وَعَنْ زَيْدِ بْنِ وَهْبٍ قَالَ: «كُنَّا عِنْدَ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: “مَا بَقِيَ مِنْ أَصْحَابِ هَذِهِ الْآيَةِ (يَعْنِي: ﴿فَقَاتِلُوا أَئِمَّةَ الْكُفْرِ إِنَّهُمْ لَا أَيْمَانَ لَهُمْ لَعَلَّهُمْ يَنْتَهُونَ﴾) إِلَّا ثَلَاثَةٌ، وَلَا مِنَ الْمُنَافِقِينَ إِلَّا أَرْبَعَةٌ”. فَقَالَ أَعْرَابِيٌّ: “إِنَّكُمْ أَصْحَابَ مُحَمَّدٍ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ تُخْبِرُونَا فَلَا نَدْرِي، فَمَا بَالُ هَؤُلَاءِ الَّذِينَ يَبْقُرُونَ بُيُوتَنَا وَيَسْرِقُونَ أَعْلَاقَنَا؟” قَالَ: “أُولَئِكَ الْفُسَّاقُ، أَجَلْ لَمْ يَبْقَ مِنْهُمْ إِلَّا أَرْبَعَةٌ، أَحَدُهُمْ شَيْخٌ كَبِيرٌ لَوْ شَرِبَ الْمَاءَ الْبَارِدَ لَمَا وَجَدَ بَرْدَهُ”». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Табиғин Зәйд ибн Уәһб былай деді: «Біз Хузайфаның (р.а.) жанында отырған едік. Ол: “‘Егер олар келісім жасағаннан кейін келісімді бұзса, діндеріңе тіл тигізсе, онда ондай күпірліктің көсемдеріне қарсы соғыс ашыңдар. Өйткені олардың антының пәтуасы жоқ. Бәлкім, сонда олар тыйылар’1 деген аятта сөз болған адамдардан үшеуі ғана тірі қалды. Мұнафықтардан да төртеуі ғана қалды”, – деді. Сонда бір бәдәуи: “Сендер – Мұхаммедтің (с.а.с.) сахабаларысыңдар. Бізге хабар жеткізесіңдер, бірақ оны түсіне алмаймыз. Үйлеріміздің қабырғасын тесіп кіріп, бағалы заттарымызды ұрлайтындар ше?” – деп сұрады. Хузайфа: “Олар – пасықтар. Иә, мұнафықтардан төртеуі ғана қалды. Біреуі әбден қартайған, суық су ішсе де, салқынын сезбейді”, – деді».2 «Ағлақ» – «илқ» сөзінің көпше түрі, мағынасы – бағалы зат.
Түсіндірме
«الْأَعْلَاقُ» جَمْعُ «عِلْقٍ»، وَهُوَ الشَّيْءُ النَّفِيسُ.
Алла елшісінің (с.а.с.) сырын сақтаған Хузайфаның сөзі екі мәселеге назар аудартады.
1. Діни ұғымдардың ара-жігін ажырату керек. Мүмін адам кейбір теріс қылықтары үшін мұнафық атанбайды. Діни мағынасында мұнафық – жүрегімен иман келтірмесе де, өзін жұртқа мүмін етіп көрсететін адам. Мұнафықтық адамның жүрегі мен ішкі ниетіне қатысты болғандықтан, оның кім екенін кесіп айту қиын. Алла елшісі (с.а.с.) мұнафықтардың кім екенін өз сырын сақтайтын Хузайфаға ғана айтқан. Хузайфа ол сырды ешкімге ашпаған.
2. Хузайфаның (р.а.) тұсында мұнафықтардан төрт адам ғана тірі қалған. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға һижрет еткенде, олардың саны мыңдап саналатын. Ұхұд шайқасына бара жатқанда мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Үбәй ибн Сәлулге еріп, жол ортадан қайтып кеткендердің өзі үш жүзден асқан. Алла елшісі (с.а.с.) өздерін мұсылман санатына қосқан бұл адамдарға қатысты айрықша саясат ұстанып, олардың жеке күшке бірігуіне және ірі іріткі салуына жол бермеді. Соның нәтижесінде, риуаятта айтылғандай, сахабалардың көз алдында мұнафықтардың қатары төрт адам қалғанша сиреді. Алла елшісінің (с.а.с.) мұнафықтармен қандай қарым-қатынас ұстанғанын мұсылмандардың білгені жөн. Оның негізгі ұстанымдары мынадай.
1. Еркіндік берді. Оларға мұсылмандармен бірдей мәртебе беріліп, мұсылманға тиесілі құқықтардың бәрін пайдаланды.
2. Кешірімін қабылдады. Жұрттың тынышын алған әрекеттері жиілесе де, кешірім сұраған сайын оларға кешіріммен қарады.
3. Сақтық танытты. Оларға еркіндік берумен қатар, қимылдарын қадағалап, тиісті шаралар қолданды.
4. Психологиялық ықпал жасады. Теріс істерін беттеріне айтып, кешірім сұрауға шақырды. Жазаға тартылмаса да, істеген істерінің салмағын сезінді.
5. Өзара оңаша бас қосуына және топтасып ұйымдасуына жол бермеді.