Хадис

Тәбүк жорығы

Кутуб ситтә, 9-том, 605-тарау · 2 хадис · № 4304–4305

Хадистер

4304
Кутуб ситтә, № 4304 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

عَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَرْسَلَنِي أَصْحَابِي إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَسْأَلُهُ الْحُمْلَ لَهُمْ فِي جَيْشِ الْعُسْرَةِ وَهِيَ غَزْوَةُ تَبُوكَ. فَوَافَقْتُهُ وَهُوَ غَضْبَانُ وَلَا أَشْعُرُ. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَصْحَابِي أَرْسَلُونِي إِلَيْكَ لِتَحْمِلَهُمْ. فَقَالَ: وَاللَّهِ لَا أَحْمِلُهُمْ عَلَى شَيْءٍ. فَرَجَعْتُ حَزِينًا مِنْ مَنْعِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَمِنْ مَخَافَةِ أَنْ يَكُونَ قَدْ وَجَدَ فِي نَفْسِهِ عَلَيَّ، فَرَجَعْتُ إِلَى أَصْحَابِي فَأَخْبَرْتُهُمْ بِالَّذِي قَالَ؛ ثُمَّ أَرْسَلَ إِلَيَّ فَقَالَ: خُذْ هَذَيْنِ الْقَرِينَيْنِ، وَهَذَيْنِ الْقَرِينَيْنِ، وَهَذَيْنِ الْقَرِينَيْنِ، لِسِتَّةِ أَبْعِرَةٍ ابْتَاعَهُنَّ مِنْ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حِينَئِذٍ فَانْطَلِقْ بِهِنَّ إِلَى أَصْحَابِكَ. فَقُلْ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى، أَوْ إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَحْمِلُكُمْ عَلَى هَؤُلَاءِ فَارْكَبُوهُنَّ. فَانْطَلَقْتُ إِلَى أَصْحَابِي بِهِنَّ. فَقُلْتُ: إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَحْمِلُكُمْ عَلَى هَؤُلَاءِ، وَلَكِنْ وَاللَّهِ لَا أَدَعُكُمْ حَتَّى يَنْطَلِقَ مَعِي بَعْضُكُمْ إِلَى مَنْ سَمِعَ مَقَالَةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ سَأَلْتُهُ لَكُمْ وَمَنْعَهُ إِيَّايَ أَوَّلَ أَمْرِهِ. ثُمَّ أَعْطَاؤُهُ إِيَّايَ بَعْدَ ذَلِكَ لَا تَظُنُّوا أَنِّي حَدَّثْتُكُمْ شَيْئًا لَمْ يَقُلْهُ. فَقَالُوا: وَاللَّهِ إِنَّكَ عِنْدَنَا لَمُصَدَّقٌ، وَلَنَفْعَلَنَّ مَا أَحْبَبْتَ فَانْطَلَقَ أَبُو مُوسَى بِنَفَرٍ مِنْهُمْ حَتَّى أَتَوْا الَّذِينَ سَمِعُوا قَوْلَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَحَدَّثُوهُمْ بِمَا حَدَّثَهُمْ بِهِ أَبُو مُوسَى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) айтады: «Жолдастарым Тәбүк жорығында, яғни таршылық әскерінің сапарында мініс сұрау үшін мені Алла елшісіне (с.а.с.) жіберді.

Қасына барсам, ашулы екен. Мен оны алғашында аңғармаппын.

“Уа, Расулалла, жолдастарым өздеріне мініс берсеңіз деп мені сізге жіберді”, – дедім.

“Уаллаһи, оларға ешқандай мініс бермеймін”, – деді. Алла елшісінің (с.а.с.) мініс бермегеніне әрі маған ренжіген шығар деп көңілім түсіп қайттым. Жолдастарыма барып, одан естігенімді жеткіздім.

