Хадис

Кутуб ситтә, № 652

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
61. «Тәубе» сүресі
Нөмірі
№ 652 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 22
652
Кутуб ситтә, № 652 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ فِي أَهْلِ قُبَاءَ: ﴿فِيهِ رِجَالٌ يُحِبُّونَ أَنْ يَتَطَهَّرُوا وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُطَّهِّرِينَ﴾». قَالَ: «كَانُوا يَسْتَنْجُونَ بِالْمَاءِ، فَنَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ فِيهِمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Мына аят Құба тұрғындары туралы түсті: “Ол мешітте әсте намаз оқушы болма. Әу бастан-ақ тақуалыққа негізделіп салынған мешіт – сен үшін намаз оқуға ең лайықты орын. Ол мешітте жан-тәнімен күнә һәм арсыздық атаулыдан арылуды, тазаруды қалайтын нағыз ерлер бар. Алла күнә мен арсыздық атаулыдан арылып, тазаруға тырысатын жандарды жақсы көреді.”».1 Олар дәрет сындырғаннан кейін сумен тазаланатын. Аят солар жайында түскен.2

Түсіндірме

Құба – Алла елшісінің (с.а.с.) заманында Мәдина маңындағы ауылдың аты. Қазір ол қалаға қосылып, бір ауданына айналған. Қатада жеткізген риуаят бойынша, бұл аят түскенде Алла елшісі (с.а.с.): «Алла сендерді тазалықтарың үшін мақтап отыр. Мұндай ілтипатқа қалай ие болдыңдар?» – деп сұраған. Олар: «Үлкен де, кіші де дәреттен кейін сумен тазаланамыз», – деп жауап берген. Ғалымдар бұл аятта Алла тазалықты сүйетіндерді мақтағанын айтқан. Тазалық – адамға тән ізгі қасиет әрі шариғат жүктеген міндет.

Алла елшісі (с.а.с.) үлкен дәретке шыққанда өзімен бірге су алып жүретін. Әуелі таспен тазаланып, содан соң сумен жуатын. Шариғат дәрет шыққан жерді міндетті түрде жууды талап етпейді. Киім мен денеге тиген нәжісті кетіруді міндеттейді. Жууға су табыла бермейтіндіктен, бұл – мұсылмандарға берілген жеңілдік. Нәжісті тас, мақта не шүберекпен кетіру міндетті өтеуге жеткілікті. Сумен жууға ерекше мән берілген әрі аятта сумен тазаланғандар мақталған. Ең абзалы – Алла елшісінің (с.а.с.) істегеніндей, әуелі сүртіп, содан соң жуу. Бірден сумен жуу да жеткілікті. Бұрынғы ғалымдар жазу жазуға арналған қағазды тазалыққа пайдалануға рұқсат етпеген. Ал осы мақсатқа арнайы жасалған, жазуға жарамайтын дәретхана қағазын қолдануға болады.

  1. 1«Тәубе» сүресі, 108-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Тәубе» (№ 3100, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3099). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 23 (№ 44). Ибн Мәжа, «Таһарат» (№ 357).