وَعَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا كَلِمَةً طَيِّبَةً كَشَجَرَةٍ طَيِّبَةٍ﴾: «هِيَ النَّخْلَةُ». وَقَالَ فِي الشَّجَرَةِ الْخَبِيثَةِ: «هِيَ الْحَنْظَلُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Жақсы сөзді Алланың қандай мысалмен түсіндіргенін көрдің бе? Жақсы сөз бейне бір тамыры жерге терең тартқан, бұтақтары көкке жеткен мәуелі ағаш сияқты. Ол ағаш Раббысының рұқсатымен үнемі жеміс береді. Алла тағала адамдар ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтіреді”1 деген аяттағы ағаш жайында: “Ол – құрма ағашы”, – деді. “Ал жаман сөз бейне бір жерден түп-тамырымен қопарылған, тамыр тартып өз діңінде тұра алмаған жаман ағаш іспетті”2 деген аяттағы жаман ағаш жайында: “Ол – ханзал”, – деді».3
Түсіндірме
Ханзал «Әбу Жәһил қарбызы» деген атпен де белгілі.
Ғалымдар аяттағы «жақсы сөзді» кәлима шаһадат, таухид сөзі, иман деп түсіндірген. Ал «жаман сөзді» Алланы танымау деп жорамалдаған. Жақсылыққа меңзейтін, ізгілікке жетелейтін әрбір сөзді көркем сөзге, ал күпірлікке, ғайбат пен бос сөзге бастайтын сөздерді жаман сөзге жатқызған. Бір жорамал бойынша, аяттағы көркем ағаш иманды бейнелейді. Оның берік тамыры – ықылас, көкке бой созған бұтақтары – Алладан қорқу сезімі. Жүрегіне иман шынайы орныққан адам оның қасиетін бойына сіңіріп, ең көркем бояу – Алланың бояуына боялады. Ол Алланы таниды, тілі соған куәлік етеді, іс-әрекеті оны бекіте түседі.
Бұл ақиқат адамның Алла разы болмайтын істен бойын аулақ ұстауына жол ашып, ар-ожданы мен тілін бір арнаға тоғыстырады. Ол бар болмысымен Алла жолында өмір сүруге ұмтылады. Ағаштың тамыры, діңі, бұтақтары мен жемісі болатыны секілді, иман мен исламның да тамыры, діңі, бұтағы мен жемісі бар. Тамыры – білім, мағрифат пен яқин, діңі – ықылас, бұтақтары – игі амалдар, жемісі – сол амалдардан туатын жақсы істер, ұнамды қасиеттер мен көркем мінез. Ағаш ұзақ жасауы үшін оны суарып, күту қажет. Күтімсіз ағаш қурап, ақырында шіріп кетуі мүмкін. Жүректегі иман ағашы да солай. Иесі оны пайдалы біліммен, салиқалы амалмен, тәзәккүр мен тәфәккүр арқылы ұдайы күтіп-баптамаса, ол да қурап, шіри бастайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Киімнің тозғанындай, кеуделеріңдегі иман да тозады. Ендеше, Алладан жүректеріңдегі иманды жаңартуын сұраңдар», – деген. Алланың бұйрықтарын орындау, салиқалы амалдарды үзбей жасау және көп зікір ету иманды күшейтеді.
Жаман ағаш Алланы танымауды бейнелейді. Бұл – небір кесапат пен қауіп-қатердің көзі, бақытсыздықтың бастауы. Аятта жаман ағаштың үш сипаты аталған.
1. Хабис, яғни лас әрі жаман. Бұл сипат оның иісінен, дәмінен, түрінен немесе айналасына тигізетін зиянынан байқалуы мүмкін.
2. Діңі түбімен қопарылған. Жақсы ағаштың тамыры берік болса, жаман ағаш жерде қопарылып жатады. Оның топыраққа жайылған тамыры да, ұстап тұрар талшықтары да қалмаған. Аллаға серік қосудың да негізі мен дәлелі, сүйеніш-тірегі жоқ.
3. Орнықсыз. Бұл сипат алдыңғысын толықтырады. Мұндай ағаш жерге бекіп, тамыр жая алмайды.
Күпірлік, өтірік, ғайбат, өсек пен жала да жаман сөзге жатады. Бұлардың сүйенетін негізі де, дәлелі де жоқ, ар-ожданы таза жан оларды құптамайды.