Кейін Алла елшісі кісі жіберіп, мені шақыртты да: “Мына жұпты, ана жұпты және ана жұпты ал. Бәрін жолдастарыңа апар”, – деді. Алла елшісі бұл алты түйені сол кезде Сағдтан сатып алған еді. Артынша: “Алла немесе Алла елшісі сендерді осыларға мінгізеді. Соларға мініңдер”, – деді. Мен түйелерді жолдастарыма апарып: “Алла елшісі сендерге осы түйелерді мініске берді. Бірақ уаллаһи, бірнешеуің менімен бірге оның әуелде мініс бермегенін, кейін бергенін естіген кісілерге бармайынша, сендерді жібермеймін. Алла елшісі айтпаған сөзді жеткізді деп ойламаңдар”, – дедім. Жолдастарым: “Аллаға ант етеміз, сөзіңе сенеміз. Қалағаныңды міндетті түрде істейміз”, – деді. Бірнешеуін ертіп, Алла елшісінің әуелгі сөзін естіген адамдарға бардым. Олар менің айтқанымды растады».1

  1. 1Бұхари, «Жорықтар», № 4415, «Олжаның бестен бір үлесі», 15, «Мал сою», 26, «Анттар», 1, 4, 18, «Кәффарат», 9, 10, «Таухид», 56. Мүслим, «Анттар», № 1649.
4305
Кутуб ситтә, № 4305 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ وَاثِلَةَ بْنِ الْأَسْقَعِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَادَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي غَزْوَةِ تَبُوكَ فَخَرَجْتُ إِلَى أَهْلِي وَقَدْ خَرَجَ أَوَّلُ صَحَابَةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَطَفِقْتُ فِي الْمَدِينَةِ أُنَادِي: أَلَا مَنْ يَحْمِلُ رَجُلًا لَهُ سَهْمُهُ؟ فَنَادَى شَيْخٌ مِنَ الْأَنْصَارِ فَقَالَ: لَنَا سَهْمُهُ عَلَى أَنْ نَحْمِلَهُ عُقْبَةً وَطَعَامُهُ مَعَنَا. فَقُلْتُ: نَعَمْ قَالَ: فَسِرْ عَلَى بَرَكَةِ اللَّهِ تَعَالَى قَالَ: فَخَرَجْتُ مَعَ خَيْرِ صَاحِبٍ حَتَّى أَفَاءَ اللَّهُ عَلَيْنَا فَأَصَابَنِي قَلَائِصُ فَسُقْتُهُنَّ حَتَّى أَتَيْتُهُ فَخَرَجَ. فَقَعَدَ عَلَى حَقِيبَةٍ مِنْ حَقَائِبِ إِبِلِهِ. ثُمَّ قَالَ: سُقْهُنَّ مُدْبِرَاتٍ ثُمَّ قَالَ: سُقْهُنَّ مُقْبِلَاتٍ. فَقَالَ: مَا أَرَى قَلَائِصَكَ إِلَّا كِرَامًا قُلْتُ: إِنَّمَا هِيَ غَنِيمَتُكَ الَّتِي شَرَطْتُ لَكَ قَالَ: خُذْ قَلَائِصَكَ يَا ابْنَ أَخِي، فَغَيْرَ سَهْمِكَ أَرَدْنَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. يُقَالُ «حَمَلْتُ فُلَانًا عُقْبَةً» إِذَا أَرْكَبْتُهُ وَقْتًا وَأَنْزَلْتُهُ وَقْتًا فَهُوَ يَعْقِبُ غَيْرَهُ فِي الرُّكُوبِ: أَيْ يَجِيءُ بَعْدَهُ.

Қазақша аудармасы

Уәсила ибн әл-Әсқағ (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) Тәбүк жорығына шығуға шақырды. Мен үйіме барғанда, сахабалардың алғашқы тобы аттанып кеткен еді. Мәдинада: “Бір адамды мініске алатын, есесіне оның олжадағы үлесін алатын кісі бар ма?” – деп дауыстап жүрдім. Сонда ансарлардан бір қарт: “Оның үлесі бізге тиесілі болса, кезектесіп мінгіземіз, азығын өзімізбен бірге береміз”, – деді. Мен келістім. “Алланың берекетімен жолға шық”, – деді. Сөйтіп жақсы жолдаспен бірге аттандым. Алла олжа бергенде, маған да жас түйелер тиді. Оларды айдап, әлгі қартқа алып келдім. Ол сыртқа шығып, түйелерінің ер-тұрмандарының біріне отырды. “Бұларды әрі қарай айда”, – деді. Содан соң: “Енді бері қарай айда”, – деді де: “Мына жас түйелерің асыл мал екен”, – деді. “Бұлар – менің сізге берген уәдеме сай алатын үлесіңіз”, – дедім. Ол: “Жас түйелеріңді ал, бауырым. Мен сенің олжаңды көздеген жоқпын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Тәбүк жорығына көшпес бұрын, соңғы хадистегі бір мәселені түсіндіре кетейік.

