кім?’ – дедім. ‘Омар’, – деді де, тағы бірнеше адамның атын атады. Мені ең соңында айта ма деп қорқып, үндемей қалдым”».1

Түсіндірме

1. Бұл жорық һижреттің сегізінші жылы жұмада әл-ахир айында болды. Жетінші жылы немесе Мута шайқасынан кейін болған деген пікірлер де бар. Ибн Сағдтың айтуынша, Алла елшісі Құдаға тайпасынан қалың топтың Мәдинаға шабуыл жасау үшін жиналып жатқанын естиді. Сөйтіп Амр ибн әл-Асты шақырып, ақ ту ұстатып, ансарлар мен мұһажирлерден үш жүз адам қосып аттандырады. Артынша Әбу Убәйда бастаған екі жүз адамды көмекке жібереді.

2. Жорықтың «Затус-Сәласил» аталуын мүшріктердің ұрыста қашып кетпеу үшін бір-біріне шынжырмен байланғанымен байланыстырады. Басқа жорамал да бар. Бұл – Уади әл-Құраның ар жағындағы, Мәдинадан он күндік жер. Жорық Лахм мен Жузам деген екі ірі тайпаның атымен де аталған.

3. Хадистің қосымша деректер келтірілген түрлі нұсқалары бар. Амр ибн әл-Астың (р.а.) сұрақ қоюына өзіне берілген әскерде әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омар сияқты Алла елшісіне жақын, беделді адамдардың болуы себеп болған. Амр: «Іштей: “Алла елшісі мені өзгелерден артық көрмесе, Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) бар әскерге қолбасшы етпес еді”, – дедім. Сосын қасына барып отырып: “Уа, Расулалла! Сіз ең жақсы көретін адам кім?” – деп сұрадым», – дейді. Яғни Амр өзінің қолбасшылыққа тағайындалуын Алла елшісінің өзіне деген сүйіспеншілігінен деп түсінген.

Артынан жеткен Әбу Убәйда бірқатар уәж айтып, намазға имам болуға өзін лайық көреді. Амр: «Қолбасшы менмін, сен маған көмекке келдің», – деп, имамдықты бермейді. Бірде аязды түнде ихтилам болып, ғұсыл ала алмағандықтан, тәйәммүм жасап, намаз оқытады.

Амр жорықта от жағуға тыйым салды. Әзірет Омар бұл тыйымға қарсы болып, екеуі сөзге келді. Әзірет Әбу Бәкір: «Амрға тиіспе. Алла елшісі (с.а.с.) оның соғыс ісін білетініне көзі жетпесе, қолбасшылықты тапсырмас еді», – деді. Басқа риуаят бойынша, Амр тыйымды бұзғысы келгендерге: «Кім от жақса, өзін сол отқа тастаймын», – деп қатаң ескерткен.

Амр бастаған жасақ шайқаста жеңді. Жауынгерлер шегінгендердің соңынан түскісі келгенімен, Амр рұқсат бермеді.

Жорықтан қайтқан соң осы жайлар айтылды. Алла елшісі (с.а.с.) Амрдан неге солай істегенін сұрады. Амр: «От жақсақ, жау орнымызды біліп, адамымыздың азын байқап қалар еді. Қосалқы күші бар шығар деп, соңынан қууды да жөн көрмедім», – деді. Алла елшісі оның шешімдерін құптап, мақтады.

4. Риуаят әзірет Әбу Бәкір, әзірет Омар және әзірет Айшаның (р.а.) сахабалар арасындағы айрықша орнын аңғартады. Осы тұрғыдан автор оны әзірет Әлиді бәрінен жоғары қоятын шииттердің көзқарасына қарсы, әһлі сүннет пікірін қуаттайтын дәлел ретінде қарастырады.

  1. 1Бұхари, № 3662, 4358. Мүслим, «Сахабалардың артықшылықтары», № 2384.