Хадис

Кутуб ситтә, № 649

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
61. «Тәубе» сүресі
Нөмірі
№ 649 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 19
649
Кутуб ситтә, № 649 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «﴿لَا يَسْتَأْذِنُكَ الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ﴾ الْآيَةَ، نَسَخَتْهَا الَّتِي فِي النُّورِ: ﴿إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ آمَنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ﴾ إِلَى قَوْلِهِ: ﴿غَفُورٌ رَحِيمٌ﴾». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «“Аллаға және ақырет күніне кәміл сенетіндер дүние-мүліктері мен шыбын жанын пида етуге тура келетін Алла жолындағы соғысқа қатыспау үшін сенен әсте рұқсат сұрамайды..”1 деген аяттың үкімін “Нұр” сүресіндегі “Шынайы мүміндер – Аллаға және Оның елшісіне шын жүректен иман келтірген жандар ғана. Олар көпшілікке, қоғамға қатысты маңызды мәселе жайында кеңесу үшін Расулалланың құзырында бас қосқанда, одан рұқсат сұрамайынша, өз бетімен ешқайда да кетпейді. Расында, сенен рұқсат сұрайтындар – Аллаға және Оның елшісіне шынымен иман келтіргендер. Ендеше, олар кейбір шаруалары себепті сенен рұқсат сұрағанда, олардан қалағаныңа рұқсат бер, әрі олар үшін Алладан кешірім тіле. Шүбәсіз, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді”2 деген аят алмастырды».3

Түсіндірме

Бұл аяттардың қайсысы насих, қайсысы мансұх екені тәпсір еңбектерінде талқыланған. Ибн Аббастан (р.анһума) жеткен риуаят бойынша «Нұр» сүресінің 62-аяты «Тәубе» сүресінің 44-аятының үкімін алмастырған. Мұның мәнін ұғу үшін тәпсіршілер талқылауды бастаған «Тәубе» сүресінің 43-аятын да білу қажет. Ол аятта «Алла сені кешірсін! Рас айтқандар өзіңе аян болмай тұрып һәм өтірікші кәззаптарды анықтап, біліп алмай тұрып, жорыққа шықпау үшін алдыңа неше түрлі сылтау айтып келген әлгі екіжүзділерге неге рұқсат бердің?!»4 делінеді. Түсіндірмелерде бұл аят Тәбүк жорығына бармауға сылтау айтқан адамдарға Алла елшісі (с.а.с.) уахи келмей тұрып, өз ижтиһадымен рұқсат бергеннен кейін түскені айтылады. Аятта сөгіс бар. Сөгістің «Алла сені кешірсін» деп басталуы Алла елшісінің (с.а.с.) көңілін орнықтырады. Кейбір тәпсіршілердің айтуынша, жорықтан қалғысы келгендерге рұқсат беруге тыйым салған осы аяттардың үкімін «Нұр» сүресінің 62-аяты алмастырған. Сөйтіп, Алла елшісіне (с.а.с.) қалағанына рұқсат беру құқығы берілген.

Абдурраззақ Әмр ибн Мәймунның мына сөзін жеткізген. Алла елшісі (с.а.с.) осы екі істі уахи келмей тұрып атқарған.

1. Мұнафықтарға жорыққа қатыспауға рұқсат беруі.

2. Бәдір тұтқындарынан құн алуы. Осыдан кейін «Алла сені кешірсін! Рас айтқандар өзіңе аян болмай тұрып һәм өтірікші кәззаптарды анықтап, біліп алмай тұрып, жорыққа шықпау үшін алдыңа неше түрлі сылтау айтып келген әлгі екіжүзділерге неге рұқсат бердің?!»5 деген аят түсті. Ибн Жәрир әт-Табари тәпсірінде «Аллаға және ақырет күніне кәміл сенетіндер дүние-мүліктері мен шыбын жанын пида етуге тура келетін Алла жолындағы соғысқа қатыспау үшін сенен әсте рұқсат сұрамайды»6 деген аят туралы Ибн Аббастың (р.анһума) мына түсіндірмесін келтіреді: «Бұл аят жорықтан қалуға дәлелді себепсіз рұқсат сұраған мұнафықтарға қатысты. Онда мұнафықтардың өтініші әшкереленген, мұнда мүміндер меңзелмеген. Алла тағала мүміндердің орынды себебін мына сөздерімен ескерген: “...кейбір шаруалары себепті сенен рұқсат сұрағанда, олардан қалағаныңа рұқсат бер...”7».

Бәйһақи «Сүнән» еңбегінде Ибн Аббастан (р.анһума) «Аллаға және ақырет күніне кәміл сенетіндер дүние-мүліктері мен шыбын жанын пида етуге тура келетін Алла жолындағы соғысқа қатыспау үшін сенен әсте рұқсат сұрамайды...»8 деген аяттың үкімін «Нұр» сүресіндегі «Шынайы мүміндер – Аллаға және Оның елшісіне шын жүректен иман келтірген жандар ғана. Олар көпшілікке, қоғамға қатысты маңызды мәселе жайында кеңесу үшін Расулалланың құзырында бас қосқанда, одан рұқсат сұрамайынша, өз бетімен ешқайда да кетпейді. ... Шүбәсіз, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді»9 деген аят алмастырғанын жеткізеді.

Ибн Аббастан осы аяттарға қатысты екі түрлі риуаят жеткен. Әт-Табари келтірген риуаят бойынша екі аят екі бөлек жағдайға қатысты. Бәйһақи келтірген риуаят бойынша бірі насих, екіншісі мансұх. Екі аяттың да үкімі күшінде деп санайтындар оларды былай ұштастырады: «Мүміндер Аллаға мойынсұнып, дұшпанмен шайқаста бар күшін жұмсауға дайын тұрғандықтан, жорықтан қалуға рұқсат сұрамайтын. Алайда біреуінің дәлелді себебі болса, рұқсат сұрайтын. Осындайда “...олардан қалағаныңа рұқсат бер...”10 деген аятқа сай, рұқсат беру-бермеу Алла елшісінің (с.а.с.) еркінде еді».

  1. 1«Тәубе» сүресі, 44-аят.
  2. 2«Нұр» сүресі, 62-аят.
  3. 3Әбу Дәуіт, «Жиһад», 171 (№ 2771).
  4. 4«Тәубе» сүресі, 43-аят.
  5. 5«Тәубе» сүресі, 43-аят.
  6. 6«Тәубе» сүресі, 44-аят.
  7. 7«Нұр» сүресі, 62-аят.
  8. 8«Тәубе» сүресі, 44-аят.
  9. 9«Нұр» сүресі, 62-аят.
  10. 10«Нұр» сүресі, 62-аят.