Хадисте жорыққа шыққан адамды мініске алған кісіге олжадағы үлесін беру туралы келісім сөз болады. Мініс бергеннің түпкі ниеті басқа болса да, екеуі осы шартқа келіскен. Ғалымдар мұндай келісім жарамды ма деп таласқан. Ахмад ибн Ханбал атын олжаның жартысына берген кісі туралы: «Мұнда сөкеттік болмаса керек», – деген. Әузағи де мұны рұқсат санайды. Имам Мәлик мәкрүһ деген. Шафиғи мұндай келісімді жарамсыз деп есептеген. Сондай келісім жасалып қойса, міністің ақысын ғана төлейді.

2. Тәбүк жорығы һижреттің тоғызыншы жылы ережеп айында, Қоштасу қажылығынан бұрын болды. Тәбүк – Мәдина мен Шамның аралығындағы, Мәдинадан біршама шалғай жер.

3. Бұл жорық «Ғазуатул-усра» деп те аталған. «Усра» қиындық, таршылық дегенді білдіреді. Атау Тәбүк жорығына қатысты мына аяттан алынған: ﴿لَقَدْ تَابَ اللَّهُ عَلَى النَّبِيِّ وَالْمُهَاجِرِينَ وَالْأَنْصَارِ الَّذِينَ اتَّبَعُوهُ فِي سَاعَةِ الْعُسْرَةِ مِنْ بَعْدِ مَا كَادَ يَزِيغُ قُلُوبُ فَرِيقٍ مِنْهُمْ﴾ «Расында, Алла пайғамбарын шексіз мейіріміне бөледі. Әрі өте қиын шақта пайғамбардың соңынан ерген мұһажирлер мен ансарларға, әсіресе, араларындағы кей адамдарға жүректері тайқуға шақ қалғанда, рақымын төгіп, күш-жігер берді» («Тәубе» сүресі, 117-аят).

Жорық аптап ыстықта өтті, мініс те аз болды. Оның үстіне, егін мен жеміс жинайтын кез еді. Көп адам жорықтан гөрі өнімін жинауды қалады. Сапардың ауыр болғанының бір себебі – осы. Мәселен, Кәғб ибн Мәлик те сол себепті жорыққа қатыспай қалды. Әскер көп, бәріне жететін су мен азықты алып жүру қиын еді. Су табылмай қалғанда, түйе сойып, оның қарынындағы суды ішкен. Мініс пен азық жағынан да қиындық көрді. Сондықтан оны «Таршылық жорығы» деген мағынада «Ғазуатул-усра» деп атады. Алла елшісінің су мен азыққа береке дарығанын көрсететін мұғжизаларының көбі осы сапарда байқалды.

«Тәбүк» – бір бұлақтың аты. Оның суы тым аз еді. Алла елшісі (с.а.с.) дәрет алып, суды бұлаққа құйды. Сонда бұлақ суы молайып, бүкіл әскер шөлін сол жерден басты.

4. Жорыққа Мәдинаға жеткен бір хабар себеп болды. Шамнан Мәдинаға зәйтүн майын әкелетін набатилер гректердің мұсылмандарға қарсы қалың қол жинап жатқанын, оларға Лахм, Жузам және Ғасан сияқты Исламды әлі қабылдамаған араб тайпаларының да қосылғанын, ал алғашқы жасақтары Бәлқаға жетіп қойғанын хабарлады.

Алла елшісі (с.а.с.) дереу жорыққа шығуға шешім қабылдап, Меккеден бастап барлық өңірдегі мұсылман тайпаларына дайындалуды бұйырды. Сапардың бағытын және қарсы жақтың күшін ашық айтып, жұрттың соған сай қамданғанын қалады. Кей риуаяттарда Тәбүкке дейінгі жорықтардың шын мақсаты жасырылып, басқа жақ меңзеліп отырғаны айтылады. Ал Тәбүк жорығында жолдың алыстығы, ыстықтың қаттылығы және қарсы жақтың күші ескеріліп, мақсат ашық айтылды. Жорықтың себебін түсінуге Табаранидің мына риуаяты көмектеседі: «Христиан арабтар Гераклийге: “Өзін пайғамбармын деп жариялаған адам қиындыққа ұшырады. Оларды аштық қысып, малдары да қырылды”, – деп жазады. Гераклий Кибад есімді қолбасшының қарамағына қырық мың әскер жинайды. Бұл хабар Алла елшісіне жеткенде, ол қимылға кіріседі».

