عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «أَوَّلُ مَوْلُودٍ وُلِدَ فِي الْإِسْلَامِ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَأَتَوْا بِهِ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَخَذَ تَمْرَةً فَلَاكَهَا. ثُمَّ أَدْخَلَهَا فِيهِ. فَأَوَّلُ مَا دَخَلَ بَطْنَهُ رِيقُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Ислам дәуірінде дүниеге келген алғашқы сәби – Абдулла ибн Зубәйр (р.а.). Оны Пайғамбарға (с.а.с.) алып келді. Алла Елшісі бір құрманы шайнап, сәбидің аузына салды. Абдулланың қарнына алғаш түскен нәрсе Алла Елшісінің (с.а.с.) сілекейі болды»1.
Түсіндірме
Мұндағы «алғашқы сәби» деген сөз Абдулла ибн Зубәйрдің һижреттен кейін Мәдинада мұһажирлер арасында алғаш туғанын білдіреді. Хабашстанда Абдулла ибн Жағфар одан бұрын дүниеге келген. Мәдинада ансарлардан туған алғашқы сәби Мәслама ибн Мухаллад деген риуаят бар. Нұғман ибн Бәширдің есімі де аталады.
Хадиске жасалған түсіндірмеде Абдулла ибн Зубәйрдің һижреттің бірінші жылы дүниеге келгені айтылады. Уақиди оның һижреттен жиырма ай өткенде, екінші жылы туғанын жазған. Көбірек қабылданғаны – алғашқы пікір.
Абдулланың дүниеге келуі мұһажирлерге үлкен қуаныш әкелді. Сол кезде Мәдинада «мұһажирлерге сиқыр жасалды, бұдан былай олардың балалары болмайды» деген сөз тараған еді. Меккедегі дүние-мүлкін тастап келген мұһажирлерге жаңа жердің тұрмысы мен ылғалды ауасына бейімделу де оңай болған жоқ. Осындай шақта сәбидің дүниеге келуі жұртты әлгі сөздің негізсіз екеніне сендіріп, көңілін орнықтырды.
- 1Бұхари, «Ансарлардың артықшылықтары», №3909. Мүслим, «Әдеп», №2146.