وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنِّي أَعْرِفُ أَصْوَاتَ رُفْقَةِ الْأَشْعَرِيِّينَ بِالْقُرْآنِ حِينَ يَدْخُلُونَ بِاللَّيْلِ، وَأَعْرِفُ مَنَازِلَهُمْ مِنْ أَصْوَاتِهِمْ بِاللَّيْلِ بِالْقُرْآنِ، وَإِنْ كُنْتُ لَمْ أَرَ مَنَازِلَهُمْ حِينَ نَزَلُوا بِالنَّهَارِ، وَمِنْهُمْ حَكِيمٌ، إِذَا لَقِيَ الْخَيْلَ – أَوْ قَالَ: الْعَدُوَّ – قَالَ لَهُمْ: إِنَّ أَصْحَابِي يَأْمُرُونَكُمْ أَنْ تَنْظُرُوهُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Мұса (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Ашғари қауымы түнде үйлеріне кіргенде, Құран оқыған дауыстарын танимын. Күндіз қонған жерлерін көрмесем де, түнде Құран оқыған дауыстарынан олардың қайда тұрғанын білемін. Араларында Хаким бар. Аттыларға (немесе жауға) кездескенде ол: ‘Жолдастарым өздерін күте тұруларыңды бұйырды’, – деген”, – деді».1
Түсіндірме
1. Риуаяттан ашғарилердің түнде мешітке не бір шаруамен шығып, үйлеріне қайтқанда Құранды дауыстап оқығаны аңғарылады. Расулалланың (с.а.с.) мұны мақұлдай айтуы оған рұқсат берілгенін білдіреді. Ибн Хажар риядан сақтанып, ешкімге кедергі келтірмеген жағдайда мұны құптарлық іс деп санаған.
2. «Хаким» ашғарилердің бірінің аты деген де, әлдебір адамның сипаты деген де пікір бар. Егер ол жауға кезіккен болса, батылдығынан тайсалмай, жалғыз өзі олардың мысын басу үшін: «Сарбаздарымыз келе жатыр, күте тұрыңдар, сонда кімнің кім екенін көресіңдер», – деген мағынада сөйлеген. Бұл түсінік риуаятшы күмәнданған екі нұсқаның екіншісіне сай келеді. Ал аттыларға кезіккен болса, оның сөзі: «Уа, аттылар, күте тұрыңдар, артта қалған жаяу әскер де келсін. Жауға бірге қарсы шығыңдар!» – деген мағынада. Бұл жағдайда аттылар мұсылман болған. Ибн Хажар соңғы түсіндірмені дұрысырақ деп санаған. Ибн әт-Тин: «Хакимнің сөзі оның жолдастары Алла жолында күресуді жақсы көретінін, сол жолда бастарына түскен қиындыққа мойымайтынын білдіреді», – деген.
- 1Бұхари, Мағази 38; Хумус 15, Манақибул-Ансар 37; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 166 (2499).