Ол кезде мұсылман мемлекеті әлі қуатты емес еді. Алла елшісі (с.а.с.) жұртты шамасы келгенше садақа беріп, қайырымдылық жасауға шақырды. Әркім қолындағысын, дәулеттілер молырақ берді. Әзірет Осман Шамға керуен жіберген еді. Ол: «Уа, Расулалла, мына екі жүз түйені ер-тұрманы мен жабуымен сыйға бердім. Екі жүз оққа ақша да қосамын», – деді. Басқа риуаятта үш жүз түйе мен мың алтын динар бергені айтылады. Әзірет Әбу Бәкір бар малын, әзірет Омар малының жартысын берді.

Алла елшісі жорыққа шамасы жеткеннің бәрін қатысуға шақырып, орынды себебі болмаса, ешкімнің қалыс қалмауын тапсырды. Сексеннен астам мұнафық түрлі сылтау айтып, қалуға рұқсат сұрады. Оларға рұқсат берілді. Бәдәуилерден де сонша адам сұранғанымен, оларға рұқсат берілмеді. Дәлелді себебі жоқ бірнеше мұсылман да жорыққа қатыспады. Жорықтан оралған соң Алла елшісі сол үш кісіні Алланың кешірім аяты түскенше қоғамнан оқшаулады. Олар елу күн бойы қатты қиналды. Осы жорықта тағы жеті адам «жылаушылар» (баккаун) атанды. Өте кедей осы кісілер Алла елшісіне келіп, жорыққа қатысу үшін мініс сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) мініс бере алмайтынын айтқанда, олар жылап қайтты. Мұсылмандарды сол дәуірдің қуатты мемлекетіне жеңдіруден үміттенген яһудилер де халықтың көңілін бұзуға тырысты. Бір риуаят бойынша олар: «Уа, Мұхаммед, расында пайғамбар болсаң, Сирияға бар. Ол – махшар құрылатын жер, пайғамбарлар мекені», – деген. Риуаятта Алла елшісінің Шамға бару ойымен жорыққа шығып, Тәбүкке жеткені және сол кезде: ﴿وَإِنْ كَادُوا لَيَسْتَفِزُّونَكَ مِنَ الْأَرْضِ لِيُخْرِجُوكَ مِنْهَا ۖ وَإِذًا لَا يَلْبَثُونَ خِلَافَكَ إِلَّا قَلِيلًا﴾ «Олар сені атамекеніңнен қуып шығару үшін саған бір сәтке де тыным таптырмауда. Солай болған жағдайда саған тыным таптырмаған сол кәпірлер сенен кейін ол жерде аз ғана уақыт тұрақтап, ақырында өздері де құрып кетер еді…» («Исра» сүресі, 76-аят) деген аят түскені айтылады.

5. Бұл жорықта Алла елшісінің әскері отыз мыңға жетті. Салт аттылардың саны он мың болды.

Алла елшісі Тәбүкте жиырма күн болып, гректерді күтті. Гераклий ол кезде Хумуста еді. Әйла басшысы Юханна ибн Руғба келіп, Алла елшісімен бейбіт келісім жасасты. Олар үш жүз динар жизия төлеуге міндеттенді. Әзрух басшысымен жүз динарға, ал Жарба мен Мақма халқымен өнімінің жартысын беру шартымен келісім жасалды.

Алла елшісі Тәбүкте жүргенде, Халид ибн Уәлидті төрт жүз жиырма салт аттымен Думатул-Жандалдың басшысы Уқайдыр ибн Абдулмәликке жіберді. Уқайдыр Кинда христиандарынан еді. Халид оны Алла елшісі алдын ала айтқандай, жабайы өгіз аулап жүргенде ұстап, алдына алып келді. Алла елшісі оның өмірін қидыруға бармады. Жизия ретінде екі мың сегіз жүз түйе мен төрт жүз найза алынды. Алла елшісі хумусты алған соң, қалғанын жауынгерлерге үлестірді.

