وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَا أَزَالُ أُحِبُّ بَنِي تَمِيمٍ بَعْدَ ثَلَاثٍ سَمِعْتُهَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَقُولُهَا فِيهِمْ، سَمِعْتُهُ يَقُولُ: هُمُ أَشَدُّ أُمَّتِي عَلَى الدَّجَّالِ. وَجَاءَتْ صَدَقَاتُهُمْ، فَقَالَ ﷺ: هَذِهِ صَدَقَاتُ قَوْمِنَا، وَكَانَتْ سَبِيَّةٌ مِنْهُمْ عِنْدَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. فَقَالَ ﷺ: اعْتَقِيهَا فَإِنَّهَا مِنْ وَلَدِ إِسْمَاعِيلَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалланың (с.а.с.) Бәни Тәмим туралы айтқан үш сөзін естігелі бері оларды жақсы көремін. Ол: “Олар – үмбетімнің Дажжалға ең қатты қарсы тұратындары”, – деді. Олардың зекеті келгенде: “Бұл – біздің қауымның зекеті”, – деді. Айшаның (р.а.) қасында солардан тұтқынға түскен бір әйел бар еді. Расулалла оған: “Оны азат ет. Өйткені ол – Исмайылдың ұрпағы”, – деді».1
Түсіндірме
Риуаятта арабтардың ірі тайпаларының бірі Бәни Тәмим үш қасиеті үшін мақталған. Оларды Алла елшісі (с.а.с.) мақтағанын естіген Әбу Һурайра (р.а.) тәмимдіктерді жақсы көре бастаған. Ахмад ибн Ханбал келтірген нұсқада: «Бұрын Тәмимді жек көргенімдей ешбір тайпаны жек көрмейтін едім. Кейін оларға деген өшпенділігім сейіліп, жақсы көріп кеттім», – деген қосымша бар. Бұл өшпенділікті жаһилият дәуірінен қалған араздықпен түсіндіреді. Осы риуаят Расулалланың (с.а.с.) бір ауыз сөзбен ескі өшпенділікті сейілтіп, адамдардың көңілін қалай өзгерткеніне мысал болады. Үш қасиеттің біріншісі – Дажжалға табандылықпен қарсы тұруы. Басқа риуаятта: «Олар – ұрыста ең жүрек жұтқан адамдар», – делінген. Екі риуаятты салыстырған ғалымдар: «Олар Дажжалға қарсы шайқаста ең табанды болады», – деп түсіндірген. Екінші қасиеті – олардың зекеті келгенде Расулалланың тегін солармен байланыстырып, «қауымымыз» деуі. Түсіндірмешілер Ілияс ибн Мудар Бәни Тәмим мен Құрайышқа ортақ ата екенін айтқан. Расулалла Бәни Тәмимнің бір тармағы Бәни Сағдтың зекеті келгенде де: «Міне, қауымымның зекеті», – деген. Үшінші қасиеті – тәмимдіктердің Исмайылдан тарауы. Бұл жайында әртүрлі риуаят бар. Түсіндірмешілер соларға сүйеніп, Исмайыл ұрпағынан тұтқынға түскен адамды азат ету абзал деген үкім шығарған.
- 1Бұхари, Итқ 13, Мағази 67; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 198 (2525).