وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: خَيْرُ نِسَائِهَا مَرْيَمُ بِنْتُ عُمْرَانَ، وَخَيْرُ نِسَائِهَا خَدِيجَةُ بِنْتُ خُوَيْلِدٍ، وَأَشَارَ الرَّاوِي إِلَى السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ رَزِينُ فِي رِوَايَةٍ: «قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَمُلَ مِنَ الرِّجَالِ كَثِيرٌ وَلَمْ يَكْمُلْ مِنَ النِّسَاءِ إِلَّا مَرْيَمُ ابْنَةُ عِمْرَانَ، وَآسِيَةُ امْرَأَةُ فِرْعَوْنَ، وَخَدِيجَةُ بِنْتُ خُوَيْلِدٍ، وَفَاطِمَةُ بِنْتُ مُحَمَّدٍ، وَفَضْلُ عَائِشَةَ عَلَى النِّسَاءِ كَفَضْلِ الثَّرِيدِ عَلَى سَائِرِ الطَّعَامِ». قُلْتُ: وَمَا زَادَهُ رَزِينُ أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ بِدُونِ ذِكْرِ خَدِيجَةَ وَفَاطِمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا. وَاللَّهُ أَعْلَمُ.
Әли (р.а.) былай деген: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Әйелдердің ең ізгісі – Имранның қызы Мәриям, әйелдердің ең ізгісі – Хуәйлидтің қызы Хадиша”, – деді». Рауи осыны айтқанда көк пен жерге ишара жасаған.1
Разин келтірген қосымшада Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ерлерден кемелдікке жеткендер көп. Әйелдерден Имранның қызы Мәриям, Перғауынның әйелі Әсия, Хуәйлидтің қызы Хадиша және Мұхаммедтің қызы Фатима кемелдікке жеткен. Айшаның әйелдерден артықшылығы тәридтің өзге тағамдардан артықшылығындай». Бұхари Әбу Мұсадан жеткізген нұсқада Хадиша мен Фатиманың есімдері аталмайды2.
Түсіндірме
1. Хадистегі «نِسَائِهَا» сөзінің соңындағы есімдіктің неге қатысты екені жөнінде пікірлер әртүрлі. Көк пен жерге жасалған ишараға сүйенгендер Мәриямды рухы көкке көтерілген әйелдердің, ал Хадишаны жер бетінде сол кезде өмір сүрген әйелдердің ең ізгісі деп түсіндірген. Бұхари нұсқасында бұл ишара айтылмайды. Кейбір ғалымдар есімдікті әрқайсысының заманына қатысты түсініп, Мәриям мен Хадишаны өз дәуірлерінің ең ізгі әйелдері деп санаған.
2. Разин нұсқасында төрт әйел аталады. Бұхари мен Мүслімде кемелдікке жеткен әйелдер ретінде Мәриям мен Әсия ғана аталған. Кей ғалымдар кемелдікті пайғамбарлық деп түсіндіріп, әйелдерден де пайғамбар шыққан деген пікір айтқан. Басқалары мұны өз қатарында ізгіліктің биігіне жету деп ұққан. Олардың уәжінше, бұл әйелдерге жұртқа жеткізуге міндеттелген пайғамбарлық хабар берілгені аяттар мен хадистерде ашық айтылмайды.
Әзірет Хадишаның артықшылығы
Бұл хадистерді түсіндірген ғалымдар бірнеше мәселеге тоқталған.
1. Хадиша, Фатима және Айшаның (р.а.) артықшылықтары қалай түсіндіріледі?
2. Әйелдерден пайғамбар шыққан ба?
3. Шыққан болса, қай әйелдер пайғамбар болған?
Бәззар Аммар ибн Ясирден жеткізген бір риуаятта Хадишаның өз үмбетіндегі әйелдерден артықшылығы Мәриямның өзге әйелдерден артықшылығына теңелген. Кей ғалымдар осы хабарға сүйеніп, Хадишаның дәрежесін Айшадан жоғары қойған. Ибн әт-Тин риуаятта кәмелетке толған әйелдер меңзелсе, Хадиша дүние салғанда бала болған Айша бұл салыстыруға кірмеуі мүмкін деген.
Ибн Хажар бұл жорамалды әлсіз санаған. Оның уәжінше, «әйелдер» сөзі жасына қарамай бәрін қамтиды. Ол Нәсәи мен өзге жинақтарда Ибн Аббастан жеткен «Жәннат әйелдерінің ең абзалдары – Хадиша, Фатима, Мәриям және Әсия» деген риуаятты да келтірген.
Құртуби Мәриямнан өзге аталған әйелдердің пайғамбарлығына нақты дәлел келтірілмегенін айтады. Ол Мәриямды, одан кейін Фатиманы, Хадиша мен Әсияны атаған нұсқаға сүйенген. Түсіндірушілер бұл риуаяттардың берілу жолдары мен қайсысын қандай мағынада қабылдауға болатыны жөнінде түрлі пікір айтқан.
Қади Ияд ғалымдардың басым бөлігі әйелден пайғамбар шыққан деген пікірге қосылмағанын жеткізген. Нәуәуи «Әл-Әзкарда» осы ұстанымды келтіреді. Хасан әл-Басридің пікірінше, әйелдерден де, жындардан да пайғамбар шықпаған.
Әс-Субқи бұл мәселені біржақты шешетін анық дерек көрмегенін айтқан. Сүһайли «Әр-Рауд әл-унуф» еңбегінде фақиһтардың көпшілігінің пікірін жеткізген.