Жиырма күн күтсе де, Гераклий де, христиан арабтар да шайқасқа келмеді. Алла елшісі Мәдинаға қайтты. Қайтарда Уади әл-Мушаққақта сыздықтап тұрған су оның дұғасының берекесімен молайып, әскерге жетті. Мәдинаға жақындағанда, Дырар мешіті туралы хабар алды. Мәлик ибн әд-Духшумды жіберіп, мешітті өртетті.

6. Тәбүк жорығы мол олжа әкелді. Мұсылмандар бұрын көп алаңдаған Гераклийден енді сонша қаймықпайтын болды. Гректердің «Келдік, келе жатырмыз» деген сесі де, мұнафықтар мен яһудилердің «Мұсылмандарды таптап кетеді» дегені де бос сөз болып шықты. Қуатты саналған Византия алыстан айбар шеккенімен, майданға шығуға бата алмады. Тәбүкте гректердің қарсы шықпағанын көрген мұсылмандар жігерленіп, кейін Римге қарсы аттанғанда, оны Ыстанбұл қамалдарына дейін шегіндірді. Сирия, Ирак, Мысыр мен Анадолы бірте-бірте Ислам жұртына қосылды. Византияның Ыстанбұлдағы соңғы билігін Фатих Сұлтан Мехмет құлатты.

Византияға қарсы осы жорықтан кейін мұсылмандардың көңілі орнына түскенін мына оқиғадан да байқаймыз. Ибн Сағдтың жазуынша, жорықтан қайтқан мұсылмандар: «Енді жиһад бітті», – деп, қаруларын сата бастапты. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.): «Дажжал шыққанға дейін үмбетімнің бір тобы Алла жолындағы жиһадын жалғастырады», – деп, қаруды тастауға тыйым салған.

Бұған мына жағдай себеп болса керек. Хижаз бен оның маңы, яғни Араб түбегі ширктен арылып, мүшріктердің ықпалы қалмаған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, мұсылмандар Римнен қауіптенетін. Тәбүк жорығы Римнің де жағдайы мықты еместігін көрсетті. Мұсылмандарға көршілес византиялық өңірлер жизия төлеуге келіскен соң, бұлар да қауіп болудан қалды. Ислам осы мақсатына жетті. Ал Алла елшісінің міндеті үндеуді бүкіл адамзатқа жеткізу еді. Мұсылмандар жаңа белеске ұмтылып, Исламның таралуына күш салуға тиіс болатын. Сондықтан Алла елшісі олардың босаңсып қалмай, жиһадқа сергек қарауына жағдай жасап, алдарына жаңа мақсаттар қойды.

Тәбүк жорығы мұсылман қоғамында мұнафықтардың әлі де бар екенін көрсетті. Бірқатар аятта олардың сол кезде айтқан сөздері келтіріледі.

• Мұнафықтардың бір басшысы жорықтан қалуға сылтау іздеп, Алла елшісіне грек әйелдерін көрсе, өзін ұстай алмай қалатынын айтып, бүлікке итермеуін өтінді. Ол туралы: ﴿وَمِنْهُمْ مَنْ يَقُولُ ائْذَنْ لِي وَلَا تَفْتِنِّي ۚ أَلَا فِي الْفِتْنَةِ سَقَطُوا﴾ «Араларыңда алдыңа келіп: “Маған рұқсат ет. Сау басымды бүлікпен бәлеге қалдыра көрме”, – дейтіндер де бар. Задында, олар онсыз да бәлеге белшесінен батқан күйде…» («Тәубе» сүресі, 49-аят) деген аят түсті.

• Кейбір мұнафықтар жұртты айныту үшін: «Мына ыстықта жорыққа шыққаны несі?» – десті. Олар туралы: ﴿فَرِحَ الْمُخَلَّفُونَ بِمَقْعَدِهِمْ خِلَافَ رَسُولِ اللَّهِ وَكَرِهُوا أَنْ يُجَاهِدُوا بِأَمْوَالِهِمْ وَأَنْفُسِهِمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ وَقَالُوا لَا تَنْفِرُوا فِي الْحَرِّ ۗ قُلْ نَارُ جَهَنَّمَ أَشَدُّ حَرًّا ۚ لَوْ كَانُوا يَفْقَهُونَ﴾ «Расулалладан ажырап, жорыққа шықпай қалып қойғандар үйлерінде жайбарақат отырғандарына мәз болысты. Әрі мал-жанын аямай ортаға салып Алла жолында күресуді жақтырмай, бір-біріне: “Мына аптапта жорыққа шықпаңдар”, – деп ақыл айтысты. Ендеше, оларға: “Тозақ оты әлдеқайда ыстық”, – де. Әттең, олар ақиқатты біліп, мәселені толық түсінгенде ғой!» («Тәубе» сүресі, 81-аят) деген аят түсті.

