عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: النَّاسُ تَبَعٌ لِقُرَيْشٍ فِي الْخَيْرِ وَالشَّرِّ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Әзірет Жабир (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Адамдар жақсылықта да, жамандықта да Құрайышқа ілеседі”, – деді».1
Түсіндірме
وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «النَّاسُ تَبَعٌ لِقُرَيْشٍ فِي هَذَا الشَّأْنِ، مُسْلِمُهُمْ لِمُسْلِمِهِمْ، وَكَافِرُهُمْ لِكَافِرِهِمْ».
1. Мүслим Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген нұсқада былай делінген: «Адамдар басшылық ісінде Құрайышқа ілеседі. Мұсылмандар олардың мұсылмандарына, кәпірлер олардың кәпірлеріне ілеседі».2
Хадис түсіндірмешілері Расулалланың бұл сөздерінде Құрайыштың исламға дейінгі және исламнан кейінгі орны баяндалғанын айтады. Жаһилият дәуірінде арабтар Құрайыштың Қағбаға қызмет етуі, Меккенің орталық болуы сияқты себептермен осы тайпаға ілесетін. Ислам келгеннен кейін де бұл жағдай өзгермеді. Расулалла (с.а.с.), әзірет Әбу Бәкір, әзірет Омар, әзірет Осман, әзірет Әли, әзірет Муауия және басқалар Құрайыштан шыққан. Исламға шақыру басталғанда шет аймақтардағы ру-тайпалар оған бірден үн қатпай, Құрайыштың ұстанымын күтті. Мекке азат етіліп, Құрайыш исламды қабылдаған соң арабтар, Құранда айтылғандай, лек-легімен келіп, исламға кірді. Хадистегі «жамандық» жаһилият дәуірін, ал «жақсылық» ислам дәуірін білдіреді. Құрайыштың исламға дейін де, кейін де басшылықта қалуы Расулалланың сөзін іс жүзінде растады.
Нәуәуи былай дейді: «Бұл хадис халифалықтың Құрайышқа тиесілі екенін дәлелдейді. Оны Құрайыштан басқаға беру жаиз емес. Сахабалар мен олардан кейінгі буын осы мәселеде ижмағқа, яғни бірауызды келісімге келген. Харижиттер секілді кейбір бидғат иелері қарсы шыққанымен, олардың уәжі ижмағ алдында өтпеді. Расулалла басқа бір хадисте жер бетінде екі адам қалса да, халифалықтың Құрайышта болатынын айтқан. Бұл хадис халифалықтың қияметке дейін Құрайышта қалуға тиіс екенін көрсетеді. Осы айтылған жайт біздің заманымызға дейін жүзеге асып келді. Құрайыштан шықпаған кейбіреулер жекелеген аймақтарды күшпен иемденіп, қарамағындағы халыққа өктемдік жүргізгенімен, халифалықтың Құрайышқа тиесілі екенін мойындаған. Хадисте өз бетінше билік жүргізу емес, халифа атағы меңзелген». Қади Ияз: «Халифаның Құрайыштан шығуын шарт ету – барша ғұламаның ұстанымы», – деген. Ибн Хажар Құрайыштан шығу халифалыққа лайықтылықтың бір ғана шарты екенін, сондықтан әділдікпен билік жүргізбейтін, тақуалығы жоқ құрайыштықтың халифалыққа лайық болмайтынын айтқан.