وَعَنْ مُحَمَّدٍ بْنِ الْحَنَفِيَّةِ قَالَ: «قُلْتُ لِأَبِي رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: يَا أَبَتِ، أَيُّ النَّاسِ خَيْرٌ بَعْدَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالَ: أَبُو بَكْرٍ. قُلْتُ: ثُمَّ مَنْ؟ قَالَ: عُمَرُ، وَخَشِيتُ أَنْ أَقُولَ ثُمَّ مَنْ؟ فَيَقُولَ: عُثْمَانُ. فَقُلْتُ: ثُمَّ أَنْتَ. قَالَ: مَا أَنَا إِلَّا رَجُلٌ مِنَ الْمُسْلِمِينَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.
Мұхаммед ибн әл-Ханафия әкесімен болған әңгімені былай жеткізген:
– Әкешім, Алла Елшісінен (с.а.с.) кейін адамдардың ең қайырлысы кім? – деп сұрадым.
– Әбу Бәкір, – деді.
– Одан кейін кім?
– Омар.
«Одан кейін кім?» деп сұрасам, әкем «Осман» деп қоя ма деп қорқып, өзім сөзге араластым.
– Одан кейін сен ғой, – дедім.
– Мен мұсылмандардың бірімін, – деп жауап берді әкем1.
Түсіндірме
1. Мұхаммед ибн әл-Ханафия – Әлидің (р.а.) ұлы. Әл-Ханафия деп аталған анасының есімі – Хаула бинт Жағфар.
2. Мұхаммед әкесінен адамдардың ең абзалын білгісі келеді. Әли ретімен Әбу Бәкір мен Омарды атайды. Үшінші кезекте әкесі тұр деп ойлаған ұлы оның кішіпейілділікпен Османды айтып қоятынын сезіп, өзі асығыс жауап береді. Әлидің «Мен мұсылмандардың бірімін» деуі оның кішіпейілділігін танытады. Бұл әңгіме кезінде Осман шейіт болған, ал Әли көзі тірі сахабалардың ең абзалы еді. Кейбір риуаяттарда әңгіме һижраның 38-жылы болған Нәһрауан шайқасынан кейін айтылғаны көрсетіледі.
Ибн Асакир жеткізген бір нұсқада Әли: «Үшіншісі – Осман», – деген.
Әһлі сүннет бұл сахабалардың артықшылық ретін халифалық ретімен сабақтастыра қараған. Осы мәселеде ижмағ болғанын айтқандар да бар. Дегенмен Осман мен Әлидің реті туралы ғалымдар әртүрлі пікір ұстанған. Көпшілік Османды ілгері қойған.
- 1Бұхари, «Сахабалардың артықшылықтары», №3671. Әбу Дәуіт, «Сүннет», №4629.