• Жорық үстінде де олар іріткі салуға тырысты. Бірде Алла елшісінің түйесі жоғалып кеткенде, мұнафықтардың бірі: «Мұхаммед сендерге көктен хабар келетінін айтады. Ал өз түйесінің қайда екенін білмейді», – деп, күмән туғызғысы келді. Мұны естіген Алла елшісі: «Уаллаһи, мен ғайыпты білмеймін. Алла білдіргенін ғана білемін. Түйем пәлен сайда, тізгіні ағашқа ілініп қалыпты. Барып алып келіңдер», – деді. Түйе дәл айтқан жерінен табылды.

• Мәдинада қалған мұнафықтар мұсылмандардан бөлек бас қосу үшін өздеріне мешіт тұрғызды. Құранда ол Дырар мешіті деп сипатталады. Осыған байланысты мына аяттар түсті: ﴿وَالَّذِينَ اتَّخَذُوا مَسْجِدًا ضِرَارًا وَكُفْرًا وَتَفْرِيقًا بَيْنَ الْمُؤْمِنِينَ وَإِرْصَادًا لِمَنْ حَارَبَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ مِنْ قَبْلُ ۚ وَلَيَحْلِفُنَّ إِنْ أَرَدْنَا إِلَّا الْحُسْنَىٰ ۖ وَاللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّهُمْ لَكَاذِبُونَ ۝ لَا تَقُمْ فِيهِ أَبَدًا ۚ لَمَسْجِدٌ أُسِّسَ عَلَى التَّقْوَىٰ مِنْ أَوَّلِ يَوْمٍ أَحَقُّ أَنْ تَقُومَ فِيهِ﴾ «Һәм бір топ мұнафық Исламға және мұсылмандарға зиян келтіру, күпірлікті қолдау, мүміндердің арасына жік салу һәм бұрынырақта Аллаға және Елшісіне қарсы соғыс ашқан кісінің өздеріне қосылуын күту мақсатында бір мешіт салды. Бірақ олар мүміндерге: “Күмәндарың болмасын, біз жақсылықтан басқа еш нәрсе көздеген емеспіз”, – деп ант-су ішеді. Алайда олардың өтірікші кәззап екендігіне бір Алланың өзі куә! Ол мешітте әсте намаз оқушы болма. Әу бастан-ақ тақуалыққа негізделіп салынған мешіт – сен үшін намаз оқуға ең лайықты орын» («Тәубе» сүресі, 107–108-аяттар).

Тәбүк жорығына орынды себепсіз әрі рұқсатсыз қатыспай қалған үш мұсылман туралы да аят түсті. Алла елшісі жұртқа олармен сөйлеспеуді, оларға жәрдемдеспеуді тапсырды. Жер беті кең бола тұра, үшеуіне тарылғандай болған ауыр елу күннен кейін олардың кешірілгені мына аятпен жарияланды: ﴿وَعَلَى الثَّلَاثَةِ الَّذِينَ خُلِّفُوا حَتَّىٰ إِذَا ضَاقَتْ عَلَيْهِمُ الْأَرْضُ بِمَا رَحُبَتْ وَضَاقَتْ عَلَيْهِمْ أَنْفُسُهُمْ وَظَنُّوا أَنْ لَا مَلْجَأَ مِنَ اللَّهِ إِلَّا إِلَيْهِ﴾ «Һәм артта қалып қойған үш кісінің де тәубесін қабыл етті. Жер беті оларға тар келген еді. Сөйтіп әбден құсаға шалдыққан еді. Ақыры, Алланың бұл азабынан бір Өзін пана тұтып қана құтыла алатындықтарына көздері анық жетті.» («Тәубе» сүресі, 118-аят).2

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», № 2676.
  2. 2«Тәубе» сүресі, 118-аят. Бұхари, «Жорықтар», № 4418.