Хадис

Кутуб ситтә, № 670

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
66. «Ибраһим» сүресі
Нөмірі
№ 670 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
670
Кутуб ситтә, № 670 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿يَوْمَ تُبَدَّلُ الْأَرْضُ غَيْرَ الْأَرْضِ وَالسَّمَاوَاتُ﴾. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَيْنَ يَكُونُ النَّاسُ يَوْمَئِذٍ؟ قَالَ: عَلَى الصِّرَاطِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) “Ендеше, Алла пайғамбарларына берген уәдесінен таяды деп ойлама! Алла ұлы, бәрінен үстем, өш алуға құдіретті. Күндердің күнінде жер басқа жерге, көк те басқа көкке айналады һәм күллі адамзат атаулы Қаһһар Алланың алдына барады” деген аяттар жайында: “Уа, Алланың елшісі, ол күні адамдар қайда болады?” – деп сұрадым. Ол: “Сыраттың үстінде болады”, – деді».1

Түсіндірме

Құран Кәрім ғибадатты, қоғамдық қатынас пен адамгершілік әдебін үйретумен бірге, адамды алаңдататын болашақ жайындағы сұрақтарға да жауап береді. Құранда ақырет әлемі таныстырылып, оның кейбір жайттары егжей-тегжейлі баяндалады.

Жоғарыда үзіндісі келтірілген аят ақыретке қатысты адамды толғандыратын бір мәселені баяндайды. «Ақырет әлемі осы жердің үстіне құрыла ма? Құрылса, жер жүзі тарлық етпей ме? Құрылмаса, бұл дүние не болады? Аспан қандай күйге түседі?» деген сұрақтар тууы мүмкін. Аят аспан мен жердің өзгеретінін, қазіргі жердің орнына басқа жер, аспанның орнына басқа аспан жаратылатынын білдіреді. Бұл жөнінде айтылған кей риуаяттарда күмістей аппақ, бетінде нақақ қан төгілмеген, күнә жасалмаған жер жаратылатыны баяндалады.

Мүслим жеткізген бір риуаятта жердің нанға айналатыны баяндалады: «Қиямет күні жер бір күлше нанға айналады. Жолаушының нанды қолымен аударғанындай, Жаббар Алла оны жаннат иелеріне қонақасы болсын деп құдірет қолымен аударады». Осындай риуаяттарды өзге хадистермен сабақтастыра қараған кейбір ғалымдар жердің екі рет өзгеретінін айтқан. Бір түсіндірмеге сай, жер алғаш өзгергенде, бетіне нақақ қан төгілмеген, күмістей аппақ, теп-тегіс болып қалады. Бұл Сыраттан өтпей тұрып болады. Екінші өзгеріс Сыраттан соң болады: жер күлше нанға айналады. Сол сәтте бүкіл мақлұқат Сыраттың үстінде болады. Екінші өзгеріс жаннатқа баратын мүміндерге ғана қатысты.

Арғы дүниенің ақиқаттары туралы жеткен ғайып хабарларын қабыл еткен жөн. Сол ақиқаттардың сипаты бұл дүниедегідей болады деп кесіп айтып, оны дәлелдеуге тырысудың қажеті жоқ. Құранның тәржіманы атанған Ибн Аббас (р.а.) ақыретте дүниедегі нәрселермен атаулары ғана ұқсас болғанымен, мәні мүлде бөлек болатынын айтқан.

  1. 1«Ибраһим» сүресі, 47–48-аяттар. Мүслим, «Мұнафықтар», № 2791. Тирмизи, «Тәпсір», «Ибраһим», № 3121 (басқа басылымда № 3120).